11.04.2026, 9:30
Оқылды: 8

«Ғалым болу үшін ғылымға деген ынта-ықылас керек»

12 сәуір – Ғылым  қызметкерлерінің  күні

Бала кезден  ғылыми  жаңалықтарға  құштар  болып,  ілім  жолына  түсуді  мұрат  еткен  жанның  бірі  – Бейбіт  Нәсиев.  Бүгінде  ол  –  ауыл  шаруашылығы  ғылымдарының  докторы,  ҚР  Ұлттық  Ғылым  Академиясының  академигі,  Жәңгір  хан  атындағы  Батыс  Қазақстан  аграрлық-техникалық  университеті  ветеринария  және  агротехнология  институтының  профессоры.  Бейбіт  Нәсиұлының  ғылыми  еңбектері  мал  жайылымының  жай-күйі  мен  жем-шөп  мәселесін  зерттеп,  ұтымды  шешімдер  ұсынуға  бағытталған.  Ғылым  қызметкерлерінің  күні  қарсаңында  ғалыммен  кездескенде  өмірі  мен  еңбек  жолы,  ғылымға  деген  көзқарасы  жөнінде  жазып  алуды  жөн  көрдік.  Профессор  биыл  күзде  асқаралы  алпыс  жасқа  толмақ.

20220607_150016

Ғылымға жетелеген  жол

1966 жылы Бөкей ордасы ауданының Саралжын ауылында өмірге келген Бейбіт Нәсиұлы Ф. Энгельс атындағы орта мектепті үздік аттестатпен аяқтаған. «Оқушы кезімнен ғылыми жаңалықтарға қызығатынмын. Ғалым болсам деген арманым сол бала кезде қалыптасты», – деп еске алды ғалым. Ауыл мектебінен қанат қаққан соң 1983 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы университетіне (қазіргі Жәңгір хан атындағы БҚАТУ) өзі армандаған агрономия мамандығына оқуға түседі. Сол аралықта Кеңес армиясы қатарында әскери борышын өтеп келіп, 1990 жылы институтты қызыл дипломға бітіреді. Бейбіт Нәсиұлы айтып өткендей, сол жылдары жоғары оқу орындарында мамандарға қазақ тілінде білім беруге басымдық беріле бастады. Ол институттың ғылым бөлімінде жас маман ретінде еңбек жолын бастады.

1991-1994 жылдары Мәскеу қаласындағы В. Вильямс атындағы Бүкілресейлік мал азығы ғылыми-зерттеу институтының (күндізгі бөлім) аспирантурасына түсіп, оны үздік аяқтады. 1994 жылы ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, Ресей ауыл шаруашылығы ғылымдары академиясының (РАСХН) корреспондент мүшесі Ю. Новоселов пен ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор А. Шпаковтың жетекшілігімен ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңесінде кандидаттық еңбегін сәтті қорғады. Ғылыми зерттеуіне «Ресейдің күлгін топырақты орталық аймағында көпжылдық бұршақ тұқымдас шөптер мен жабынды дақылдардан жоғары өнімді ақуыз агрофитоценоздарын құрастыру» мәселесі арқау болды. 2003-2006 жылдары ҚР ҰҒА академигі Р. Елешевтің жетекшілігімен Қазақ ұлттық аграрлық университетінің (топырақтану
және агрохимия кафедрасы) докторантурасында білім алды. 2007 жылы ҚР ҰҒА академигі Р. Елешевтің жетекшілі-гімен В. Вильямс атындағы Бүкілресейлік мал азығы ғылыми-зерттеу институтының диссертациялық кеңесінде докторлық диссертациясын сәтті қорғап шықты. Бұл жолғы ғылыми зерттеу еңбегі «Батыс Қазақстан жағдайында дәнді және жем-шөп дақылдарын өсіру жүйесін жетілдіруді ғылыми негіздеу» тақырыбына арналды.

Академик Бейбіт Нәсиұлы 2012 жылдан бастап қазіргі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті жариялап отыратын грант қаржысы бойынша байқауларға қатысып келеді. Содан бері жеті ғылыми жоба ұтқан. 2021-2026 жылдары ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің конкурсы бойынша үш бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру ғылыми-техникалық бағдарламасын ұтып, ғылыми жетекшілік етіп келеді. Бөкей ордасы ауданындағы «Мирас» шаруа қожалығы мен Бәйтерек ауданындағы «Дәуқара»  шаруа қожалығында біраз зерттеу жұмысын жүргізіп, жаңа шешімдерді өндіріске енгізді.

Ғалым 12 монография даярлап, халықаралық Web of Science, Scopus және Agris базаларында 370-тен астам ғылыми мақала жариялады. Бір патент және сегіз пайдалы модель патентін алды.

«Жайылым  жайы  алаңдатады»

Жоғарыда айтып өткендей, академиктің ғылыми жұмысы жайылымды жақсартуға, малазықтық дақылдарды өсіруге бағытталған. Осы орайда ғалымға «Бүгінде өңірдегі жайылымдардың жай-күйі қандай? Шаруалар оларды тиімді пайдаланып жүр ме? Жайылымды қалай пайдалану керек?» деген сауалдарды қойдық.

– Бүгінгі таңда Қазақстанда 183,4 млн гектар жайылым алқабы болса, оның қолданыстағы көлемі – 82,4 млн гектар. Соңғы жылдары жер жүзіндегі, соның ішінде Қазақстандағы жайылымдардың тозуы белең алып отыр. Еліміз бойынша жайылымдардың 40-60%-ы әр түрлі деңгейде тозу сатысында тұр. Ал 27 млн гектары қатты тапталған. Батыс Қазақстан облысында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдалануға берілген 6,2 млн гектардан астам жайылым алқаптары бар. Жер серіктерінен алынған ғарыштық суреттерді пайдалана отырып жүргізген зерттеулеріміз облыс жайылымдарының 35-40%-ға жуығы тозу үдерісінің 1-4 сатыларында екенін анықтады. Ал тозудың ең күрделі 4-сатысында мал жайылымдары таптала бастайды. Сәйкесінше мұндай жерде өсімдіктер жамылғысының сапасы да тозады. Соның ішінде изен, еркекшөп, бетеге, қоңырбас секілді малға қажетті құнарлы өсімдіктердің  саны да азайып, өнімділігі де төмендейді. Осы деректердің өзі де шаруалардың жайылымға деген көзқарасын және оны ұтымды пайдалану мәдениеті қандай деңгейде екенін айқындайды.

Біздің ғылыми тұжырымдарымыз бойынша жайылымдардың тозуының басты себебі – мал санының шексіз өсуі немесе шаруалардың ғылыми негізделген мал жаю жүктемелерін сақтамауы. Мысалы, 1 бас ірі қараға жайылымдардың өсімдіктер жамылғысының өнімділігіне қарай 11-13 гектар, ал қой малына 2-3 гектар алаң қажет. Алайда көп жағдайда фермерлер бұл ережені ескермейді. Әрине, жайылымдардың тозуына климаттық фактордың да үлесі бар екенін ұмытпау керек.

Шаруалардың барлығы бірдей емес, олардың арасында жайылымды тиімді пайдаланып жүргендер де баршылық. Өз ісіне жауапты фермерлер  ғалымдармен тығыз байланыс орнатып, ақыл-кеңес сұрап, жайылым тиімділігін арттыру бағытында жұмыс істеп жүр. Бұл ретте аудан әкімдіктерінің  және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ұйымдастыруымен өткізіліп жүрген әр түрлі семинарлардың маңызы зор. Мысалы, 2024-2025 жылдары Бөкей ордасы ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен осы мәселеге арналған үлкен кеңес өтті. Онда ғалымдар шаруаларға жайылымдарды ұтымды пайдалануға, мал жаю технологиясына байланысты таныстырылым жасап, кеңестер берді, – деді Бейбіт Нәсиұлы.

Ғалым айтып өткендей, мал бағу зор жауапкершілікті, ғылыми-өндірістік білімді талап етеді. Малдан сапалы, мол өнім алу, оның саулығы мен тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін оларды жайылымдарда жаюмен қатар, қосымша азық беріп отыру қажет. Ең алдымен, малға берілетін жем-шөп құнарлы болуы шарт. Ғылыми талаптарға сәйкес мал азығының 1 келі құрғақ затында кем дегенде 10,5-11 МДж алмаспалы энергия және 18-23% шикі протеин болуы керек. Бұл жағдайда азық құнарлы немесе қоректік заттар құрамы бойынша теңгерілген болып есептеледі.

– Бүгінгі таңда шаруашылықтарда көп жағдайда малға құнарлылығы төмен жем-шөп беріледі. Осыған байланысты мал азығының жетіспеушілігі 30-40%-ға дейін артады. Аграрлық ғылымның да басты мақсаты – малға құнарлы азық беру үшін зерттеулер жүргізу. Ал құнарлы азық алу үшін көптеген ғылыми негізделген тәсіл бар. Оларға құнарлылығы жоғары малазықтық дақылдардың агрофитоценоздарын*, жасыл конвейерлерін* құрастыру, малазықтық дақылдардың жаңа жоғары өнімді сұрыптарын пайдалану жатады, – деп түсіндірді Бейбіт Нәси-ұлы.

Мал шаруашылығын өрістетудегі тиімді шешімнің бірі – ауыспалы жайылым. Бұл – шұрайлы жерді тоздырмай, өнімділігі мен сапасын арттыру үшін мал жаюды жүйелі түрде алмастырып, пайдалану әдісі. Оны ұтымды пайдалану үшін мал өрісін бірнеше телімге бөліп, малды кезең-кезеңмен жаю, мал басын жайылымның азықтық қорына қарай реттеу қажет. Ауыл шаруашылығы ғылымдары докторының айтуынша, бастысы, өрістегі телімдерді маусымдарда кезең-кезеңмен ауыстыра пайдаланып, оларға тынығуға мүмкіндік берген жөн. Сол кезде ол жердегі пайдалы өсімдіктер нәр жинап, қайтадан қаулап өседі. Ауыспалы жайылым топырақтың да жақсаруына зор мүмкіндік береді.

– Соңғы жылдары біздің жүргізген зерттеу деректері-мізге сәйкес ауыспалы жайылымда жалпы проективтік жамылғы 65-85% аралығында тіркеліп, бағалы астық тұқымдас өсімдіктердің үлесі 30-62%-ды құрады. Жусан туысына жататын Artemisia lerchiana және Artemisia aus-triaca түрлерінің үлесі жайылым жүктемесіне байланысты 12-20% аралығында өзгерді. Қарқынды пайдаланылатын учаскелерде жусанның ең жоғары үлесі (20%) байқалды, ал жайылымдық жүктеме азайған жағдайда бұл көрсеткіш 12-18%-ға дейін төмендеді. Жусан – оңтүстік аудандардағы жайылымдарда ең көп кездесетін негізгі өсімдік. Ауыспалы жайылымдарды пайдаланғанда жасыл масса арқылы жиналған алмасу энергиясы 0,83-2,37 ГДж/га деңгейінде болды. Ал тынығу кезеңінсіз қарқынды жайылым технологиясында бұл көрсеткіш маусымдық пайдалану нұсқаларымен салыстырғанда 0,61-1,46 ГДж/га-ға төмендеп, тиісінше 42,36-63,76% азайған, – деді профессор.

IMG-20240722-WA0075

 

«Ғылыми жұмыс қызық  әрі  қиын»

– Қай ғалым үшін де ғылыми жұмыстың үздігі немесе жақсы не жаманы жоқ деп есептеймін. Мен үшін барлық ғылыми жұмыстың қызығы мен қиындығы бар. Ғылым жүйесінде жұмыс істеу қиын емес деп ойлаймын. Ең алдымен, адам бұл жұмысты шын жүрегімен қалауы тиіс немесе осы істің нағыз жанкүйері болуы шарт. Егер сіздің болмысыңыз, жүрегіңіз қаламаса, онда ғылымды алып жүру, ғылыми жетістіктерге жету өте қиын. Яғни ғылымға деген ынта-ықылас болу керек деп ойлаймын. Ғылымға белсене араласу үшін оған жасалатын жағдайдың да маңызы зор. Кейінгі жылдары елімізде ғылымды дамытуға үлкен көңіл, қомақты қаражат бөлініп келеді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда ғылымды қаржыландыру рекордтық деңгейде – 261,5 млрд теңгеге жетіп, соңғы бес жылда үш есеге артты. Негізгі көлем (81,5%) республикалық бюджеттен қамтамасыз етіледі. Мұндай қолдау-көмек соңғы жылдары жастардың ғылымға деген көзқарасын өзгертті. Біздің университетте де болашағынан зор үміт күттіретін талантты жас ғалымдар баршылық, – деген ғалым өзінің ізін басқан жастарға зор сенім артып отыр.

Мәселен, Бейбіт Нәсиұлының ғылыми-педагогикалық бағытта еңбек еткен жылдары мал азығы және жайылым шаруашылығы бағытында қалыптасқан ғылыми мектебі бар. Соңғы үш жылда ғалымның жетекшілігімен бес жас PhD докторы, 50-ден астам ғылым магистрі даярланды. Шәкірттері – жас ғалымдар Н. Жаңаталапов, А. Беккалиев былтыр қауымдастырылған профессор атағын алды.
М. Хиясов, А. Берекетова, А. Дукеева докторлық диссертацияларын сәтті қорғап, қазір орындалып жатқан ғылыми жобалар мен бағдарламаларға белсенді араласуда. Ол осы нәтижелерге қарап, жастардың ауыл шаруашылығы ғылымына қызығушылығы мен оң көзқарасын аңғаруға болады дейді.

– Ғылыми-педагогикалық еңбек үнемі ізденісті, өмір бойы білімді дамытуды талап етеді. Бүгінгі таңда барлық саладағы бәсекелестік ғылыми ортада да баршылық. Осы тұрғыда талмай еңбек еткен ғалым ғана бәсекеден сүрінбей, сұранысқа ие бола алады. Тек еңбек қана адамды шыңдайды. Еңбек пен ізденістің нәтижесінде мен 2009 және 2015 жылдары «ҚР ЖОО-ның үздік оқытушысы» атағына ие болдым, биыл да осы конкурсқа қатысу жоспарымда бар, – деді Бейбіт Нәсиұлы.

Айта кету керек, биыл қаңтар айында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Алматы қаласында «Жоғары білім және ғылым: цифрландыру және жасанды интеллект жылы» тақырыбындағы кеңейтілген алқа отырысын өткізді. Іс-шара аясында республика бойынша үздік 34 жобаның көрмесін ұйымдастырды. Осы көрмеге үздік ғылыми жоба ретінде 2023-2025 жылдары Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-да Бейбіт Нәсиевтің жетекшілігімен жүргізілген ҚР ҒЖБМ Ғылым комитетінің «Қазақстанның малазықтық алқаптарында тұрақты басқару контексінде жем-шөп дайындау технологиялары мен тәсілдерін жасақтау» ғылыми-техникалық бағдарламасы іріктеліп алынды. Бағдарламаның ғылыми нәтижелері министр Нұрбек Саясат мырзаға, сонымен қатар көрмеге қатысушыларға жақын таныстырылды. Бұл ауқымды зерттеулерді қамтитын үлкен бағдарламаға өзге облыстардағы тоғыз жоғары оқу орны мен ғылыми мекемелердің беделді ғалымдары қатысқан. Олар республиканың әр түрлі табиғи-климаттық аймақтарында жем-шөп дайындау технологиялары мен тәсілдерін зерттеді.

Саналы өмірін ғылым-білімге арнап, ауыл шаруашылығының өркендеуіне үлес қосып келе жатқан Бейбіт Нәсиұлы: «Ғалымдарда бос уақыт мүлде болмайды» дейді. Ал негізгі хоббиі – әдеби кітап оқу.  Зайыбы Гүлмира Хамитқызы екеуінің көзінің ағы мен қарасындай ұл-қызы да білімді. Қызы Диана Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Дубай қаласында халықаралық компанияда жетекші маман болса, ұлы Еркебұлан – аудармашы.

Агрофитоценоз* – ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру үшін қолдан жасалған өсімдіктер қауымдастығы (малазықтық және т. б. дақылдар). Бір жерге шоғырланған әртүрлі өсімдіктер агротехникалық шаралардың (топырақты өңдеу, тыңайтқыштар) көмегімен ғана өседі.

Жасыл конвейер* – жайылым кезеңінде (көктемнен күздің соңына дейін) ауыл шаруашылығы жануарларын жаңа жасыл құнарлы азықпен үздіксіз қамтамасыз ету жүйесі. Ол үшін түрлі уақыт-
та пісетін сан алуан дақылдарды (қара бидай, шөптер, жүгері)  ұдайы  пайдаланады.

Ясипа  Рабаева,

 «Жайық Пресс»

Суреттер  Бейбіт  Нәсиевтің жеке  мұрағатынан алынды 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале