29.08.2023, 17:00
Оқылды: 57

Қазақстанда хром, алюминий, мырыш қоры азайып келеді

Премьер-Министр Әлихан Смайылов Үкімет отырысында геология саласындағы проблемаларды атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

063d9a11-d3de-4461-a331-94da3f710630

Фото: freepik.com

Оның айтуынша, қазір барлық кен орны тексеріліп жатыр. Өз міндеттемесін орындамайтын жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан лицензия алынып, келісімшарт бұзылып жатыр.

«Металдардың жекелеген түрі бойынша әлемде жетекші орынға ие болғанмен, шикізат базасының айтарлықтай төмендегенін байқап отырмыз. Мысалы, хром, алюминий, мырыш, мыс, қорғасын қоры азайып келеді. Жоғары технологиялық өнімдер өндірісінің негізі болатын сирек жер металдарын барлау бәсеңдеген. Біз әлі күнге дейін бірінші өтінім принципі бойынша лицензия алған жаңа компаниялардың нақты жұмысын көрмедік», - деді Ә.Смайылов бүгінгі Үкімет отырысында.

Оған қоса, жер қойнауын зерттеудің ғылыми базасы мен инфрақұрылымы барынша жаңартуды талап етеді.

Инвесторларды одан әрі тартуға қажетті геологиялық ақпаратты цифрландыру жұмыстары да аяқталған жоқ. Білікті геологтар мен геодезист мамандар тапшы.

«12 жылда геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге 2 трлн теңгеден астам жеке инвестиция салынды. Бірақ соған қарамастан, біз жаңа кен орындарын барлауға жұмсалатын салымдар бойынша артта қалып отырмыз. Аталған проблемаларды шешу үшін қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер қабылданды», - дейді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр Индустрия министрлігіне ресурстық базаны ұлғайту, сирек кездесетін және сирек жер металдар негізінде жоғары технологиялық өнімдер өндірісін ұйымдастыру үшін жол картасын әзірлеуді тапсырды.

Энергетика министрлігіне «Самұрық-Қазына» қорымен бірге 2 айда заманауи технологиялық шешімдерді пайдаланып, газды кен орындарының тарихи деректеріне талдау жүргізу жүктелді.

«Индустрия, Ғылым және Энергетика министрліктері жыл соңына дейін ғылыми база мен инфрақұрылымға талдау жүргізуі керек. Нәтижесі бойынша оларды дамыту жөніндегі тиісті іс-шаралар жоспарын әзірлеуі қажет. Цифрлық даму, Индустрия және Энергетика министрліктері жыл соңына дейін тарихи деректердің барлық түріне кешенді талдау жүргізіп, онлайн-платформаны барынша толтыруы керек. Индустрия және Энергетика министрлігі жосықсыз жер қойнауын пайдаланушыларға шаралар қабылдап, жыл соңына дейін барлық кен орнын тексеруді аяқтасын», - деді Әлихан Смайылов.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале