15.01.2021, 9:48
Оқылды: 35

Екінші Жириновскийді Самарадан кездестірдім

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында өткенімізге бағдар жасалып, болашаққа нық жоспар құрылған екен. Соның ішінде жер мәселесі турасындағы «Қазақтың жері ешбір шетелдіктің меншігіне берілмейді, ешқашан сатылмайды» деген пікірі көңілімнен шықты. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, бұл тақырып талқылауды қажет етпеуі керек. Бұл Никонов, Федоров, Жириновский сияқты Ресей саясаткерлерінің екіжүзді, арандатушылық мақсатпен айтылған былшыл сөздеріне Президентіміз өзінің нақты, дәлелді жауабымен тойтарыс беріп, нүктесін қойды. Мұндай жағдайда тәуелсіздікті қорғауға, сақтауға елім, жерім дейтін әрбір азаматтың үлес қосуы міндетті. Соның ішінде еліміздегі абыройлы, ғылыми, әдеби, мәдени, тарихи тұрғыдан дәлелді айтары бар азаматтардың пікірлерін естіп, көріп, көрші елдерімізге де құлаққағыс жасап отырсақ, құба-құп болар еді. Мақалада ұлтымыздың өткеніне тәуелсіз қөзқараспен қарайтын ғалымдарымыз бен тарихшыларымызға бұл бағытта ауқымды жұмыс атқару тапсырылған. Мектеп басшысы болып қызмет атқарған 40 жыл тәжірибемде осы тақырыпқа байланысты төмендегідей жағдайлар басымнан өтті.

 Екінші Жириновскийді Самарадан кездестірдім1

Осыдан он жылдай бұрын Самара қаласында өткен педагогтердің үлкен конференциясына арнайы шақырумен бардым. Жиынның кешкі отырысында қорытынды сөз күн ұзағы конференцияда болмай, кешігіп келген ресейлік университеттің Самарадағы филиалы ректорына берілді. Ол конференцияның  тақырыбынан ауытқып, Қазақстандағы  орыстарды құтқару керектігі  туралы өтірікті шындай жасап, шымбайға бататын бірталай сөз айтып тастады. Тек модератордың біздің Қазақстаннан келіп отырғанымызды ескерткеннен кейін барып, әрең тоқтады. Келісім бойынша сөз маған берілуі керек еді.

Модератордың: «Асқар Ашуұлы, сіз сөйлейсіз бе?» деген сұрағына, «Әрине, сөйлеймін, жаңағы менің еліме айтылған, жүздеген адам естіген өтірік жалған кінәні арқалап Оралға кете алмаймын», - деп қақпа сөз тастадым. Мінберге жеткенімше, модератор менің мектебім, өзім туралы, ҚР-ның еңбек сіңірген мұғалімі екенімді, біздің шақырылуымыз кездейсоқ еместігін, халықаралық сарапшылардың қорытындысымен мектептің «брендтік» деңгейге жеткенін тілге тиек қылды. Сонымен бірге Самара, Тольяттиден 20 мектеп басшысының Оралдағы біздің мектеп-интернатта болғанда өз көздерімен көрген жетістіктерді бағалап келгендерін қосымша айта кетті. Трибунаға шыққан соң: «Бүкіл Ресейде Жириновский жалғыз деп ойлаушы едім, екінші Жириновскийді Самарадан кездестіремін деп ойламап едім», - деген сөзбен бастадым. Әрі қарай менің елім туралы айтылған кінәлардың жалғандығын, ежелден қалыптасқан халықтар арасындағы достығымызға  іріткі салу әрекеті екенін, тағы да басқа дәлелді ойларымды сабырмен жеткіздім. Залда отырған әріптестердің басым көпшілігінің мені қолдайтындықтарын сезініп, еш қысылмай шындықты айттым. Қазақстан жайында жалған пікір білдірген әлгі ректор оған арналып айтылған әрбір сөзіме қызараңдап отырғанын байқадым. Сөзімді залдың ду қол шапалақтауымен аяқтадым. Таныс әріптестерім келіп, оның жалған сөзіне көңіл аудармауды сұрады. Олармен сыйластығым әлі жалғасып келе жатыр.

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Елімізді аспен де, таспен де қорғаймыз» деген сөзінің жаны бар. Бұл тұста ол найзаның ұшымен, білектің күшімен ата-бабаларымыз қорғап қалған кең байтақ жерімізді көзіміздің қарашығындай сақтап, оған көз алартқандарға тойтарыс берілетіні хақында нық сеніммен пәтуалы уәжін білдірді.

Шынында да, халқымыздың, қазақ елінің намысына тиетін сөздер айтатын көрші елдің кейбір саясатшыларының арандатушылық  пиғылдарына тойтарыс беретін жауабымыз дайын. Бұған бола Ресеймен арадағы достыққа, бауырмалдыққа сызат түсе қоймас. Олармен ежелден келе жатқан сыйластығымызды басқа елдер де жақсы біледі. Қазақтардың бауырмалдығы, қайырымдылығы, кеңпейілділігі, жанашырлығы, көршілерді туғанындай сыйлау дәстүрі тек орыс халқының емес, басқа ұлттардың алғысына бөленгені тарихтан белгілі.

Мемлекеттік тіл – тәуелсіздіктің бір нышаны. Президент мақаласында мемлекет тілдің әлі күнге төрге шыға алмай отырғанына алаңдайтынын айрықша атап көрсетті және қазақ тілін әлі жете меңгермеген отандастарға үндеу тастады. Осы орайда Кеңес заманында Орал қаласында жалғыз, оның да  бастауыш сыныптары жоқ қазақ мектебінің болғаны, ата-аналардың  қазақ мектептерін ашу туралы әр түрлі деңгейдегі басшылардың есігін тоздырғаны  әлі есімізде. Қала басшылығының бірден мектеп ашатын мүмкіндіктері болмады. Сол кездегі облыстық халыққа білім беру басқармасының меңгерушісі Қ.Юсипов сексенінші жылдардың аяғында мектеп директорларына қазақ сыныптарын ашуды талап еткенмен, мектептерде жағдай болмады. Өз басым ата-аналардың қазақ кластарын ашуға талаптанған қадамына құрметтеушілікпен қарадым. Өз мектебімде үш ауысым оқитындықтан, Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтының ректорымен келісіп, олардың екі аудиториясында қазақ кластарын аштым. Соңынан бұл кластар №30 мектепті ашуға дәнекер болды. Мектепке мұғалімдерді ата-аналардың қалауымен конкурс бойынша қабылдадық. Оқушылардың білім сапасын бақылауда ұстап, бар көмегімізді көрсеттік. Сонау 90-жылдары құрылыс жұмыстарының барлығы да тоқтап тұрғанда менің депутаттық ұсынысым арқылы аталған мектептің ғимараты салынды.

Бұл ісімізге ата-аналар тарапынан ризашылыққа бөлендік. Өзіміз де қазақ тілін дамытуға азды-көпті үлес қосқанымызды мақтан тұттық.

Биыл еліміздің тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Президентіміздің мақаласында айтылған жер мен тіл туралы мәселелерді шешудегі ұсыныстарын қолдаймын. Алдағы уақытта бұл мәселелердің шешімін табу елін сыйлайтын, өзін елдің патриоты деп есептейтін әрбір қазақстандықтың еншісінде деп ойлаймын.

 

Асқар Ақышев,

Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале