Облыс әкімдігінде «Қазақстан халқына» қоры – өңірлер үшін» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Облыс әкімі Нариман Төреғалиев жүргізген жиынға аталмыш қордың басқарушы директоры София Айсағалиева, мемлекеттік құрылымдар мен мекемелердің басшылары, ЖОО ректорлары, Орал қаласының және аудан әкімдері қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдың 11 қаңтарында денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қолдау салаларындағы мәселелерді шешу үшін «Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қоры құрылды. Қордың жұмысы қазақстандықтарға мемлекеттік қолдау шараларынан тыс көмек көрсетуге бағытталған. Бүгінгі күні еліміздегі әр өңірдің тұрғындары қорға өтініш білдіріп, игілігін көруде. Біздің облысымызда да бірқатар салада жұмыс атқарылуда. Атап айтсақ, «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағытында өңірімізде 4 ауылдық мектептің материалдық-техникалық базасын жаңартуға қаржы бөлінді. Құрметті София Серікбайқызы, сізге және қор ұжымына нәтижелі жұмыстарыңыз үшін зор ризашылығымызды білдіреміз. Біз сізге батысқазақстандықтардың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын көтеруге бағытталған әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыруға арналған өзекті жобаларды ұсынамыз, – деген өңір басшысы Нариман Төреғалиұлы сөз кезегін қонаққа берді.
«Қазақстан халқына» қоғамдық әлеуметтік қорының басқарушы директоры София Айсағалиева қордың қайырымдылық бағдарламалары мен жобалары жөнінде баяндады. «Еліміздегі облыстардың өздеріне тән ерекшеліктері бар. Сондықтан қай аймаққа қандай қайырымдылық көмек керек екенін білуіміз керек. Қыркүйек айында 20 облыста осындай басқосулар өткізуді жоспарлап отырмыз. Сауалнама нәтижелерін, әр өңірдің халқынан түскен сауалдар мен ұсыныстарды қазан айында өтетін қорытынды конференцияда айтамыз. Бүгінгі таңда қор серіктестерімен бірлесіп 40-тан астам бағдарлама мен жобаны жүзеге асыруда. Бекітілген қайырымдылық бағдарламалар мен жобалардың құны 146,5 млрд теңгеден асады. Қазақстандықтарға жалпы сомасы 49 млрд теңгеге қайырымдылық көмек көрсетілді. Қор денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау және оңалту, білім беру және спорт салаларын қамтиды», – деген София Серікбайқызы, алдымен, денсаулық сақтау саласындағы іс-шараларға тоқталды.
Мәселен, елімізде өмірге қауіп төндіретін, орфандық (сирек кездесетін) және ауыр дертке шалдыққан 324 азаматқа 24,9 млрд теңгеден астам қаражатқа қымбат дәрілік препарат алынған. Соның ішінде облыстағы 5 науқасқа 1,1 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алыныпты.
Қордың қолдауымен шетелге емделуге жіберілген қазақстандық 20 науқастың екеуі – батысқазақстандық. Олардың Ресей Федерациясы мен Түркия Республикасындағы емханаларда ем-дом алуына 26,8 млн теңге төленген. Аталмыш қор медициналық ұйымдарды жабдықтармен қамтамасыз ету барысында балалар нейрохирургиясын дамытуды қолға алған. Орал қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасына 66,2 млн теңгеге осы күзде жабдықтар сатып алынбақ. Қазіргі уақытта елдегі гематолог-дәрігерлер, онкологтар, генетиктер мен узи мамандары шетелде оқып, білімдерін жетілдіруде.
– Әлеуметтік қолдау және оңалту шаралары турасында айтсақ, елімізде 96 бала мен жас жалпы құны 931,9 млн теңге тұратын инновациялық протездермен қамтамасыз етілді. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысының алты тұрғынына 44,1 млн теңгенің протезі берілді. Ампутация жасалған балалар мен жастардың қоғамнан бөлініп қалмай, ортаға бейімделуі үшін протезбен қамтудың маңызы зор. Аудан орталықтарында 19 және облыстардың бас қалаларында алты оңалту орталығын ашу жоспарлануда. Ал Батыс Қазақстан облысында 241,2 млн теңгеге Ақжайық орталық аудандық ауруханасының негізінде 1 оңалту орталығы ашылады, – деді басқарушы директор. Шымкент, Павлодар, Талдықорған, Өскеменде аутизм және басқа да ақыл-ой кемістігі бар балаларға арналған орталықтар пайдалануға берілген. Енді Ақтөбе, Қостанай, Тараз, Ақтау қалаларында ашу жоспарланған. Осы орайда облыс әкімі Нариман Төреғалиұлы Оралда да осындай арнайы орталықтың қажет екенін тілге тиек етті. София Айсағалиева балалардың ем алуына қолайлы ғимарат болса, аталмыш қордың орталық ашуға қол ұшын созатынын айтты.
«Еліміздегі шағын мектептерді дамыту үшін алдымен тірек мектептер құруымыз керек. «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» бағдарламасы аясында 17 ауылдық тірек мектепті Назарбаев зияткерлік мектебінің стандартына сай жабдықтадық. Мұғалімдер де осы стандартқа сай білімдерін жетілдірді. Қазір 17 өңірде 63 ауылдық тірек мектеп құру бойынша жұмыс жалғасуда. Сіздің облыста Ақсай қаласындағы №5 мектептің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Ал екінші кезең бойынша жалпы мөлшері 750 млн теңгеге үш білім ошағын тірек мектеп ретінде құру жоспарлануда. Олар – Т. Жароков атындағы (Жәнібек ауданы), Қ. Мырзалиев атындағы (Сырым ауданы) және Мұхамед-Салық Бабажанов атындағы (Бөкей ордасы ауданы) жалпы білім беретін орта мектептер», – деді басқарушы директор.
Өңір басшысы өзге аймақтарға қарағанда облыста елді мекендердің көп екенін айтып өтті. Мысалы, аудандағы бір ғана тірек мектептің сол аумақтағы барлық білім ошағын қамтуы мүмкін емес. Сондықтан тірек мектептің елді мекендердің санына қарай құрылғаны жөн деген ұсынысын білдірді. София Серікбайқызы бұл мәселені назарға алып, талқылайтындарын айтты. Баяндамада мәлім болғандай, қордың 57,2 млн теңгесіне облыс орталығындағы көру қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернат пен есту қабілеті бұзылған балаларға арналған облыстық арнайы мектепинтернат жабдықталмақ.
Сондай-ақ басқарушы директор еліміздің студенттеріне әлемдік «Coursera» білім беру платформасының бағдарламалары қолжетімді екенін және контенттің қазақ тіліне аударылғанын да айтып өтті.
Спикердің сөзінше, өңірлерде спорт инфрақұрылымын дамыту мақсатында 80 құрастырмалы модульді спортзал (14 млрд теңге) орнатылады. Қостанай облысының Жітіқара ауданында алғашқы спорт кешеннің іргетасы қаланған. Өзінің сөзінде София Айсағалиева «Қазақстан халқына» қорының елдегі төтенше жағдайлар кезінде қаржылай көмек көрсеткенін де баяндады.
Жиын барысында облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева алдағы жылдары жүзеге асырылатын бірнеше жоба ұсынды. Соның біреуі – аудан орталықтарындағы 12 мектептен бөлек, ауылдық елді мекендердегі 45 білім ошағының материалдық-техникалық базасын жаңарту. Сондай-ақ 217 шағын жинақты мектептің спорттық құрылғыларын жаңғыртуға көңіл аударуды сұрады. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Төлегенова облыста «QH Шапағат Орал» жобасы жүзеге асып жатқанын айтты. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Гүлнар Абдрахманова мен облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сайран Дүйсенов те сөз сөйледі. Сайран Темірғалиұлы шекара аймақтарында орналасқанаудандардағы 25 кітапхананы қайта жаңғыртуды (модернизациялау) ұсынды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Берген «Батысқазақстандық ардагерлерге эксперимент ретінде модульдікспортзал салып берсеңіздер» деген тілегін жеткізді. Сондай-ақ аталмыш қордың ардагерлердің демалыс орындарына баруларына ықпал етуін сұрады.
– Біз «Қазақстан халқына» қорының атқарған жұмысымен танысып, өзіміздің бірқатар жобамызды да айттық. Менің облыстың жол картасын жасасақ деген ойым бар. Біз онда өзіміздің ұсыныс-жобаларымызды жазып, қорға ұсынамыз. Әрине, барлық мәселенің бір мезгілде шешілмейтінін білеміз. Бірақ қордың халыққа көмектесіп жатқанына куәміз. Алдағы қызметтеріңізге де сәттілік тілейміз, - деді облыс әкімі.
Ясипа Рабаева
zhaikpress.kz