2.08.2021, 22:47
Оқылды: 54

Иммунитет көтерудің бір жолы – ұлттық тағамдарды тұтыну

Covid-19 ен тағылған әрі әлем елдерін түгелдей дерлік жайлай бастаған індет жағдайында ағзаның оған қарсы қабілетін көтере білудің пайдасы өте мол. Бүгінгі күні иммунитет деген термин күнделікті ауызекі және жазба тілде жиі қолданыла бастады. Сайып келгенде, індетке қарсы қабілетті көтеру мен иммунитет ұғымдарының түп-төркіні бір екені жөнінде отандық және шетелдік медик ғалымдар тың тұжырымдар жасап отыр.

Қазіргі кезде пандемиядан қорғану мен сақтанудың ең басты әрі ең сенімді жолы – екпе салдыру екені айтылып та, жазылып та жүр. Оған күмән келтіру ниетінен аулақпыз. Өйткені тәжірибе жүзінде бұл тәсіл өзін-өзі ақтай бастаған секілді. Оның үстіне екпеден кейін өзін ауыр сезініп, қатты қиналған немесе өлімге душар болған азаматтар ілу де біреу-ақ, тіпті жоқтың қасы. Індетке қарсы иммунитет қалыптастырудың басты жолы екпе алу екені де талас туғыза  алмайды.

иммунитет 1-бетке копия

Солай дей тұрсақ та, вакцина қабылдаумен бірге иммунитетті көтерудің өзге табиғи жолдарын қарастырғанның да ешқандай артықшылығы жоқ екені аян. Айталық, дүниені дүрліктірген дерт ең алдымен өз шеңгелін адамның тыныс мүшесі өкпеге салатыны бүгінде ешкімге құпия емес. Оны асқынтып алған жағдайда өкпесі мүлдем істен шығатыны да дәрі-герлердің күнделікті тәжірибесінде жиі кездесуде. Коронавирустың бүгінгі жай-күйі жөнінде БАҚ беттерінде беріліп жүрген деректер де алдыңғы пікіріміздің айғағы.

Медицина ғылымының белді өкілдері індетке қарсы қабілет пен иммунитетті көтерудің басты бір жолы – қуаты мен дәрумені мол, жұғымдылығы жоғары табиғи тағамдарды тұтыну деген ортақ ұйғарымдарға ойысып келеді. Соның ішінде олар мал өнімдерінен алынатын май мен сәуір-мамыр айларында сиырдың сүтінен әзірленген сары майдың пайдасы өте мол екенін алға тартуда. Деликатестің қатарынан ойып орын алатын тағамның бұл түрін жергілікті тұрғындар «қызғалдақтың майы» деп атап жүргені мәлім.

Бұл ретте бүгінгі қазақ медицина ғылымының ақсақалы, қазақ тағамтану академиясының ректоры Төрекелді Шармановтың ұлттық тағамдарды ұдайы тұтыну жөніндегі ақыл-кеңестері тектен-тек емес екендігі айқындала түсуде. Бір қызығы қазіргі коронавирус кезінде өкпенің дұрыс жұмыс жасауы үшін жоғарыда аталған өнімдердің пайдасы мол болатынын осыған дейін басқаша көзқараста болып келген Ресей ғалымдары да қуат-тап отыр.

Айталық, Ресей медицинатехникалық ғылымдары академиясының академигі, дәрігер-ревматолог Павел Евдокименконың ғаламторда білдірген пікірінше, адамның өкпесі майға тәуелді. Сондықтан оны қажетті мөлшерде пайдаланбаған жағдайда тыныс алу мүшесінің қызметі нашарлай түседі. Өзінің індеттен сақтануға қатысты білдірген ой-пікірінде ол күнделікті тағам құрамында малдан алынатын май мөлшерінің жеткілікті болуы – өкпе үшін ең қажетті жағдай дей келіп, эпидемия кезінде әр адам ең кем дегенде 20 грамм сары май мен бір кесек шошқа майын жеп тұрғаны жөн деп тұжырымдапты.

Әрине, бұл жерде өзіміздің Төкең-Төрекелді Шарманов айтып жүргендей, ресейлік ғалым П. Евдокименконың шошқа майы дегенін жылқының қазысымен немесе Еділбай қойының майымен, сүбесімен алмастырып қана қабылдай алатынымыз айтпаса да түсінікті.

Осыған дейін дәрігер мамандар мал өнімдерінен алынатын майдың зиянды жақтарын, оның ағзадағы холестерин мөлшерін көтеруге әсері тиетінін тілге тиек етіп келгені белгілі. Соның салдарынан қуат пен күш және калория бере алатын халқымыздың ұлттық тағамдары түрлі аурулардың алдын алу және иммунитетті көтеру мәселесінде кейінгі орынға ысырылып келді.

 

Темір  Құсайын

Мақаланың толық нұсқасын облыстық «Орал өңірі» газетінің 3 тамыздағы  №62 санынан оқи аласыздар.

 

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале