«Нұр Отан» партиясы ғимаратында сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы қоғамдық кеңестің мәжілісі өтті.
Алдымен сөз алған Батыс Қазақстан облысының әділет департаменті басшысының міндетін атқарушы Хамидолла Құсдәулетов облыстағы әділет органдарында 2015-2017 жылдар ішінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарының жағдайы туралы баяндады.
Оның айтуынша, өткен жылы облыстағы әділет органлдарына жеке және заңды тұлғалардан 149 шағым түскен. Барлық өтініштер мен арыздар заңмен бекітілген мерзімде қаралған. БҚО әділет департаменті бойынша мемлекеттік қызметтер тізіліміндегі мемлекеттік қызметтердің жалпы саны – 19. Мемлекеттік қызметтердің сапалы әрі уақытылы көрсетілуіне тұрақты түрде мониторинг жүргізіліп отырады.
Мәжілісте сондай-ақ «Нұр Отан» партиясы Шыңғырлау аудандық филиалында партияның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылдың 2015-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» орындалу барысы туралы филиал төрағасы Альберт Есалиев айтты.
Альберт Темірболатұлының айтуынша, барлық ауылдық округте тұрғындардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасын анықтау мақсатында сауалнамалар жүргізілген. Респонденттердің 81 пайызы жемқорлықты жою мүмкін екенін, бұл жолда өздері де атсалысатындарын айтқан.
«Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жариялаған «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы шеңберінде ауданның 8 ауылдық округінде тұрғындардың өз-өзіне қызмет көрсету орталықтары ашылды. Бұл жұмыс ең алдымен электронды қызмет санының және ауыл халқының компьютерлік сауаттылығының артуына бағытталып отыр. Дегенмен, кейбір қызмет көрсету орындарында қызмет көрсету үшін қиындықтар туындап отыр. Бұған себеп – интернет желісі жылдамдығының төмендігі. Бұл мәселені шешу үшін тиісті құрылымдық мекемелерге ұсыныстар енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыстар жоспарлы жалғастырылатын болады», - дейді баяндамашы.
Басқосуда түрлі мәселелер талқыланып, қаулы қабылданды.
Мәжіліске партияның облыстық филиалының, облыстық прокуратураның, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің БҚО бойынша департаментінің, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі Ұлттық бюросының БҚО бойынша департаментінің, БҚО бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің, БҚО тексеру комиссиясының, БҚО бойынша мемлекеттік ішкі аудит департаментінің, БҚО әділет органдарының өкілдері қатысты.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz