Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған Қасым-Жомарт Тоқаевқа мамыр айында Түркияға мемлекеттік сапары мен Нью-Йорктегі екіжақты кездесуден кейін қайтадан жүздесіп отырғанына қуанышты екенін атап өтіп, қонақжайлығы үшін алғыс айтты.
Түркия Президенті жаһандық және аймақтық тұрақсыздық белең алған шақта түркі мемлекеттерінің ынтымағын одан әрі нығайту қажет екенін, сондықтан стратегиялық серіктес әрі бауырлас ел Қазақстанның қауіпсіздігіне, тұрақтылығына, территориялық тұтастығына және экономикалық әл-ауқатының жақсаруына айрықша мән беретінін жеткізді.
Түркияға мемлекеттік сапарыңыз барысында қол қойылған 14 ынтымақтастық туралы құжат пен ортақ декларация қарым-қатынасымызға тың серпін берді. Бүгін осы келісімдерге қосымша жаңа құжаттар қосылады. Атажұртыма келген маған және менің делегацияма қонақжайлық көрсеткеніңіз үшін тағы да алғыс айтамын, – деді Режеп Тайип Ердоған.