24.11.2022, 10:30
Оқылды: 87

Кәсіптік оқыту жаңа мүмкіндіктерге жол ашады

БҚО-да жұмыссыздықпен күрес тұрақты түрде жүргізіліп келеді. Жұмыссыз азаматтарға бос орындар жәрмеңкесі арқылы жұмыс ұсынылып, кәсіпке икемі барларға грант бөліп, қайта оқудан өткізіп азаматтардың өз напақасын өздері тауып жеулеріне барынша мүмкіндік жасалып келеді. Сол жасалып жатқан жұмыстар мен қабылданған бағдарламалар өз жемісін беріп жүр ме? Біз бүгін осы мәселе төңірегінде БҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алпамыс Көшкінбаевпен сұқбаттасқан едік.

-Алпамыс Жаңабайұлы, Батыс Қазақстан облысы бойынша жұмыссыз азаматтардың жұмыс табуына, басқа мамандыққа ауысуына қандай жағдайлар жасалуда?

-Батыс Қазақстан облысы жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында халықты жұмыспен қамту стратегиясын іске асырып келеді. Осы мақсатта «2021 – 2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі» ұлттық жобасы жүзеге асырылуда. Бұл ретте, ұлттық жоба аясында жұмыспен қамтудың белсенді шаралары қарастырылған. Олар: студенттер мен жұмыссыздарға арналған – «Әлеуметтік жұмыс орны» бағдарламасы, «Қоғамдық жұмыстар» бағдарламасы, оқуын 3 жыл ішінде аяқтаған, еңбек өтілі жоқ азаматтарға арналған – «Жастар практикасы», «Алғашқы жұмыс орны», 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған және 29 жасқа толмаған білім беру ұйымдарының түлектеріне арналған – «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы және кәсібін ауыстырып, басқа мамандық бойынша жұмысқа орналасқысы келетін азаматтар үшін – «Қысқа мерзімді кәсіптік оқыту» бағдарламалары бар.  Зейнет жасына жақындап жұмыссыз қалған азаматтарымызды "Күміс жас" бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырып жүрміз. Мемлекет тарапынан қолға алынған жобалардың барлығы облысымыздағы жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне оң үлесін қосып келеді деп толық айта аламын.

 -«Қысқа мерзімді кәсіптік оқытудың» шарттары мен мерзімін, талаптарын жұрт біле білмейді. Немесе жыл өте келе оқытуға қандайда бір өзгерістер енуі шарт қой. Сондықтан бағдарламаның осы бағытын көпшілікке тағы бір түсіндіріп өтсеңіз артық болмас.

-Дұрыс айтасыз. Дегенмен айтарлықтай өзгеріс жоқ. Жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес, еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандарды дайындау үшін «Қысқа мерзімді кәсіптік оқу» оқытылады. Қысқа мерзімді кәсіптік оқу – жұмысшы кадрларды кәсіптік даярлау және қайта даярлау бойынша оқу мерзімі қысқартылған білім беру бағдарламаларын іске асыруды көздейтін техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің бөлігі болып табылады. Оқу мерзімінің ұзақтығы мамандыққа сәйкес 1-6 ай аралығында. Кәсіптік оқудан өтетін бағдарлама қатысушылары жұмыссыздар және қысқартылатын жұмыскерлер болып табылады. Бағдарлама қатысушылары оқу ақысын төлеу үшін мемлекеттік қолдау, шәкіртақы, жол жүру ақысымен қамтамасыз етіледі. Тұрғылықты жерінен тыс елдімекендерде оқитын бағдарлама қатысушылары үшін жол жүруге және тұруға, үйді жалдау бойынша материалдық көмек төленеді. Оқуды аяқтаған және біліктілік емтиханын тапсырған бағдарлама қатысушыларына білім беру ұйымы куәлік немесе сертификат береді. Жұмыссыздар оқуын сәтті аяқтаған күннен бастап жұмыс беруші оны кемінде 12 ай мерзімге мәлімделген жұмыс орнына жұмысқа орналастырады.

-Осы бағдарлама бойынша оқып, мамандығын ауыстырып, қазіргі таңда еңбек етіп жүрген мамандардың бір-екеуінен мысалға келтірсеңіз?

-Ағымдағы жылы жұмыс берушілердің сұранысы бойынша 296 адамды оқыту жоспарланып, бүгінгі күнге 292 адам жолданды.

Солардың бірі – Жазира Аюпова. Биылғы жылдың маусымынан бастап жұмыссыз ретінде тіркеліп, өз мамандығы бойынша жұмыс таба алмауына байланысты жұмыспен қамту орталығы азаматшаға «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде қысқа мерзімді оқыту (біліктілікті арттыру) жөнінде толық ақпарат берген еді.

Переметный ауылдық округінде «Қазпошта» АҚ-да есепші мамандығының бос жұмыс орнына сұраныс болуына байланысты аталған тұрғынға «1 С есепші» мамандығы бойынша 1 айлық курстан өту ұсынылды.

Оқуын тәмәмдағаннан кейін «Қазпошта» АҚ -на есепші мамандығына жолданып, тұрақты жұмысқа орналастырылды.

WhatsApp Image 2022-11-24 at 07.33.01

Бағдарламаның игілігін көргендердің бірі - Бөрлі ауылының тұрғыны Мирамгүл Сарсенова. Ағымдағы жылы 17 маусымда «Бөрлі ауданы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-не «Азамат» ЖК-нен аспаз мамандығы бойынша өтінім түсті. Жұмыссыз Мирагүл Сарсенова маусым айының аяғында «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021 – 2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бағдарламасының 1 бағыты аясында аспаз мамандығы бойынша қысқа мерзімді оқуға жолданып, бір айдан соң оқуын аяқтап, сертификатын алды. Қазіргі таңда «Азамат» ЖК –де аспаздық қызметте.

WhatsApp Image 2022-11-24 at 07.47.29

Бағдарлама Алмагүл Саримованың өміріне де өзгеріс алып келді. Алмагүл – мемлекеттік бағдарлама аясында биылғы жылы кәсіптік оқуға «Орал оқу орталығына» 1 ай мерзімге “Көмекші тәрбиеші” мамандығына оқып, Казталов ауылында жаңадан ашылған “Жадыра” балабақшасына тәрбиешінің көмекшілігіне тұрақты жұмысқа орналасты.

Оля Шамгулова болса жұмыспен қамту орталығында маусым айында жұмыссыз ретінде тіркелген. Жұмысқа орналасу мақсатында «Кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы» аясындағы жұмыс берушінің сұранысына сәйкес, қысқа мерзімді кәсіптік оқу арқылы жұмыспен қамтылу ұсынылды. Тұрғылықты жері бойынша «Жазықбай» шаруа қожалығынан тігіншілікке өтінім келді. Соған сәйкес Орал қаласындағы «ЮлАнИл» оқу орталығында 3 ай уақыт аралығында «Пішу және тігу» мамандығында оқыды. Оқуды сәтті аяқтаған соң сол жұмыс берушіге тұрақты жұмысқа орналасты.

WhatsApp Image 2022-11-24 at 07.47.28

Раушан Төлегенова - ағымдағы жылдың 4 шілде күні "2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба" аясында «Утемисова» жеке кәсіпкердің өтінімі бойынша Р.Төлегенова қысқа мерзімді кәсіптік оқуға Орал қаласындағы «Юланил» оқу орталығына педикюр шебері мамандығы бойынша 1 айлық курсқа жолданып, 4 тамыз күні оқуын аяқтап, өтінім берген жұмыс берушіге тұрақты жұмысқа орналасты.

Бүгінгі күні қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен азаматшылар жаңа жұмыс орындарында еңбек етіп, жемісін көруде. Жұмыс беруші азаматтар қызметкерлерінің білікті, жауапкершіліктері мол, аз уақыт ішінде тәжірибелі маманға айналғанын хабарлауда.

 -Жұмыс берушілерге, жұмыссыз азаматтарға айтар ұсыныстарыңыз болса...

-Кәсіптік оқыту жұмыс берушілердің сұранысы бойынша ұйымдастырылады және толықтай мемлекет тарапынан қаржыландырылады. Мамандығы бойынша жұмыс таба алмай жүрген азаматтар кәсіптік оқу арқылы сұранысқа ие мамандықтарға оқып, жұмысқа тұруға мүмкіндігі бар. Осы орайда жұмыс беруші азаматтар жұмыс орындарында жетіспейтін және қазіргі таңда өзекті мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқытумен мамандар даярлауға ұсыныс білдіруіне болады. Облыс бойынша барлық кәсіпкерлер мен мекеме басшыларынан алдағы жылға осы бағдарлама арқылы оқытылуы керек мамандардықтар бойынша ұсыныс күтемін. Ұсыныстарыңызды [email protected] электронды почтасына және 8 775 045 9069 нөмірі арқылы Whatsapp-қа жолдауыңызға болады. Өз тарапымнан барлық сұрақтарға дереу жауап беріп, ұсыныстарды әріптестеріммен талқылап, жүзеге асыру бағытында бірге жұмыстануға әзір екенімді айтқым келеді.

-Әңгімеңізге рахмет!

Сұқбаттасқан Жанат Көшкінбай,

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале