24.11.2017, 9:15
Оқылды: 350

«Коконың құпиясы» қазақ тілінде көрсетілуде

Kokonyn kupiasy (1)Орал қаласындағы «City Center» ойын-сауық орталығында «Коконың құпиясы» атты анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі жабық көрсетілімі өтті. Шараға облыс бойынша танымал блогерлер және «Жас өркен», «Жас ұлан» ұйымының балалары қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов көрермендерді аталған фильмнің тұсаукесерімен құттықтады.


-Бүгін кезекті голливудтық мультфильм қазақ тілінде сөйледі. Бұндай жүйелі жұмысты атқарып жүрген «Болашақ» корпоративтік қорына ризамыз. Жастар бос уақыттарында жаңадан шыққан фильмдерді көруге құштар. Ал бұл фильм олардың қызығушылықтарын оятары сөзсіз. Қазақ тілі «Walt Disney»-дің 39-шы тілі болып, голливудтық фильмдердің негізгі тілдерінің қатарына енді. Жаңа анимациялық фильмнің тұсаукесері құтты болсын!-деді Ғабидолла Абдоллаұлы.

Kokonyn kupiasy«Коконың құпиясы» – «Болашақ» корпоративтік қорының бастамасымен қазақ тіліне дубляждалған 23-ші фильм болып табылады. Аталған фильм 23-қарашадан бастап қаламыздағы кинотеатрларда көрсетілуде. Анимациялық фильмнің дубляж режиссері Шах-Мұрат Ордабаевтың мәліметінше, дубляж жұмыстарына 70-ке жуық маман жұмылдырылған. Компьютерлік анимация жанрында қызмет етіп келе жатқан «Пиксар» студиясының кез келген фильмі көпшіліктің ықыласына бөленіп, әр жылдары «Оскар» сыйлығының жүлдегері атануда.

Компанияның кезекті туындысында мексикалықтардың «ата-бабаны еске алу күні» атты дәстүрлі мерекесі кезіндегі шытырман оқиғалар баяндалады. Жан-тәнімен музыкант болғысы келетін 12 жасар Мигель есімді бала аты аңызға айналған әнші Эрнесто де ла Крустың ізін жағауды армандайды. Алайда Мигель етікшілер әулетінде дүниеге келген соң, жазылмаған заң бойынша ата-баба ісін жалғауы тиіс. Сонымен қатар оның отбасы белгілі бір себептермен музыканы жек көреді. Арманы үшін үйінен қашып, байқаусызда «өлілер әлеміне» тап болған Мигельді түрлі қиындықтар мен қызықтар күтуде. Сонымен Санта-Сесилья тұрғындарының оқиғасын желтоқсанның 23-не дейін қаламыздағы үлкен экрандардан тамашалауға болады.

Фильм режиссері Ли Анкрич картинаны барынша әсерлі етіп түсіру үшін арнайы экспедиция жасағын құрған. Олар үш жыл бойы Мехикодағы музейлерді, шіркеулерді, шеберханаларды және молаларды түгел аралап, Тлаколула, Эль-Туле, Сан-Маркос, Абасоло қалаларының тұрғындарымен тілдесіпті. Осылайша олардың өмір сүру салты, сүйікті асы, отбасылық құндылықтары туралы білген.

Дариға МҰШТАНОВА, айтыскер ақын:

- Балаларға арналған әлемдік шығармалардың қазақ тіліндегі аудармасын немерелеріммен көруді дағдыға айналдырып, тұрақты көрермені болдық. Себебі балаларымыздың не көріп жатқанын біз де көруге тиіспіз. Бұрын шетелдік мультфильмдерді қарамайтын едім. Түпнұсқадан қазақ тіліне сапалы аударыла бастағалы тәрбиелік мәнін байқадым. Қазақтың ертегілері сиақты рухани салмағы бар екен. Балалар тіліне жақын, жатық, ауыз екі сөзбен аударылған. Тәрбие жұмысын баладан бастау өте дұрыс.

Мақсат ТӨЛЕУҒАЛИ, мектеп оқушысы:

- Мен Ақжайық ауданы Самал ауылындағы мектептің 4-сыныбында оқимын. Әпкем «Коконың құпиясы» мультфильміне алып келді. Маған қатты ұнады. Жасы менімен шамалас Мигельдің арманы орындалса екен деп тілеп отырдым. Оның қасында тілі салпаңдап жүретін Данте деген итке қатты күлкім келді. Екеуі түрлі оқиғаға тап бола береді. Сосын Мигельдің өлілер әлеміндегі досы Эктор да күлкілі. Өтірікті көп айта береді екен. Бірақ негізі өте мейірімді болып шықты. Енді сыныптастарымның бәріне көруге кеңес беремін.

Айым ТӨЛЕУҒАЛИ

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале