22.01.2024, 16:30
Оқылды: 37

Инвестор талабына икемделе аламыз ба?

Жуырда Оралдағы облыстық кәсіпкерлер палатасында өткен жиналыста өңірдегі сүт өндіру және сату мәселесі талқыланды. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов пен кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Марат Әбдірахманов, сүт-тауарлы фермалар мен шаруа қожалықтарының басшылары қатысты.

IMG_9537

– Сүт өнімдерін өндіретін француздық «Lactalis Group» компаниясының бар екенін білесіздер. Бүгінде халықаралық кәсіпорын әлем бойынша бірінші орында тұр. Жылдық айналымы – 16 миллиард евро. Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарында соның «ФудМастер» еншілес компаниясының екі зауыты жұмыс істейді. Осыдан төрт жыл бұрын еншілес компания БҚО-да сүт өңдейтін зауыт салмақ болған еді. Сол кезде осы мақсатта жер де берілді. Алайда өңдеуге қажет сүт мөлшері, яғни шикізат болмағандықтан зауыт салынбады. Облыстық кәсіпкерлер палатасында осы мәселені талқылап, талдау жасаған едік. Қазір өңірде сүт өндірумен айналысатын 36 шаруа қожалығы мен жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Болашақта олар 30 мың тоннадай сүт өндірі мүмкін. Облыста қолға алынған бағдарламалардың арқасында бұл саланың дамып келе жатқанына куә болдық. Мен осыдан екі айдай бұрын «ФудМастер» компаниясының басшылығымен кездесіп, өңірде зауыт салу мәселесін қайтадан көтердім. Олар облыста жылына 15 мың тонна сүт өндірілетін болса, зауыт салуға дайын екендерін айтты. Бірақ бұл жұмысты бастамас бұрын батысқазақтандық фермерлермен кездесіп, мәселені тағы да көзбе-көз талқыламақ. Себебі олар сүт зауыты шикізатпен үздіксіз қамтамасыз етілуі тиіс деп отыр. Сондықтан осы жиын барысында сіздердің ой-пікірлеріңізді білгіміз келеді.

IMG_9548

«Зауытқа қажет шикізат табыла ма?» деген кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің мүшесі Марат Әбдірахманов бұл мәселені шешуді жергілікті фермерлерге қолдау көрсету мақсатында қолға алғанын атап өтті.

Оның айтуынша, зауыт салынса, алғашында сүт шаруа қожалықтары мен ЖШС-лардан қабылданбақ. Одан кейін жеке қосалқы шаруашылықтардан да өнім жиналады.

IMG_9551

– Күні бүгінге дейін «ФудМастер» компаниясының зауыт салу мәселесі бірнеше рет талқыланды. Бүгінде облыс халқының 21%-ын ғана сүтпен қамтып отырмыз. Сүт болмаған соң, оның өнімдері де жоқ деген сөз. Былтыр облыста Солтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде сүт-тауарлы фермалар құру қолға алынды. Осы бағытта өңірге 6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражатқа 1600 сүтті сиыр және барлық құрал-жабдығы, техникасы бар сүтті-тауарлы ферма құруымыз керек. Бүгінде үш шаруа қожалық бөлінген қаражаттың 3 миллиард 600 мың теңгесін алды. Жыл соңында олардың фермасы жұмысын бастайды. Енді қалған қаражатқа қай ферманың ие болатыны анықталмақ. Осы төрт ферма іске қосылғаннан кейін, сүтпен қамтамасыз ету үлесі 35 000 тоннаға дейін жетпек. Сонымен қатар сүтті мал өсіретіндердің де 2,5% жеңілдікпен несие қаражатын алуға мүмкіндігі бар. Алайда бұл қолдауға көкөніс сақтау қоймалары мен жылыжай салатындар, су үнемдеу технологиясы мен жаңбырлатып суару құрылғысын пайдаланатындар да ие болмақ. Мұндай жеңілдікті шаруа қожалықтары да пайдалана алады. Былтыр облыстағы жеке қосалқы шаруашылықтар да сүтті бағыттағы сиырлар сатып алды. Енді мал өсіргеннен кейін, оның өнімін өңдеп, сататын жер керек. Сондықтан облыста сүт өңдеу зауыты салынуы қажет. Қазір зауыт салынатын жер дайын тұр, – деді облыс әкімінің орынбасары Қалияр Шадиярұлы.

IMG_9546

Бөрлі ауданындағы «Amanat» ШҚ-ның жетекшісі Бақыт Далабаевтың айтуынша, ол Оңтүстік Қазақстан облысының тәжірибесі негізінде 400 бас асыл тұқымды мал әкелмек. Бүгінде қожалықта асыл тұқымды 202 голштин сиырын өсіруде.

- Облыста сүт өндіру мәселесі өзекті болып отыр. Бұл түйткіл жөнінде 2022 жылдан бері айтып келемін. Мәселе әлі шешілген жоқ. Сүт бар, оның көлемі артады. Енді өнімді тапсыратын жер керек. Өндірілген сүт ысырап болмас үшін, үздіксіз қабылдайтын зауыт қажет. «ФудМастер» компаниясының өкілдері келсе, өңірдегі жұмыс істеп тұрған фермалармен таныстырамыз. Зауыт салуды кейінге шегере бермей, биыл қолға алған жөн, – деді қожалық жетекшісі Бақыт Далабаев.

IMG_9572

 Сондай-ақ ол Бөрлі ауданында Сырым, Шыңғырлау аудандарына ортақ шағын цех ашу жөніндегі ұсынысын білдірді. Теректідегі «Төлеңгіт» ШҚ-ның жетекшісі Қанат Дакешев те сүт өңдеу зауытының тез арада салынғаны жөн деді. Бөрлі ауданындағы «KZ NUR» ЖШС жетекшісі Қадырбай Абықовтың айтуынша, оның шаруашылығында 80-нің үстінде сүтті сиыр бар.

- Мал санын көбейтуге болады. Бірақ сүтті тапсыратын жер жоқ. Қазірдің өзінде айына 800-1000 литрдей сүт аламыз. Сондықтан біз де сүт өңдеу зауытының салынғанын құптаймыз, – деді шаруа.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Рүстем Зұлқашевтің айтуынша, өңірде сүт өңдейтін 8 кәсіпорын бар. Олардың жылдық қуаты – 72 мың тонна. Облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Мақсат Құланбаев статистикалық мәліметтерге тоқталды. Мәселен, 2023 жылы өндірілген сүт көлемі бойынша Бәйтерек (39,6 мың тонна), Теректі (30,6 мың тонна), Ақжайық (28,7 мың тонна) және Казталов (28,1 мың тонна) аудандары көш бастап тұр. Ал Орал қаласы мен (5,7 мың тонна) Жаңақала (8,9 мың тонна), Қаратөбе (10,1 мың тонна) аудандарында ең аз өндіріліпті.

Өңірді ірі 29 сүт-тауарлы фермасы мен 6 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі сүт және сүт өнімдерімен қамтамасыз етіп отыр.

Жиынды қорытындылаған Марат Әбдірахманов талқыланған мәселені «ФудМастер» компаниясының басшылығына жеткізетінін айтты.

Ясипа Рабаева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале