28.09.2023, 9:30
Оқылды: 84

Қақыраған қабырға. Қаптаған қоңыз. Тұнжыраған тұрғындар.

Жуырда редакциямызға Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесі, 15-үй мекенжайындағы жатақханада тұратын тұрғындардың атынан арыз-шағым түсті. Арызды аяқтай алып келген Сұлушаш Оразова жалғыз баспаналарының мүшкіл жағдайын баяндап, барар жері, басар тауы қалмағанын жеткізді.

дом ж (3)

Сұлушаш Оразованың айтуынша, бес қабатты жатақхана 1979 жылы салынған. Мұнда 155 пәтер бар. Бүгінде ғимараттың шатыры шұрқ-тесік. Жаңбыр жауса, тұрғындар толарсақтан су кешеді. Қабырға мен жар сыз тартып тұратындықтан, түрғындар үйдің ішінде жалаң аяқ жүруді ұмытқан.  Жылу, су құбырлары да шіріген. Қысты күні жылу жиі айырылып қалатын көрінеді. Ал көгілдір отын үйге мүлдем тартылмаған. Тұрғындар газ баллон, плитка пайдаланады. Балашаға үйде өздері қалғанда баллон жарылып, өрт шығып кетпей ме деп күн сайын алаңдайтындары тағы бар. Ал үйді қаптаған тарақан-қоңыздан арылу мүмкін болмай тұр. Есік-терезелері де сынып, қабырға тастары  құлап  жатыр.

Аталмыш мекенжайдағы жалғыз баспаналарының жағдайына қатысты 100-ге жуық тұрғыннан осы тақылеттес арыз-шағым түсті. Бірқатарын сол күйі беріп отырмыз.

Дәлізге дәрет сындырып, ұйқысын  қандырып  кетеді

Денсаулық жағдайыма байланысты Орал қаласына 2011 жылы көшіп келдім. Көзім нашар көреді. Жолдасымның жүрегіне ота жасалды. Осы уақытқа дейін жатақханамызды өз күшімізбен жамап-жасқап келдік. Енді жөндеуге мүлдем келмейді. Облыс орталығында тұрып, газ баллон жаққан ұят екен. Оралдан 250 шақырым жердегі Қаратөбе ауданының барлық ауылында табиғи газ кіріп тұр. Жатақхана ғимаратының есік-терезесі де сынық. Көшедегі бомждар дәлізге дәрет сындырып, ұйқысын қандырып жүр. Оларды кеште көрсек қуып жібереміз, бірақ түннің ортасында келіп қонып кетеді. Подъезде жарық жоқ. Қараңғы дәлізде жүру де қауіпті болып барады. Қабырға тастары құлап жатыр. Жертөле, жылу жүйесі, су құбырлары өте ескі. Жарыла береді. Ай сайын тарақанды уласақ та, «құтсыз көршілерден» арыла алмай отырмыз.

дом ж (2)

Гүлзия Зейінова

ПИК (КСК) атымен жоқ

Мен осы жатақхананың тұрғынымын. Бұл үйде көпбалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі жандар тұрады. Жатақхананың жағдайы өте нашар. Жел тұрса, жаңбыр жауса, жарық өшіп қалады. Жарықты қосу үшін электриктерге жалынып жүреміз. Өйткені біздің үйге ПИК қызмет көрсетпейді. Біз жаңбыр жаумаса екен деп тілейміз. Әйтпесе, шатырдан су сарылдап, үйге кіреді. Бала-шаға бәріміз шығып, суды шелекпен сыртқа төгіп жүреміз. Осы жазған арызымыз жауапсыз қалмаса екен. Комиссия мүшелері тұрғын үйді келіп тексеріп, жалғыз баспанамыздың тұруға  жарамсыз  екендігін  көрсе  деймін.

дом ж (1)

Жанат Айболат

Электр  сымдары  салбырап  тұр

Орал қаласындағы Жәңгір хан көшесі, 15-үй мекенжайындағы жатақханада бірнеше жылдан бері тұрамын. Тамағымызды плитка немесе газ баллон арқылы пісіреміз. Осыдан біразырақ бұрын көршілер ақша жинап, өзімізше жөндеу жүргізген едік. Алайда бесінші қабаттан бірінші қабатқа дейін жөндеу мүмкін болмады. Ғимараттың шатыры әбден тозған. Кіреберісте электр сымдары салбырап тұр. Адамның өмірі мен денсаулығына өте қауіпті. Балаларымызға күн сайын ескертіп отырамыз.  Баспалдақтар жарылып жатыр. Бүлдіршіндерге арналған ойын алаңы да жоқ.

Света Қалиева

Қызыл қоңыз қаптап жүр

Шатырдан су жиі ағатындықтан, еден мен қабырғадан сыз тартады. Жарлар ылғалдан көгеріп тұр. Екі күннің бірінде балаларымыз салқын тиіп ауырады. Жертөледе қызыл қоңыз, тарақандар қаптап кеткен. Қоңыздарды қанша уласақ та кетпейді. Дезинфекторларды да бірнеше мәрте шақырдық. Нәтиже жоқ. Осы арызымыз жауапсыз қалмаса екен.

Гауһар Батырғали

Тұрғындар  биыл 21 шілдеде Орал қаласының әкімі М. Сатқановқа арыз-шағым жазған. Хатқа Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінен жауап келген. Мәтінде «Аталған мекенжайдағы тұрғын үй бөлімдегі апатты үйлер тізімінде жоқ екенін хабарлай отырып, апатты деп тану үшін техникалық қорытынды алуға аккредиттелген ұйымдарға жүгінуіңізді сұраймыз. Тұрғын үй апатты деп танылған жағдайда тұрғын үй қорынан үй алу үшін «Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар тізімі» санаты бойынша кезекке тұру мүмкіндігі бар екенін хабарлаймыз. Сондай-ақ Тұрғын үй қорын жаңғырту 2021-2025 бағдарламасы аясында тұрғын үймен қамтамасыз ету тұрғындардың 100 пайыз келісімі арқылы жүзеге асатынын хабарлаймыз.  Өтінішіңіз бойынша қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда жоғары тұрған әкімшілік құрылымға (лауазымды адамға) шағымдануға құқылы екеніңізді мәлімдейміз» делінген. Жатақхана тұрғындарының ендігі әрекеті қалай болмақ деген сауалмен біз Орал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және аутомобиль жолдары бөлімінің басшысы Азамат Халеловке хабарластық. Оның айтуынша, тұрғындар өздері бірігіп, алдымен ғимаратты техникалық қадағалайтын және техникалық тексеретін аккре-диттелген ұйымдарға жүгі-ніп, жатақхананы техникалық сараптамадан өткізуі тиіс. Кәсіпорын «Апатты» деп қорытынды берген жағдайда, олар Орал қаласы әкімдігінің «Жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар тізіміне» енеді. Одан соң салаға жауапты мамандар мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында сол жатақхананы бұзып, жаңа тұрғын үй салатын құрылыс компанияларын іздейді. Ал тұрғындар уақытша баспанаға көшіріледі. Құрылыс компаниялары келісіп, олар үй салып біткен соң тұрғындарға баспаналарының шаршы метріне сәйкес пәтер беріледі. Бүгінде Орал қаласында 54 апатты үй бар екен. Қабырғалары қақырай бастаған (тұрғындардың арызында солай жазылған), едендері сыз тартып тұрған жатақхананың тұрғындарына кезек келгенше Алла жар болсын дейміз. Қабырғасының қаланғанына 50 жыл жуықтап, әбден тозығы жеткен жатақханада бір күні жазатайым жағдай болып, бармағымызды тістеп қалмасақ  игі...

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале