Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова келесі жылы орташа зейнетақы мөлшері қанша болатынын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform.
Фото: ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі
«Бізде базалық зейнетақы төлемі ұлғайып келеді. Биыл базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-дан 60% дейін артты. Келесі жылдан бастап біз ең төменгі шекті тағы 5% көтереміз. Оған қоса, инфляция деңгейіне индекстеу жүзеге асырылады. 1998 жылғы 1 қаңтарға дейінгі еңбек өтілі үшін төленетін ынтымақты зейнетақы және 2024 жылғы 1 қаңтарда тағайындалған төлемдері бар барлық зейнеткерге индекстеу 7%-ға, жалпы 9%-ға жүргізіледі», - деді Светлана Жақыпова.
Еңбек министрінің айтуынша, қазақстандықтардың өткен жылғы орташа зейнетақысы 120 мың теңге болса, келесі жылы – шамамен 130 мың теңге болады.
Сонымен бірге 1 қаңтардан бастап, зиянды өндірісте жұмыс істейтіндерге 208 мың теңгеге дейін арнайы төлемақы төленеді.