5.09.2023, 16:15
Оқылды: 94

БҚО: тас жол жеті айда 47 адамның ғұмырын үзген

БҚО Полиция департаменті ұсынған деректерге сүйенсек, биылғы жылдың жеті айында облыс аумағында 209 жол-көлік оқиғасы орын алып, 47 адам көз жұмған. Сондай-ақ 254 адам түрлі дәрежедегі жарақат алған. Елімізде орташа есеппен әр жанұядан бес адам бар деп санасақ, жарты жылдан астам уақыттың ішінде біздің облыстың өзінен 10 шақты жанұяның адамы аварияның құрбаны болған. Бұған республиканың басқа да өңірлеріндегі деректерді қосып, есептеудің өзі көңілге қорқыныш ұялатады.

F26A81DD-5EB9-43B0-97A3-92C400D60B67

Суреттер (скрин) БҚО Полиция департаментінің инстаграмдағы парақшасынан алынды

Біздің сұратуымыз бойынша Полиция департаменті ұсынған жеті айдағы деректер төмендегіше өрбиді:

– Республикалық және халықаралық жолдарда 39 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 20 адам қаза тауып, 57 адам жарақаттанған.

– Облыстық және жергілікті маңызы бар жолдарда жеті айда 17 авария тіркеліп, 11 адам жан тапсырса, 23 адам жарақат алған. 17 жол-көлік оқиғасының 10-ы облыстық маңызы бар жолдарда болған. Аталған жол жеті адамның өмірін жалмаған.

– Тіпті елді мекендердің өзінде биылғы жылы 153 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 174 адам жарақаттанса, 16 адамның өмірі қиылған.

– Жаяу жүргіншілердің қатысуымен 60 оқиға тіркеліп, сегіз адам қаза тауып, 54 адам зардап шеккен. Ал жаяу жүргіншілердің кінәсінен 18 жол-көлік оқиғасы орын алып, 15 адам жарақат алған болса, үш адам мерт болған.

Жоғарда айтылған сұмдық оқиғалардың орын алуына кімдер себепші болған? Тағы да департамент ұсынған сандарды саралап көрелік:

Осы ақпараттың басында жазылған 209 жол апатының 191-і жүргізушілердің кінәсінен орын алғандығы анықталған. 44 адамның мезгілсіз ажалы сол жүргізушілерге тиесілі екен. Спирттік ішімдік ішіп, көлік тізгіндегендердің кесірінен тоғыз авария орын алып, 11 адам жарақаттанған.

Тіпті кәмелет жасқа толмағандардың қатысуымен 46 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі бала о дүниелік болса, 50 адам әртүрлі дәрежеде жарақат алған.

Соңғы жылдары көліктердің жолда қараусыз жүрген малға соғылу фактілері де жиілеп кеткені жасырын емес. Биылғы жылдың жеті айында осындай 45 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, екі адам қаза тауып, жеті адам жарақаттанған.

9F39C22C-1E0A-4F7F-9C6C-8AB70E5C6373

Мамандардың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептеріне  маневр жасау ережелерін бұзу, арақашықтықты сақтамау, жылдамдықты шамадан тыс асыру, жолдың қарсы қозғалыс жолағына шығу, басып озу, реттелетін және реттелмейтін жол қиылысына және жаяу жүргіншілер өткеліне шығып кету жатады екен.

Сұмдық деректер екендігіне келісетін шығарсыздар. Бұл тек жеті айдың қорытындысы ғана. Жыл аяқталғанша бұл цифрлардың қаншалықты көбейетіні ешкімге белгісіз.

Статистикалық есептеулерге сүйенсек, еліміз бойынша бір жыл ішінде 2,5-3 мың адам жол көлік оқиғасынан көз жұмады екен.

Бұл тілсіз тажалды тек мұқияттық танытып, жол ережесін сақтау арқылы ғана тоқтата алатынымызды естен шығармайық! Әйтпесе, бұл дүниеде мініп жүрген көлігіңіз бір сәтте о дүниеге апарып тастамайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, ағайын!

Нұрбек Зәкәрияұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале