5.03.2021, 12:10
Оқылды: 258

Қамданған қауырт қимылдайды

Қыс бойы жауған қасат қар күрт ерісе, облыс аумағында 85 елді мекенді су басуы мүмкін. Осындай қатерлі аумақта 36 мыңнан астам тұрғын бар.  Орал қаласы, Тасқала, Казталов және Бәйтерек аудандарын мекендегендер  аса сақ болуы тиіс. Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған  брифингте БҚО ТЖД-ның бастығы Жасұлан Жұмашев су тасқынының  алдын алу шараларын баяндап, 27 елді мекенде су басу қаупі жоғары, 50 елді мекен бойынша су деңгейі орташа екенін хабарлады. 

 су

– Төтенше жағдайдың алдын алуға мүдделі қызмет мамандары еріген қар суы басу қаупі бар учаскелерді тексеруде. Облыстағы мекеме-кәсіпорындар және тұрғындар өздеріне тиесілі аумақтағы қарды шығарып, еріген қар еркін ағуы үшін арықтар жасауы қажет. ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 505-бабына сәйкес аумақты абаттандыру ережелерін бұзғандарға, оның ішінде уақтылы қар шығармағандарға әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Облыс бойынша осы талапқа салғырт қараған 22 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды, - деді Жасұлан Жұмашев.

Департамент бастығының мәліметінше, елді мекендерден 494 мың текше метрден астам қар шығарылып, 1150 текше метрден  астам су сорылды. Көктемгі кезеңдегі төтенше жағдайды жоюға жұмылатын жұмыс күші сақадай сай тұр.  Облыс бойынша апаттың алдын алуға резервтен 1,5 млрд теңге қарастырылған. Бүгінгі күні 443 тонна жанар-жағармай материалдары, 88 мың дана қап, 22 мың тонна инертті материалдар қоры дайындалды. Жарушылар бригадаларын (6,820 млн теңге) тарту, аэровизуальді зерттеулер жүргізу үшін тікұшақты (16,7 млн  теңге) пайдалану және қаптар сатып алу (2,895 млн теңге) бойынша шарттар жасасуға қаражат бөлу көзделген. Төтенше жағдай қаупі туындаған кезде дабыл қағатын 84 электрлі механикалық сирена бар. Тұрғындарға SMS-хабарлама жіберіліп және «Дәрмен» қосымшасы арқылы ескерту хабары  жолданады. Жасұлан Жұмашев  өзендерге жақын орналасқан баубақша қоғамы мен саяжай тұрғындары қауіпті аймақта тұратынын, шұғыл көшуге дайын отырып, эвакуациялау пункттеріне баруы керектігін ескертті. Брифингте 2020-2021 жылдардағы жылу беру маусымында тұрғын үй секторындағы өрт қауіпсіздігі мәселесі қозғалды. Облыс аумағында жылыту маусымынан бастап 172 өрт дерегі тіркелді. Жалын құша ғында алты адам көз жұмды. Жеті адам әр түрлі дәрежедегі жарақат алды. Өртке қарсы қызмет бөлімшелері жеті адамды ажалдан құтқарды. Өрт оқиғаларының 82,5%-ында үй ішінде қауіпсіздік ережесіне көз жұма қарау, абайсызда от тұтату, балаларды қараусыз қалдыру және осыған ұқсас басқа себептер есепке алынған. Электр жабдығын монтаждау және техникалық пайдалану қағидаларын бұзу салдарынан (17,4%) да қайғылы оқиға көбейді. Синтетикалық материалдар жанған кезде бөлінетін улы газдың адам денсаулығына орасан зияны болатыны дәлелденді.

Спикер ақпан айының 23-25-і күндері болған ақ түтек боран  салдарынан Казталов, Ақжайық, Жаңақала, Теректі, Бәйтерек,  Шыңғырлау, Тасқала аудандарындағы елді мекендерде электр желісі үзілгенін хабарлады. Наурыздың 1-і күні жалпы 1903 абонентті электрмен жабдықтау толық көлемде аяқталды. «Жығылған үстіне жұдырық» демекші, ақпанның 25-і күні таңғы уақытта Тасқала ауданының орталығы – Тасқала кентінің Абай және Жақсығұлов көшелерінің қиылысында диаметрі 100 мм салқын су құбыры жарылған. Келесі күні кешкі сағат 20.15-те «Коммуналдық шаруашылық» МКҚК күшімен сумен жабдықтау жүйесі қалпына келтірілді. Ақпанның 24-і күні Тасқала кентінде ауа райының қолайсыздығына байланысты сағат 17.00-ден 22.00-ге дейін электр қуаты апатты жағдайда сөніп қалды. Соның салдарынан Жеңіс көшесіндегі көппәтерлі  екі тұрғын үйде (барлығы 48 пәтер) жылу жүйесі істен шықты. Әлі күнге жергілікті атқарушы құрылымдар және ТЖД күшімен жылыту жүйесін қалпына келтіру жұмысы жүргізілуде. Пәтердегілер электр жылытқыштарын көңілге медеу тұтуда. Тұрғындар жылыту пунктіне көшуден бас тартқан. Наурыздың 2-сі күнгі мәлімет бойынша 48 пәтердің 24-індегі жылу жүйесі жөнделді. Тасқала ауданы әкімінің 2021 жыл 26 ақпан күнгі №7 шешімімен Тасқала кентінің аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланды.

 

Нұртай Алтайұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале