Бүгін Бәйтерек ауданы бойынша мектеп мұғалімдері «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында оқыту курсынан өтті. Мұғалімдерге аталмыш курсқа қатысып, біліктігін арттырғандары үшін арнайы сертификаттарды «AMANAT» партиясы БҚОФ атқарушы хатшысының орынбасары Афиза Семғалиева табыстады. Бұл туралы «AMANAT» партиясы БҚОФ баспасөз қызметі хабарлады.
Облыстық партия филиалы атқарушы хатшысының орынбасары оқыту курсына қатысушыларға алған ақпараттарды тиімді пайдаланып, өскелең ұрпаққа дәріптеу жолында сәттілік тіледі.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы өзінің халыққа Жолдауында қаржылық сауаттылықты арттыру бойынша «Қарызсыз қоғам» жобасына ерекше назар аударды. Президент Үкіметпен бірлесіп бұл бастаманы жалпыұлттық жобаға айналдыруды және оның ауқымын кеңейтуді тапсырды.
Бұл жұмысты ең алдымен мектеп және ЖОО-дан бастау керектігін атап өтті. Бұл дегеніміз Мемлекет басшысының негізгі саясаты – реформаларды халық үшін және халықпен бірге жүргізу екендігін білдіреді.
Айта кету керек, қаржылық сауаттылықты арттыру курсы 2023 жылы бастау алып, сол жылы тоғыз мыңнан астам тұрғын оқытылып, барлық аудандар қамтылды. Ал осы жылы 4 500-ден астам аудан, қала тұрғындары оқытылды.