1.09.2023, 9:15
Оқылды: 37

БҚО: «сақалды» құрылыстар – қатаң бақылауда

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов айтып берді.

3F734E09-3CB8-40B7-8B9B-EFE09132FE3E

Бақытжан Хаберұлының мәліметінше, қазіргі таңда 10 мектептің құрылысы мен күрделі жөндеу жұмыстары ұзақ мерзімге созылуда. Басты себеп – мердігерлердің жұмысты ұйымдастыра алмауы, міндеттемелеріне деген жауапсыздығы. Жарты жылда аяқталуы тиіс күрделі жөндеу жұмыстары 1,5 жылға, кейбір білім ошақтарының құрылысы 4 жылға созылып кеткен. Соған байланысты биыл аталған мәселені шешу үшін облыс әкімі Нариман Төреғалиев құзырлы мемлекеттік құрылымдармен жұмыс тобын құрып, сағызша созылып кеткен құрылыс жұмыстарын тікелей өз бақылауына алды.

Ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығында Казталов ауданындағы мектептердің мәселесін шешу жос­парланды. 2020 жылы құрылысы басталған Казталов ауданының Жұлдыз ауылындағы 108 орынға арналған мектептің бұрынғы мердігері соттың шешімімен жосықсыз деп танылған. Құрылысты аяқтау үшін қайтадан конкурс өткізіліп, жаңа мердігер анықталып, мектеп салтанатты түрде 23 тамызда ашылды. Казталов ауылында 600 орынға арналған мектептің құрылысы 2020 жылы басталған. Құрылыс жұмыстары пандемия кезеңіне тап келді, соған байланысты мердігер компания жұмыс күштерін ұйымдастыру мен қаржылық қиындықтар туындағанын ескерткен. Қазіргі таңда облыстық құрылыс басқармасы мен аудан әкімдігінің басшылығы әлеуметтік нысанның басы-қасында жүр. Мектепті пайдалануға беру биыл 1 қарашаға жоспарланған.

2022 жылы су тасқынынан зардап шеккен Қаратөбе ауданының Шалғын ауылында 60 орындық мектеп құрылысы басталды. Биыл міндеттемесін орындай алмаған мердігермен келісімшарт бұзылды. Конкурс жарияланып, жаңа мердігер анықталды. Білім ошағы жыл соңына дейін тапсырысқа беріледі деп күтілуде. 2020 жылы Орал қаласындағы 400 орынға арналған №31 мектептің  құрылысы бойынша жеке инвестормен жұмыстар  басталды. Жобаға түзетулер енгізу, жер учаскесінің сәйкессіздігі секілді түрлі себептермен мектеп құрылысының мерзімі 3 жыл бойы созылып келеді. Облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің тікелей араласуымен аталған мектептің жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Бүгінде нысан құрылысын бастау мақсатында республикалық білім беру инфрақұрылымын қолдау қорының есебінен жобаны қаржыландыруға бюджеттік өтінім жолданып, шешімі күтілуде.

– Бөкей ордасы ауданының Хан ордасы ауылындағы Жәңгір хан атындағы мектепті күрделі жөндеуге 2022 жылы қаражат бөлінді. Мемлекеттік сатып алу іс-шаралары өткізіліп, мердігер анықталды. Алайда жыл соңына дейін жөндеу жұмысы аяқталмады.   Тапсырыс беруші мердігерді мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы талап-арызды екі мәрте сотқа жолдады. Дегенмен бітімгерлік келісім аясында мердігер жұмысын жалғастыруда. Мектеп құрылысы жер­гілікті атқарушы құрылымның бақылауына алынды. Биыл жаңа оқу жылының қарсаңында мектеп ашылады. Казталов мектеп-лицейінің ғимаратын күрделі жөндеуге 2022 жылы қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілді. Алайда мердігер құрылыс жұмыстарына жауапсыздық танытқан соң, оны жосықсыз қатысушы деп тану туралы сотқа талап-арыз берілді. Алдын ала әңгімелесу барысында сот мектеп құрылысын аяқтау бойынша бітімгершілік келісімге келуді ұсынды.

Биыл ақпанда тапсырыс беруші мен мердігер арасында бітімгершілік келісім жасалып, жұмыстар жалғасты. 1 қыркүйекте мектеп пайдалануға беріледі депкүтілуде. Дарынды балаларға арналған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейін күрделі жөндеу 2021 жылы басталды. Өндірістік жұмыс кестесінің бұзылуына байланысты мердігерге қатысты сотқа шағым түсті. Нәтижесінде 2023 жылдың наурыз айында сот тапсырыс берушінің шартты бұзу және мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын қанағаттандырды. Тапсырыс беруші мер­дігермен шартты бұзып, мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіміне енгізілді. 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап оқу үрдісі Орал қаласының орталығында орналасқан бұрынғы эстетикалық бағыттағы гимназия ғимаратында ұйымдастырылмақ. Нысандағы жұмыстардың тоқтап тұрғанына 6 айдан астам уақыт өтуіне байланысты тапсырыс берушімен заңға сәйкес қайтадан техникалық тексеру жүргізуге шаралар қабылданып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын жалғастыру үшін қорытындының нәтижесі күтілуде. Ақжайық ауданының Базартөбе ауылындағы мектептің ғимаратын күрделі жөндеуге 2022 жылы қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алу конкурсы өтті. Құрылыс тамызда басталып, желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ келісімшарттағы мерзімдер сақталмағандықтан, сотқа шағым түсірілді. 2023 жылы 20 наурызда, кейін 29 маусымдағы мердігердің апелляцияға берген сотта да тапсырыс берушінің шартты бұзу және мердігерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы деп тану туралы талабын қанағаттандырды. Дегенмен мердігерге 2023 жылдың қараша айына дейін күрде­лі жөндеу жұмыстарын аяқтау бойынша тапсырма берілді, — деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов.  

Дәл осындай жағдай 2022 жылдан созылып келе жатқан Бәйтерек ауданындағы Чувашин және Раздольный мектептерінің күрделі жөндеуінде де көрініс тауып отыр. Мердігердің жауапкершілігінің төмендігінен жөндеу жұмыстары ұзаққа созылып, сот процестері жалғасуда. Аталған мектептердің жөндеуі жергілікті атқарушы құрылымдардың қатаң бақылауында. Күрделі жөндеу жұмыстарын жаңа оқу жылының екінші тоқсанында аяқтау жоспарлануда.

– Жоғарыда аталған №8 облыстық мамандандырылған мектеп-лицейінің, Казталов мектеп-лицейінің, Ақжайық ауданының Базартөбе ауылындағы, Бәйтерек ауданының Чувашин және Раздольный ауылдарындағы мектептердің күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу жүйесі аясында анықталған мердігер – «Градстройсервис» компаниясы, – деді облыс әкімінің орынбасары.

Гүлжамал Кенжеғалиева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале