Көлік полицейлері 45 мыңнан астам құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Фото: Polisia.kz
Осы жылдың бірінші жартыжылдығында ҚР ІІМ көліктегі полиция департаменті және оның желілік бөліністерінің қызметкерлері түрлі әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін 45 567 құқық бұзушыны әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Оның ішінде алкогольге қарсы заңнаманы бұзғаны үшін – 3 555, қоғамдық орындарда тиіскені үшін – 1 943, белгіленбеген орындарда сауда жасағаны үшін – 1 403, темекі шегуге тыйым салуды бұзғаны үшін – 1 362, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің еріп жүруінсіз болғаны үшін – 813, ұсақ бұзақылық жасағаны үшін – 383 адам, темір жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін 24 594 құқық бұзушы жауапқа тартылды.
Мәселен, 2 шілдеде Шымкент станциясындағы желілік полиция бөлімінің қызметкерлері Астана – Шымкент бағытындағы жолаушылар пойызынан акт бойынша Түркістан облысының 40 жастағы тұрғынын түсіріп алды.
Құқық бұзушы масаң күйінде болып басқа жолаушыларға балағат сөздер айтқан және ескертулерге құлақ аспаған.
Аталған факті бойынша ер адам алкогольдік ішімдіктерді ішкені немесе қоғамдық орындарға масаң күйінде келгені үшін 5 АЕК (18 460 теңге) мөлшерінде айыппұл сала отырып және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Ұсақ бұзақылық туралы материал қарау үшін сотқа жолданды.
Құқық бұзушыға жиырма айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынуы немесе бес тәуліктен он бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алынуы көзделген.
Сондай-ақ теміржол және әуе көлігі объектілерінен қаңғыбастық және қайыр сұрағаны үшін 136 жасөспірім кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталықтарына жеткізілді және орналастырылды.
Қабылдау-тарату орындарына белгілі бір тұрғылықты жері жоқ 238 адам орналастырылды. Медициналық айықтырғыштарға 755, арнайы қабылдау орындарына 152 адам жеткізілді.