Қыркүйектің 1-інен бастап әскерге шақыру науқаны басталды. Жыл соңына дейін ҚР Қарулы күштерінің, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің, ҚР Ұлттық ұланының және мемлекеттік қызмет қатарын өңірдегі 18-27 жас аралығындағы 600-ден астам азамат толықтырады. Сондай-ақ қарашаның 18-іне дейін әскер жасындағылар ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғаныс әскери бөлімдеріне мерзімді әскери қызметке шақырылуда. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте құзырлы мекеме өкілдері баяндады.
Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы, подполковник Альберт Бекмұхановтың айтуынша, әскерге шақыру, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату – мемлекеттік көрсетілетін қызметтер. Бұл қызметтерді көрсетуге жергілікті атқарушы құрылымдар жауапты.
– Әскер жасындағы азаматтарға шақырту қағазы тұрғылықты мекенжайларына немесе жұмыс орындарына жеткізілуде. Қорғаныс істері жөніндегі департаментте «Қарулы күштер – адалдық алаңы» атты жобалық кеңсе жұмыс істейді. Сол жерден әскерге шақыру туралы ақпараттар және толғандырған сұрақтарға жауап алуға болады. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде ресми аккаунттар ашылды. Біздің маңызды міндетіміз – жастарды әскери қызмет өткеруге, әскери борышын орындауға ынталандыру. Бүгінде мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерге кредиттік каникул беріледі. Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген кезде жоғары оқу орындарына ұлттық бірыңғай тест тапсырмай түсуге болады. Отанды қорғау әрбір азаматтың қасиетті борышы және парызы екенін ұмытпауымыз қажет, – деді Альберт Маркистұлы.
Облыстық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың мәліметінше, ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мерзімді әскери қызметке 350-ден астам адамды шақыртуда. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысынан 30 азамат ҚР ТЖМ №28237 (Алматы облысының Ұзынағаш ауылы) және №52859 (Қарағанды қаласы) әскери бөлімдеріне мерзімді қызмет өткеруге барады. Әскерге шақырылушылар аталмыш бөлімдерге қарашаның 18-інде аттанады.
– Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері – ТЖМ-ның жедел резерві. Олардың міндеті – түрлі сипаттағы төтенше жағдайларды жою. Мерзімді әскери қызметтен өткен жастар ұлттық бірыңғай тест тапсырмай, еліміздің жоғары оқу орындарына түсе алады. Ал бұрынғы әскери қызметшілер ЖОО-ның әскери кафедрасында тегін және емтихансыз оқи алады. Мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңінде жауынгерлік даярлықта жоғары нәтижелерге қол жеткізген әскери қызметшілердің жоғары оқу орындарының гранты есебінен тегін білім алуға мүмкіндігі бар.
Мерзімді әскери қызметтің басты артықшылығы – келісімшарт бойынша қызметті жалғастыруға немесе тұрғылықты жерінде ҚР ТЖМ азаматтық қорғау құрылымдарында қызметке орналасуға болады, – деді Қанат Қабиболлаұлы. Оның айтуынша, биыл Ақтөбе қаласында ҚР ТЖМ №20982 әскери бөлімі құрылған. Осы әскери бөлімнің құрамындағы 2-ші құтқару батальонын Орал қаласында ашу жоспарланған.
Айна Имашева