Бүгін төрт күннен бері Бөрлі ауданы Ақсай қаласында ереуілдетіп жатқан жұмысшылар алдына «KKC-Sicim» компаниясының басшысы Джузеппе Роделли кездесуге келді.
Компания жетекшісі «KKC-Sicim» компаниясы Қазақстанда екі жылдан бері жұмыс істеп тұрғанын және осындай келеңсіз жағдайдың алғаш рет болып тұрғанын атап өтіп, жұмысшы топтан ұзақ күттіргені үшін кешірім сұрады.
Жұмысшылар алдына шығып, сөз алған компания басшысы алдымен өз өмірі туралы айтып берді. Қарапайым отбасында тәрбиеленгенін, әкесінің автобус жүргізушісі болып жұмыс істегенін айтып өтті.
«Ассалаумағаликум, жолдастар! Мен сіздерді көргеніме қуаныштымын. Біздің компания Қазақстанда 24 жылдан бері жұмыс істейді. Бірақ ешқашан мұндай қиындық болмаған. Мен сіздерді қолдауға келдім. Ұзақ күттіргенім үшін кешірім сұраймын. Үш күнім жолға кетті. Бұл компания жұмыс істеп тұрғанда сіздерде жұмыс болады, отбасыларыңызды асырайсыздар. Компанияның шығыны да үлкен, әрі төлейтін салықтарымыз бар. Сіздердің жалақыны көтеру туралы талаптарыңызды тыңдадым. Басқа да ұсақ өтініштеріңіз бар екен. Оның бәрін мен шешпей, Ақсайдан кетпеймін, - деді жұмысшылар алдында сөз алған Джузеппе Роделли.
«Биыл инфляция көлеміне сай жалақыға 20 пайыз қосылады», - деді басшы.
Бірақ жігіттер мұны тым аз деп шулады.
«Бізде тек бір ғана талап бар. Жалақымызды 50 пайызға көтерсін. Алып отырғанымыз 250 мыңның аржақ-бержағы. Біз бүгін осында төртінші күн тұрмыз. Біз ешкімге ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Ұрып-соғу, бұзақылық деген жоқ. Мәдениетті түрде талап етіп отырмыз», - деді жұмысшылар.
Жұмысшы топ жалақыны 20 пайызға өсіру тым аз, дегенімізді орындамайынша, біз бұл жерден кетпейміз деп талап қойды.
Алайда, компания басшылығы өз жұмысшыларымен бір мәмілеге келгенге ұқсайды.
Жаңа кешкісін Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Асланбек Сарқұловқа хабарласып мән-жайды анықтадық. «Жігіттер алаңнан тарады, толығырақ ақпарат кейін береміз», - деді орынбасары.
Сонымен төрт күнге созылған бейбіт митинг аяқталып, жігіттер өз жұмыстарына оралды.
Жұмысшылардың жағдайы қандай?
Компанияға барып тұрғасын біз ішін әбден араладық.
Әр бұрышта кофе, тәтті-пәтті. Асхана толы тағамның түр-түрі. Жылы жер. Зауытпен екі ортаға тасымал бар. Былай қарасаң, содан артық не керек дейсің. Бірақ қымбатшылық қысқан заманда жалақыны көтермесе тағы болмайды.
«Төрт күн бойына ереуілдеткен жігітердің жағдайы не болады», - дедік компания өкіліне.
Өндіріс қатынастары бөлімінің координаторы Тимур Зинуллин:
«16 қаңтар күні таңғы алтыдан бастап жігіттер жұмысқа шықпай қалды. Содан әлі күнге дейін талаптарын айтып, жұмысқа шықпай отыр. Бірақ компания тарапынан оларға ешқандай қысым көрсетіліп жатқан жоқ. Әдеттегі кестеге сәйкес тамақтары беріліп, демалыстары ұйымдастырылуда. Асхана әдеттегі график бойынша жұмыс істеп тұр. Біз жігіттерге барлық жағдайды жасап отырмыз. Ешкім қудаланбайды, біз ешкімге қысым көрсетпейміз, - деді ол.
Компанияның асханасында болдық. Асхананың бас технологы Алтын Жұмағазиева барлық тамақтың уақытында берілетінін, жұмысшылардың ас-ауқаты жақсы, талапқа сай екендігін атап өтті.
Айта кетейік, шет елден келген басшы жұмысшыларға өз араларында бастамашы топ құрып, алдағы уақытта үнемі байланыста болып, бірге жұмыс істеуді ұсынды.
«Біз Қазақстанда жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан да қызметкерлердің 90 пайызы қазақтардан құралғанын қалаймыз. Соған жақындап келеміз. Мен сіздердің алдарыңызда басшы ретінде емес, әріптес, жолдас ретінде сөйлескім келеді, ашық әңгімелесейік», - деді Джузеппе Роделли.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бүгінгі кездесуден кейін жұмысшылар жалақысы 20 пайызға өсті. Қалған мәселелер туралы кейін толығырақ баяндаймыз.
Жанат Көшкінбай,
Суреттерді түсірген: Гүлмира Сәрсенғали