Басқарма облыстағы мемлекеттік тіл саясатын жүргізіп отырған жалғыз мекеме болатын. Бұл мекемені әр жылдары Шолпан Қыдырниязова, Махамбет Мәтенқожа, Айгүл Мыңбаева, Ерлан Ғалиев басқарды.
Солардың ішінде тілдер басқармасын ақын Шолпан Қыдырниязова басқарған жылдар ел есінде қалды. Сол жылдары облыстың ономастикалық ахуалы түзеліп, мемлекеттік органдардағы құжат айналымы қазақ тіліне көше бастады.
БҚО Тілдерді дамыту басқармасының Айгүл Мыңбаевадан кейін көп уақытқа дейін басшысыз қалғаны да есімізде. Басқарма басшысының орны екі жылға жуық уақыт бос тұрды. Ол кезде басқарма басшысының міндетін Света Ғаниева 1 жыл 7 ай атқарған.
Света Ғаниева Шолпан Қыдырниязованың мектебінен өткен тілдер басқармасының төл маманы.
Ал соңғы алты айда аталған мекемеге Ерлан Ғалиев басшылық етті.
Қазір ол БҚО Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары қызметіне ауыстырылған.
Тілдер басқармасын бүгінгі күнге дейін, яғни екі айдан бері қайтадан Света Ғаниева уақытша басқарған.
Бүгінде тілдер басқармасы БҚО мәдениет басқармасымен біріктірілді.
Мәдениет басқармасы қазір, БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы болып қайта құрылды. Енді Тілдер басқармасы жәй ғана бөлім. Бірақ қызметі сақталған.
Атауы өзгеріп, қайта құрылған басқарманы Сайран Дүйсентегі басқарып отыр. Ал, басқарма басшылығында алдағы уақытта да өзгеріс бола ма, болмай ма ол жағы әзірге беймәлім.
Жанат Көшкінбай,
zhaikpress.kz