23.02.2024, 11:45
Оқылды: 66

Бүгін Оралда «Асыл арман» музыкалық қойылымы өтеді

«Атамекен» өнер ордасында Ескендір Хасанғалиевтің өмірі мен шығармашылығына арналған «Асыл арман» музыкалық қойылымының баспасөз мәслихаты өтті.
428602261_2165094083832861_7617840330837034635_n
Алқалы жиынды мекеме басшысы Бауыржан Ергенұлы ашып, Ақ Жайыққа келген қонақтарға ақжарма алғысын білдірсе, БҚО Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов елдің қонақжай пейілін жеткізді.
Басқосуда, ең алдымен М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының әдеби кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, сыншы Әлия Бөпежанова сөз алды.
«Мен үшін Орал шаһарының орны бөлек. Осы қалада өнерге, руханиятқа деген құрмет ерекше. Дәл ертең көрерменге жол тартатын «Асыл арман» қойылымын тарихи спектакль деп ауыз толтырып айтуға болады. Қойылымның қоюшы режиссері Гаухар Адай Қазақстандағы жас буынның ішіндегі көрнекті өкілі. Гаухардың театрға сіңірген еңбегі зор», - дей келе, қойылымның жоғары деңгейде өтіп, ел-жұрттың көңілінен шығуына тілектестік білдірді.
428632996_2165094097166193_7864992441491951153_n
Келелі кеңесте сөз алған өнертану докторы, профессор, театртанушы Бақыт Кәкиқызы режиссер Гаухар Адайдың бұл күнге дейінгі еңбегі де елеулі екенін айтып, кәсібилігіне жоғары баға берді.
Бұдан кейін М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Назгүл Қарабалина:
- Бұл менің елім, жерім деп, жанкүйер болып келдік. Гаухар Адайды талапшыл, еңбекқор режиссер ретінде ерекше бағалаймын. Ертең «Асыл арман» музыкалық қойылымының кәсіби деңгейі жоғары болатынына бек сенемін. «Атамекен» жастар музыкалық театрына ақжол тілеймін. Бағындырар белестері мол болғай! - деді.
428608677_2165094010499535_698814076229839155_n
Келесі кезекте «Құрмет» орденінің иегері, әнші-композитор Біржан Хасанғалиев қойылымның атауы «Асыл арман» деп ұтымды қойылғанын айтып, әкесінің есімін ұлықтап, өнерін дәріптеп жатқан БҚО әкімдігіне, мәдениет басқармасы және «Атамекен» өнер ордасының басшылығына шынайы ризашылығын жеткізді.
Алтынбек Ермекқалиев,
«Атамекен» өнер ордасынан 
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале