22.06.2023, 10:30
Оқылды: 10

Есірткі етек жайып барады...

26 маусым  –  Халықаралық нашақорлыққа  және  есірткінің заңсыз  айналымына қарсы күрес күні

«...Мен тағы бір нәрсеге баса назар аударғым келеді. Бұл – нашақорлық. Бұл – ұлт саулығына зор қауіп төндіретін кесел. Есірткі жастардың жанын да, тәнін де улап жатыр. Біз есірткіні қолданудың, дайындаудың және таратудың жолын кесіп, тамырына балта шабуға тиіспіз. Әйтпесе, бүкіл еліміздің болашағы бұлыңғыр болады».

ҚР  Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың  таяуда  Түркістан  шаһарында өткен «Әділетті  Қазақстан – Адал азамат» атты  алқалы  жиында  сөйлеген  сөзінен

Биыл бес айда Орал қаласында есірткі қылмысы бойынша 84 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Оның 24-і есірткі сату, екеуі есірткіні ірі көлемде сақтау, төртеуі есірткі контрабандасы, үшеуі есірткі құрамды өсімдіктерді өсіру және есірткі сату бойынша қылмыстық ұйымдасқан топ құрып, басқарған екі дерек анықталған. Ал қалған 49-ы – қылмыстық  теріс қылық, яғни есірткіні аз көлемде сақтау. Осы ашылған қылмыстар бойынша сараптама қорытындысына сүйенсек, 21 келіден астам есірткі тәркіленген. Олардың арасында марихуана, гашиш, экстракциялық апиын, көкнәр сабаны (маковый соломка), «тұз», «меф» есірткілері бар. Бұл мәліметті біз Орал қалалық полиция басқармасы есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімшесінің аға жедел уәкілі, полиция майоры Ләззат Көбенғалиевадан білген едік.  Жасыратыны жоқ, бірсәттік қызық үшін есірткінің буына шырмалып, артынан опық жеп, өмірін құрдымға кетіріп жүрген жастар аз емес. Тіпті шаһарда «мол ақшаға кенелемін» деп есірткі тасымалдап, темір торға қамалған мектеп  оқушылары да бар.

Елімізде «синтетикалық есірткі» деген ұғым осыдан сегіз-тоғыз  жыл бұрын пайда болды. Алғашында Қазақстанға темекі қоспалары бар «спайс» келді, уақыт өте түтіні жоқ темекі – «снюс» саудаға шыға бастады, кейіннен есірткі әлемін «кристалл», «жылдамдық», «тұз», «меф» деген түрлі атау жамылған синтетикалық заттар тез жаулапалды. Өйткені синтетикалық есірткілер, негізінен, интернет арқылы сатылады. Ал елімізде кез келген тұрғын үшін интернет дүкендер қолжетімді. Яғни сатып алушы мен саудагер бір-бірімен бетпе-бет кездеспейді. Қылмыстық схемаға нақтырақ тоқталсақ,  есірткі интернеттегі парақшалар, әлеуметтік желілер мен боттар арқылы жарнамаланады. Яғни сол жарнамадағы QR кодты сканерлегенде, тұтынушы есірткі сататын интернет дүкендерге жолданады. Тіпті сол жарнамада жасөспірімдердің психологиясын улау үшін «Достарыңмен бірге пайдалануды ұсынамыз. Су мен сағыз алуды ұмытпаңыз» деп те жазылады екен. Интернет дүкендердегі тапсырысты роботтар қабылдап, мессенджерлер арқылы кері жауап береді. Сатып алушының қаладағы мекенжайы, есірткінің атауы, қанша грамм қажеттігі туралы ақпарат алынып, төлем де онлайн жасалады. Содан соң есірткінің қойылған орны көрсетіліп, оны қай уақытта алып кете алатыны жөнінде нұсқаулықтармен алмасатын көрінеді. Сондай-ақ жарнамалар көпқабатты үйлердің, ғимараттардың қабырғасына салынған граффити суреттер, түсініксіз жазулар арқылы сатылады. Сол жазулар да синтетикалық есірткі сататын интернет дүкендердің мекенжайы екен. Полиция қызметкерлері еріктілермен бірлесіп, сол суреттерді кетіру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде.

Былтыр Орал қаласындағы орта мектепте оқитын 15 жастағы жасөспірім мен оның 19 жастағы сыбайласы есірткі тасымалдап жүріп ұсталған. Сот үкіміне сәйкес «закладчиктердің» (есірткі жасырушылар) бірі жеті, екіншісі 10 жылға бас  бостандығынан айырылды.

«Нашақорлар емделмесе,  5  жылдан артық өмір сүрмейді»

Полиция майоры, аға жедел уәкіл Ләззат Жылқыбайқызының мәліметінше, есірткінің ішіндегі ең қауіптісі – синтетикалық («меф», «тұз») есірткі.

1328516e-7dc2-47e0-8ccd-ef10bcac71f2

Өйткені оның құрамында героиннің синтетикалық опиаты бар. Сол себепті бұл дәрі – нашақорлыққа тәуелділікті қалыптастырады. Сондай-ақ кейіпкеріміз ұл-қызының нашақорға айналғанын ата-ананың ұзақ уақыт бойы аңғармай жүруі мүмкіндігін айтады. Жағдай ушығып, ауруы әбден асқынып, қомақты ақша сұрай бастағанда ғана арнайы мекемелерге жатқызады. Себебі трамадолды тұтынған кезде байқалатын абстинентті синдром, яғни дел-сал күй (ломка) кең таралған өзге де әлеуметтік аурулардың белгілеріне ұқсауы мүмкін. Мысалы, аталмыш дәріні тұтына бастаған адамның мұрнынан су ағып, әлсіздік басып, дене температурасы көтеріледі. Сол кезде оған суық тиген деп, ал құсып, диарея болса, әлсіздік басса, тамақтан ұшынған, уланған екен деп қалуыңыз  әбден  мүмкін.

Трамадолдан басқа, мектеп оқушылары эйфория алу үшін «Тропикамид» көз тамшылары мен «Цикломед» дәрісін қолданатындары анықталған. Бүгінде жоғарыда аталған дәрі-дәрмектер ҚР Үкіметінің қаулысымен дәріханаларда рецепт бойынша ғана босатылады. Есірткіге тәуелді бола бастаған науқас түсініксіз сөйлеп, қатты шөлдеп, әлсіздік басып, жиі шаршайды, өмір сүруге деген құлшынысы болмайды. Сондай-ақ нашақордың көз қарашығы ұлғаяды, кейде шамадан тыс белсенді қимылдап, ұйықтамай, тамақ  ішпей де жүре береді.

Аға  жедел уәкіл нашақорлар емделмесе, бес жылдан артық өмір сүрмейтінін айтады. Бұл аралықта ол өзіне қол салуы да мүмкін. Өйткені мұндай науқастар суицидке бейім болып келеді. Екіншіден, психиатриялық диагнозбен өмір сүреді. Яғни  науқас медициналық мекемеге жатқызылса, ол есірткіге тәуелділік пен психиатриялық дерт бойынша ем-дом қабылдайды.

Синтетикалық дәрі-дәрмектің әсері екі сағаттан екі күнге дейін созылса, зәрде жеті күнге дейін сақталады.

«Заңды білмеу – жауапкершіліктен құтқармайды»

– Орал қалалық полиция басқармасына қарасты есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімшесі, негізінен, жасөспірімдер мен жастардың есірткіге қарсы иммунитетін қалыптастыру және есірткі қылмыстарын ашу бағытында жұмыс істейді. Есірткіні тасымалдап, оны әртүрлі орындарға жасыратын «закладчик» жасөспірімдерге қылмыстық жауапкершілік көзделген. Мұндай қылмысқа барса, олар 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Интернетте «Жеңіл жұмыс» деген жарнамалар бар. Байқасаңыз, күнделікті жұмысқа ұсынатын ақшалары да қыруар. Заң білмейтін жасөспірімдер «Бір жерден алып, екінші орынға апарып тастадым. Онда тұрған ештеңе жоқ» деп алданып қалады. Есірткіні тасымалдау, орналастыру – қылмыстың аса ауыр түрі екенін бағамдай бермейді. Ал заңдыбілмеу – жауапкершіліктен құтқармайды. Сондықтан әр атаана перзентінің араласатын ортасын, қайда баратынын, ақшасын қайда жұмсайтынын қадағалап  отыруы  тиіс.

Есірткі қылмысын ашу бойынша Орал қалалық полиция басқармасының есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімшесі жедел және жоспарлы түрде іс-шаралар жүргізуде. Нәтиже де жаман емес. Ұйымдасқан қылмыстық топтардың заңға қайшы әрекеттері де әшкере болуда. Алайда Telegram әлеуметтік желісінің боттары арқылы сатылатын интернет дүкендердің түпкі қожайынын, ұйымдастырушысын табу қиын. Осы бағыттағы интернет дүкендерді, сайттарды, боттарды жаптырып тастасақ та, жаңа атаумен тағы ашып алады. Қылмыс үстінде ұсталғандар кейде телефонын сындырып тастауға тырысады. Алайда құзырлы құрылымдар ұялы телефон қандай жағдайда болса да, оның ішіндегі мәліметтерді қайта қалпына келтіре алады.  Биылғы маусым айы басталғалы облыс аумағында «Қарасора» жедел-профилактикалық іс-шарасы жүріп жатыр. Осы аралықта есірткі тектес өсімдік өсірген төрт дерек анықталып, ұйымдастырушыларға қылмыстық іс қозғалды. Облыс аумағында көбіне кептірілген марихуана, «тұз», «меф», гашиш есірткілері тәркіленуде. Біз есірткі шегетін адамдарды сөйлеген сөзінен, өз-өзін ұстауынан анықтай аламыз. Мысалы, «тұз», «меф» шегетіндермен тілдескенде сұрақ қойсаң, ойланып, тез жауап бере алмай, сөйлемдерін құрастыра алмай, «өз әлемінен» шыға алмай жатады.  Ал көкнәр сабанын (маковый соломка) тұтынатындар есірткіні тікелей көк тамырға егетіндіктен, олардың терілерінен өзіндік (спецификалық) иіс шығады. Марихуана мен гашиш шегетіндерді көздерінен байқаймыз. Көзінің қарашықтары үлкейіп кетеді. Былтыр психотроптық дәрілер сататын төрт дәріхана жабылған еді. Биыл дәріханаларға қатысты арыз-шағым тіркелген жоқ, – деді  полиция майоры Ләззат Көбенғалиева. Сондай-ақ ол басқарма тарапынан есірткі қылмысына қарсы атқарылған іс-шаралар туралы баяндап, полиция қызметкерлерінің университеттер мен колледждерге, мектептерге барып, студенттер мен оқушыларға қылмыс жасамау туралы, әсіресе, аса қауіпті қылмыс түрі саналатын есірткіні тасымалдауға жоламау жөнінде  лекция  оқитындарын  айтты.

Өмірдің түрлі кедергілері мен қиындықтарына қарсы тұра алмай, жан тыныштығын есірткіден іздейтіндер аз емес. Жаһанды жайлаған есірткінің бір грамын қолдану қылмыстық жауапкершілікке тартуға жеткілікті. Дегенмен, қатаң жаза нашақорлар қатарын кемітер емес. Сондықтан нашақорлық дертіне қарсы күресті құзырлы құрылымдармен бірге, бүкіл  қоғам  болып  жүргізу  шарт.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале