8.08.2023, 10:00
Оқылды: 68

Бөрлі ауданы бірінші!

Тамыздың 3-4-і күндері ардагерлердің ІІІ облыстық спартакиадасы өтті. Зейнеткерлердің спорттық жарысына 12 аудан мен қаладан жалпы саны 150-ге жуық ардагер қатысты.

IMG_1552

Орал қаласындағы облыстық мамандандырылған олимпиада резерві балалар мен жас-өспірімдер мектебінде өткен сайыстың ашылу салтанатында өңір басшысы Нариман Төреғалиев ардагерлерге сәттілік тіледі.

– Бүгінгі таңда облыс тұрғындарының 39 пайызы бұқаралық спортпен айналысады. Бұл көрсеткішті 2030 жылға дейін 50 пайызға жеткізуді көздеп отырмыз. Қазіргі кезде өңірде спорттың әлеуетін көтеру мақсатында 11 млрд тең-ге қаражат бөлінді. Сондай-ақ барлық аудан орталықтарында ретімен спорт кешендерін салып жатқанымызды білесіздер. Тап қазіргі уақытта 9 ауданда спорт кешені бар. 2024 жылы қалған аудандардағы кешен жұмыстарын бі-
тіруді көздеп отырмыз. Демек, спорттың бұқаралығын арттыратын әлгіндей нысандар келер жылы барлық ауданда толығымен іске қосылып, жұмыстарын бастайды. Күні кеше Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «ҚазмМұнайГаз» ұлттық компаниясы қаламыздың 10-шы шағынауданында 1200 көрерменге арналған спорт кешенінің құрылысын бастады. Спорттың қай түрі болса да, қолдауға дайынбыз. Біздің облыстан кейінгі екі жылда 33 әлем чемпионы, 14 Азия чемпионы, 487 ел чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлері шықты. Бұл – қуантарлық көрсеткіш, – деген облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Қала күні қарсаңында Оралда ардагерлер арасында самбодан әлем чемпионаты өтетінін хабарлады. Аталмыш сайысқа 32 мемлекеттің спортшылары қатысуға ниет білдіріп отыр.

IMG_1670

Ардагерлер арасындағы спартакиада облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен биыл үшінші рет ұйымдастырылды.

– Кейінгі жас буынға өнеге болсын деген мақсатта осы сайысты қолға алдық. Үлкендер жағы жаппай спортпен айналысып, үлгі көрсетсе, ұрпақтың да саламатты өмір салтын ұстануға талпынатыны сөзсіз. Бір жағынан, зейнеткерлердің денсаулықтарына оң әсері тисін деген ниет те бар. Өйткені үнемі қимыл-қозғалыста жүрген адамға оңайлықпен ауру жуымайтыны анық. Жалпы есеппен алған да бүгінде облыста 93 500 зейнеткер бар. Соның 100 пайызын болмағанымен, көбін спортқа тартуды көздейміз. Қолдау білдірген азаматтарға алғыс айтамын, – деді облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген.

Былтыр командалық есепте екінші орынды еншілеген Сырым ауданының зейнеткері Найман Қайыровты сөзге тарттық. Ол осы спартакиаданың өтуіне мұрындық болған басқарма басшылары мен жауапты азаматтарға риза екенін айтты. Сондай-ақ бала кезінен спортқа жақын болғанын және үш жыл қатарынан қалмай қатысып отырғанын тілге тиек етті.

Облыстық додада зейнеткерлер волейбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, дойбы және шахмат сияқты спорттың 5 түрінен сайысқа түсті. Спартакиаданың алғашқы күні волейболдан жарыс облыстық мамандандырылған олимпиада резерві балалар мен жасөспірімдер мектебінде басталса, келесі күні «Мақсат» медколледжінің спортзалында жалғасты. Сондай-ақ шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындары колледж ғимаратында болды. Ал үстел теннисі Ғ. Қараш көшесіндегі теннис залында өтті.

Екінші күні сайыстың нағыз қызған уақытында жаңағы мекенжайларды аралап, ойын барысымен таныстық. Ең әуелі үстел теннисінен бақ сынасқандардың тартысына куә болдық. Ойынның қызу жүріп жатқанын мәлімдеген облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Әділгерей Ғаббасов аудандардағы спортшылардың былтырдан көрі биыл белсенді екенін айта кетті. Теннистен тартысқа түскен ардагерлердің ішінде Жасқайрат Сұлтанғалиевпен тілдесудің реті келді. Спартакиадаға алғаш рет қатысып отырған ол жас кезінде спорттың басқа түрлерімен шұғылданған. Оның сөзіне қарағанда, біз тілдескен сәтте Ақжайық, Жәнібек және Казталов аудандарының қатысушылары алда келе жатқан көрінеді. Келесі кезекте тоғызқұмалақ, шахмат, дойбы боп жатқан ғимаратқа бардық. Мұндағы ойындар таңғы сағат 10:00-де басталып кеткен. Тоғызқұмалақтың төрешісі, бапкер Жадыра Байзенованың айтуынша, жарыс үш топ бойынша жүріп жатыр. «А» тобында Бөрлі, Бөкей ордасы, Жаңақала, Тас-қала аудандары мен Орал қаласы және «Б» тобында Қаратөбе, Шыңғырлау, Жәнібек, Ақжайық аудандары болса, «В» тобында Теректі, Казталов, Бәйтерек, Сырым аудандары бар. Осы топтық кезеңде бәсі биік болған зейнеткерлер финалға шығады. Әзірге Бөрлі, Казталов, Қаратөбе алда келеді екен. Ал жеті турға жоспарланған шахмат ойынының біз барғанда төртінші туры тәмамдалып қалған. Бұл жақта Орал қаласы, Бәйтерек пен Жаңақала аудандарының мықтылары озып тұр. Жүрістен жаңылмауды көздеген ардагерлердің ойын бөлмейік деген ниетпен сайысты сырттай бақылап біраз отырдық. Үшінші кезекте дойбының төрешісі Данияр Жұмакелдиев барлық қатысушының белсенді екендігін атап өтті.

– Ойынның басталғанына бір жарым сағаттан асты. Осы уақытпен қатардан алға шыққан Бәйтерек, Теректі, Бөрлі аудандары және Орал қаласының ойыншылары жүлделі орындарға таласады. Олардың ішінде ардагерлер арасында ел шемпионатында өздерін көрсетіп жүргендері де бар. Сондықтан да бүгін өте тәжірибелі азаматтар ойнауда, – деді төреші. Нағыз тартыс спорт мектебіндегі кешкі сағат беске дейін созылған волейболдың финалында болды. Жарыс жеңімпаздығына  ұмтылған қос команда бірінен-бірі қалыс қалар емес. Екі ауданның да у-шу көтеріп, қолдау білдірген жанкүйерлері де жетерлік. Олардың бірі «Казталов!» деп дауыстап, демеу көрсетпек болса, тағы біреулері «Бөкей ордасы!» дегенді барынша қаттырақ айтып бақты. Қос команданың бірі дереу шабуылға кіріскен сәтте бірі қорғанысын күшейтіп, кері шабуылға шығып үлгереді. Ұпайлары теңеспей, сәт сайын бірінен-бірі озып отырған олар жеңісті қолдан бермеу үшін жандарын салды. Сөйтіп, ойын соңында ширақтық танытқан бөкейордалықтар жеңіске жетті.

Сонымен, сайыстың нәтижесінде тоғызқұмалақтан Бөрлі ауданы І орынды, Қаратөбе ауданы ІІ орынды және Казталов ауданы ІІІ орынды иеленді. Волейболдан І орынды Бөкей ордасы ауданы, ІІ орынды Казталов ауданы, ал ІІІ орынды Бөрлі ауданы еншіледі. Дойбыдан жүлдегерлер қатарынан тағы да Бөрлі ауданы көрініп, І орынға ие болса, ІІ орынға Теректі ауданы, ІІІ орынға Сырым ауданы жайғасты. Үстел теннисінен І орын Тасқала ауданына, ІІ орын Бөрліге, ІІІ орын Сырым ауданына бұйырды. Орал қаласы шахматтан І орынды иеленсе, ІІ орынға Бәйтерек ауданы, ІІІ орынға Шыңғырлау ауданы лайық деп танылды. Ал жалпы ұпай санымен командалық есепте І орынды Бөрлі ауданы жеңіп алды. Екінші орынды Сырым ауданы еншілесе, Казталов ауданы ІІІ орынға табан тіреді. Марапаттау салтанатында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге барлық спорт түрі бойынша ақшалай сыйлықтар берілді. Командалық есеп бойынша жеңіс тұғырынан көрінген аталмыш үш ауданның ішінде І орын үшін бөрліліктер 200 000 теңгені, ІІ орынды еншілеген сырымдықтар
150 000 теңгені, ал ІІІ орынға табан тіреген казталовтықтар 100 000 теңгені қанжығаларына байлады. «Ең егде волейболшы» аталымы бөкейордалық Сәлімгерей Сұлтанғалиевқа бұйырса, «Ең сақа теннисші» ретінде  жәнібектік Тельман Ғұсманов марапатталды. Жүлделі орындарға ілікпеген аудандарға да алғысхаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Спартакиадаға қатысқан зейнеткерлер іс-шараның ұйымдастырылуына ұйытқы болған облыстық ардагерлер кеңесіне, «Интеграл» жастар қоғамдық бірлестігіне және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшы-қосшыларына ризашылықтарын білдірді.

 

Аманжол Исламғали,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале