24.06.2021, 22:54
Оқылды: 35

Екпе алып, той-томалақты азайту керек

Облыста үнді штамы бар не жоқ екенін анықтау үшін ПТР тесті оң нәтиже көрсеткен тұрғындардың талдамалары бас қаладағы зертханаға жолданған. БҚО бас санитарлық дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың сөзінше, зерттеу қорытындысы 10 шілдеде белгілі болады.  
5

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев жүргізген жедел штаб отырысында өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық ахуал сөз болды.

– Алматы мен Нұр-Сұлтанда анықталған үнді штамы шетелден әкелінген деген мәлімет бар. Ал біздің өңір Ресей Федерациясының бірнеше ауданымен шектеседі. Бүгінде көрші елде індет өршіп тұр. Маусымның 23-нде Ресейде 17594  жағдай тіркелді. Соңғы тәулікте Орынбор облысында  - 135, Саратовта - 126, Самарада 101 жағдай тіркелген. Сондықтан үнді штамы біздің өңірге Ресейден әкелінуі мүмкін. Мәселен, маусымның 1-нен бері Ресейден кірген 10 мыңнан астам адамның 567-сінде ПТР анықтама болмаған. Ал көлік жүргізушілерінің 1630-ында тиісті анықтама жоқ болып шықты. Сондықтан мемлекеттік шекарадағы санитарлық жағдайды күшейтеміз. Келесі аптада, яғни бейсенбі күні Самара бағытындағы жолға жылжымалы зертхана қойылады. Қазір облыстағы эпидемиологиялық ахуал нашарлап кетті. Ауруханада ем алатындардың саны 40%-ға дейін өсті. Өңірдегі 8 аудан, яғни Ақжайық, Бөкей ордасы, Бәйтерек, Казталов, Сырым, Тасқала, Теректі аудандары мен Орал қаласы «қызыл» аймақта тұр. Бөрлі ауданы сары аймақта. Бұл аудандарда соңғы екі күнде індет жұқтыру көрсеткіші өсуде. Індеттің таралуына ең бірінші карантиндік іс-шараларды бұзу себеп болып отыр. Мысалы, өткен аптада той көп тойланған. «Динара», «Альбина», «Алтын сақа» мейрамханалары 200 адамға дейін қонақ шақырып, той өткізген. Оларға 335 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. Бұлар бізге белгілісі ғана. Қаншама кафе-мейрамханалардың той-томалақ, түрлі кештер өткізіп жатқаны бізге беймәлім. Сондықтан індеттің өршуіне тұрғындар да себеп болуда. Кейбір мейрамханалардың шілде айында 200-300 адам шақырылатын тойларды өткізуге тапсырыс алып жатқаны белгілі болды. Сол себепті мониторингтік топтың жұмысын күшейтуіміз керек. Егер жағдай ушыға берсе, кафе-ресторандардың жұмыс кестесі мен оларға баратындардың да санын қысқартуымыз керек. Қазір облыс матрица көрсеткіші бойынша «қызыл» аймақтың шекарасына жақын тұр. Індет жұқтырғандар көбейсе, карантин шараларын да күшейтуіміз керек, - деді Мұхамғали Арыспаев.

2

Бас санитарлық дәрігер айтып өткендей, облыста «Ashyq» қосымшасымен 520 кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді. Осы қосымша арқылы 10 маусымнан бері 90 адамның карантин шараларын бұзып, көпшілік жерде жүргені анықталды. «Қызыл/сары» статуспен жүрген үш адамға ҚР ӘҚБтК 425-бабы бойынша хаттама толтырылған. «Облыста «қызыл/сары» статуспен жүрген адамдар көбеюде. Бизнес нысандарының басшылары «Ashyq»  мобильді қосымшасын тиісінше қолданулары керек. Себебі мейрамханаларға адамдарды бей-берекет кіргізетін бизнес өкілдері анықталуда. Республикалық бас санитарлық дәрігердің қаулысы бойынша қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін адамдар екпе алады. Егер екпе алмаса, жеті күн сайын ПТР тест тапсырады. Осы қаулыға сәйкес, облыста жаңа қаулы шығады. Вакцинациялауға баса назар аударылады», - деді бас санитарлық дәрігер.

Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Нұржан Мақсотов «Ashyq»-тың негізгі мақсаты қауіпсіздікті қамтамасыз ету болғандықтан, аудандардағы бизнес нысандарының қосымшаға қосылуын белсенді жүргізу керектігін атап өтті. Өйткені Сырым, Жаңақала, Қаратөбе, Тасқала  аудандары «қызыл» аймақта болса да, олардағы кәсіпкерлік нысандары аталмыш қосымшаға өте аз қосылған. Мұхтар Наурызбайұлы аталмыш  аудандардың әкімдеріне қызмет көрсету нысандарының қосымшаға қосылуын белсенді жүргізуді тапсырды. Олар жедел штабтың келесі отырысына дейін жұмысты ширатулары керек.

4

–  «Қызыл» статус анықталған болса, ол  адам COVID-19 індетіне шалдыққан деген сөз. «Сары» науқаспен байланыста болғанын білдіреді. Бұл адамдар 14 күн оқшаулануы керек. Ал осындай белгілер анықталған 90 адам санитарлық талаптардың қандай екенін білмей ме, әлде біле тұра мән бермей жүр ме? Бұл жағы белгісіз. Олар басқаларға індет таратуда. Сондықтан әркім өзінің жеке жауапкершілігін түсінуі керек. Екіншіден, екпе алып, маска киіп, жиын-тойды тоқтатуымыз қажет. Өйткені санитарлық талаптарды сақтамағандықтан індет қайтадан таралуда. Әр мекеме басшысы қызметкерлері арасында вакцинаның маңызы жөнінде түсінік жұмысын жүргізуі керек, - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арман Қалибековтің мәліметінше, облыста 24 280 адам COVID-19-ға шалдықан болса, 19441-і емделіп шыққан. Ал 367 адам індеттен көз жұмды. Қазір өңірде 18 инфекциялық стационар жұмыс істейді. Айта кету керек, індетке шалдыққандардың басым көпшілігінің жасы 50-ден 80 жас аралығындағылар болып отыр.

3

«Тұрғындардың індеттен көз жұмуына олардың ауруын асқындырып, көп жүріп қалуы және қауіпті созылмалы ауруларының да болуы себеп болуда. Ауруханаға түскен науқастардың 70%-ы осындай», - деп атап өтті ол. Соңғы аптада инфекциялық стационарлардан 260 науқас емделіп шыққан. Облыста «Спутник V», «QazVac», «Hayat –Vax», «КоронаВак» вакциналарының І компонентін 85 341 адам алған болса, ІІ компонентін 56328 адам салған.

Қала әкімі Абат Шыныбеков мониторингтік топтың жұмысына тоқталды. Жыл басынан бері санитарлық шектеу шараларын бұзған 191 дерек анықталған. Оларға қатысты 128 хаттама толтырылып, 7,3 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған. Өткен аптада тексеріс жүргізілген 37 кәсіпкерлік нысанның арасынан 8 мейрамханада мерейтойлар мен тойлар өткізілгені анықталған екен.

1

– Облыста эпидемиологиялық жағдай әлі күрделі. Карантиндік шараларды сақтауымыз керек. Індетпен күресудің бірден-бір жолы екпе алу екенін ұмытпауымыз қажет. Қазір Европадан келген жерлестеріміз ол жақта екпе алу үшін кезекті ұзақ күтетіндерін айтады. Тіпті тамыз не қыркүйек айларына жазылып, кезек алады дейді. Ал бізде вакцина тегін, жеткілікті.  Өзімізді, жақындарымызды сақтау үшін санитарлық талапты ұмытпай, екпе алуымыз керек. Қазір былтыр жазда орын алғандай қиын жағдай көзге көрінбейді. Бұған дәрігерлердің қажырлы еңбегі, шипалы емі себеп. Алайда қатерлі індет айылын жиған жоқ. Індетке шалдыққан бір адамды 14-15 күнде емдеп шығу үшін әрі одан кейінгі оңалтуға кем дегенде бюджеттен 500 мың теңге жұмсалады. Бұл ел экономикасына кері әсер еді. Сонымен бірге дәрігерлер науқасты емдеп шыққанмен, індеттің салдары қандай болатыны әлі толық зерттелген жоқ. Сондықтан бұл жағын да ойлап, ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ұстанған жөн. Ол үшін санитарлық шараларды орындап, жауапкершілікті ұмытпайық, - деп облыс әкімі  Ғали Есқалиев жедел штаб отырысын қорытындылады.

 

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале