24.07.2024, 15:00
Оқылды: 182

БҚО полиция департаменті облыс тұрғындарынa алаяқтардан сақ болуды ескертті

Батыс Қазақстан облысы полиция департаменті облыс тұрғындарына алаяқтардан сақ болуды ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

ПД ЖП Гүлмира

Алаяқтық фактілері азаймай тұр. 2024 жылдың 6 айында Орал қаласында 374 алаяқтық дерегі тіркелген. Оның тек 200-ге жуығы ашылды. Интернет арқылы жасалатын 197 факті қылмыстар қатарын толықтырды.

Полиция қызметкерлері тарапынан алаяқтық қылмыстарының алдын алу және болдырмау бағытында бірқатар жұмыстар атқаралып жатыр.

Соның ішінде @cyberpolice_zko аккаунтына тіркелген адам саны – 23 298; eGov сайты бойынша бұғатталғандар саны – 46 648-ға жетті; БАҚ-қа алаяқтықтан сақтанудың жолдарын түсіндіру бойынша 17 466 материал жарияланды. Сондай-ақ полиция қызметкерлері алаяқтардың құрығына түсіп қалмаудың алдын алу, соның ішінде зейнет жасындағы егде адамдарға және басқа да 114 589-ға жуық адамның үй-жайларына, мұғалімдер мен дәрігерлердің жұмыс орындарына да барып түсіндірді. Алайда түсіндіру бойынша атқарылып жатқан жүйелі жұмыстарға қарамастан, облыс көлемінде өзгенің меншігін алаяқтық жолмен иелену арқылы адамдардың құқығына қол сұғу деректері әлі де орын алуда.

Мәселен Орал қалалық ПБ Абай АПБ қызметкерлері облыс орталығының 39 және 41 жастағы қала тұрғындарын алдау және сенімді теріс пайдалану жолымен «көлік алып беремін» деп, бірінен 2 млн 700 мың, екіншісінен 2 млн 600 мың теңге ақшасын иемденіп алған 29 жастағы қала тұрғынын анықтап, қолға түсірді.

Сонымен қатар жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында оралдықтарды алдады деген күдікпен 41 жастағы қала тұрғыны анықталды.

Алдын ала тергеу барысында ер адам Krisha.kz сайтына нарық құнынан төмен бағада пәтерді жалға беру туралы хабарландырулар жариялағаны белгілі болды. Ол шұғыл ақша қажет деп және пәтер жалдауға ниет білдіргендердің көптігін сылтауратып, жәбірленушілерден 20 мың теңгеден 150 мың теңгеге дейінгі алдын ала төлемді аударуды сұрағаны белгілі болды. Тіпті республиканың басқа қалаларынан да ақша аударғандар аз болмады.

Бүгінге дейін бұл алаяқтың қармағына түскен 5 азамат полицияға жүгінген.

Қазіргі уақытта аталған фактілер ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабының 3-бөлігіне сәйкес (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Ал осы жылдың маусым айында 39 жастағы қала тұрғыны мен оның досын танысы Атырау қаласына үлкен компанияға жұмысқа орнастырмақшы болады. Арам ойға берілген ол жұмысқа кіргізу үшін, біресе медициналық анықтама жасату үшін немесе сақтандыруға енгіземін деп біртіндеп әрқайсысынан ақша сұрай отырып, бірінен 500 мың, екіншісінен 300 мың теңге ақшасын иемденеді.

Аталған дерек бойынша Орал қалалвқ ПБ Шаған АПБ қызметкерлері жүргізген іс-шаралар нәтижесінде бұрын да сотты болған 37 жастағы қала тұрғыны анықталып, ұсталды. ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

Аталған деректер бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тағы да зардап шеккендер анықталады.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале