6.06.2023, 11:15
Оқылды: 119

Қаһарман кластасқа тағзым

Теректі  ауданының  Шағатай  ауылындағы  Ыбырай  Алтынсарин  атындағы  орта  мектепті  1973  жылы  тәмамдаған  түлектердің  алтын  ұяларымен  қоштасып,  арман  асуларына  қанат  қаққандарына  биыл  50  жыл  толды.  Осыған  орай  олар  жақында  Орал  қаласында  бас  қосқан  болатын. 

кл

 

Аталмыш  кездесуге  кең  байтақ  Қазақстанға  қоса,  ТМД-ның  әр  қиырынан  келген  замандастар  әуелі  ҚР  Қорғаныс  министрлігіне  қарасты  Орал  әскери-техникалық  мектебі  ғимаратының  алдындағы  Кеңес  Одағының  Батыры,  Ресей  Федерациясының  Қаһарманы  Қайыркелді  Майдановтың  кеудемүсініне  гүл  шоқтарын  қойды.  Даңқты  тікұшақшымен  бір  класта  оқыған  құрбы-құрдастар    батырдың  қысқа  ғұмырында  жасындай  жарқылдап,  соңында  өшпес  із  қалдырғанын  атап  өтті.

кл1

Қайыркелді Майданов 1956 жылы 9 ақпанда сол кездегі Орал облысының Жымпиты ауданына қарасты Тасқұдық ауылында жарық дүниеге көрінген. Кеңес әскерінің сапында 1984 жылы алғаш рет Ауғанстанға аттанып, жан алысып, жан беріскен көптеген әскери операцияға қатысады. 1987 жылы Ауғанстанға екінші рет әскери іссапарға жолданады. Қ. Майданов өз тікұшағымен 1250 рет шайқасқа кіріп,  қан майданнан 85 жаралы сарбаз-сардарды алып шыққандығына қоса, 1000-ға жуық десантшыны және 100 тонна жүкті тиісті жерлерге жеткізген. Ержүрек офицер Кеңес Одағының Батыры атағын осы ерліктері үшін 1987 жылдың 29 шілдесінде алса, Ресей Федерациясының Қаһарманы атағы оған Шешенстандағы ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткені үшін 2000 жылы, яғни өзі қаза тапқаннан  кейін  берілді.

– Қайыркелді Сайынұлы бүгіндері Теректі ауданына қарасты Шағатай ауылындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің 9-10 сыныбында оқып жүрген кезде сынып жетекшісі болдым. Ол – менің алғашқы түлектерімнің бірі. Шәкірттерімнің арасынан Кеңес Одағының Батыры шыққандығы мен үшін, әрине, зор мақтаныш. Қайыркелдінің жасаған ерліктері туралы кезінде КСРО-ның «Правда», «Известия», «Комсомольская правда», «Красная звезда» секілді барлық беделді басылымында жарияланды. Мен сол газеттердің тігінділерін естелік ретінде сақтап келемін. «Батыр болып тумайды, батыр болып қалыптасады» дейді ғой, Қайыркелді жасөспірім кезінен-ақ өр мінезді батылдығымен және айналасына қамқорлығымен ерекшеленді. Біз оның ерлігін өскелең ұрпаққа жылдар бойы насихаттап келеміз. Ерлік ешқашан ұмытылмауы тиіс! – дейді батырдың класс жетекшісі Үміт Неғметова.

Ержүрек сардардың бала кезден досы Евгений Метрясов көрші тұрған соң сабаққа бірге барғандарын, футбол-волейбол ойнаған сәттерін, балық аулаған кездерін сарқылмас сағынышпен еске алды. Ал батырдың Нұржамал Мектепқалиева, Риза және Дариға Байтілесова сынды кластас құрбылары Қайыркелдінің қаршадайынан төңірегіне жанашыр, әділдікті жақтайтындығымен ерекшеленгенін атап өтті.

– Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектептің орыс класынан 1973 жылы 24 түлек үлкен өмірге қанаттандық. Менің кластастарымның біразы сол кездегі ортақ Отанымыз КСРО-ның көптеген ірі қаласында оқып, қалаған мамандықтары бойынша білім алды. Біздің арамыздан мұғалім де, дәрігер де, агроном мен инженер де, тіпті заңгер де шықты. Сөйте тұра ұшқыш болсам деген бала кезгі арманына жетіп, ерен ерліктерімен біздің мектебіміз бен ауыл-аймағымыздың абыройын асқақтатқан Қайыркелді Майдановтың біз үшін орны бөлек. Ол – біздің мәңгілік мақтанышымыз!-дейді Самара политехникалық институтын 1979 жылы инженер-химик-технолог мамандығы бойынша тәмамдаған  Марат  Ыбыраев.

 

 Мәди  Салық,

«Орал  өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале