Дәл қазір облыстық филармонияның залында 1 қазан – Халықаралық қарттар күніне арналған «Қариялар – асыл қазына» атты концерт басталды.
Мерекелік концертке келген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген қарияларды құттықтап, ізгі лебізін білдірді.
- Қарттар күнімен құттықтаймын! Елімізде жыл сайын қарияларымыздың ерен еңбектері мен ел дамуына қосқан зор үлестерін жоғары бағалап, оларға құрмет көрсетеді. Бүгінгі мерекелік кеш үшін де көп рахмет. Өңірде 91 360 зейнеткер болса, 3 260 тыл ардагері бар. Өкінішке орай тек 16 соғыс ардагері қалды. Облысымыздағы қарттар шараларға белсенді қатысып келеді. Әсіресе спорттық спартакиадалардан қалыс қалған емес. Қажыр-қайраттарыңыз таусылмасын. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, - деді Мақсот Берген.
Қайырымдылық айлығы аясында ұйымдастырылған шарада Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармония артистері өнер көрсетуде.
Абайдың «Торжорғасын» орындаған «Орал сазы» фольклорлық ансамблі кештің шымылдығын ашты.
Сахнада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жаңылсын Хасанова, Фархат Оразов, Медет Оразов, Марат Сарбөпеев, Жаскелең Ғайсағалиев, ҚР «Мәдениет саласының үздіктері» Майра Хайдарова, Ақмарал Тасболатова, Мирзада Сүндетқалиева, Дария Бақытова, «Назерке» халық би ансамблі өнер көрсетпек.
Динара Насыр,
Суретке түсірген автор
zhaikpress.kz