Елдегі бүгінгі жағдай кім-кімді де жайбарақат қалдырмайды. Қауіпті дерттің алдын алу тек дәрігердің ғана емес, бәріміздің де ортақ парызымыз екенін жақсы түсінеміз. Пандемия енді басталғанда «Мына вирус қолдан жасалған, бәрі өтірік» деп ышқынғандардың дауысы зор болатын. Енді солар жұқпаға қарсы бірден-бір ем – екпе алуда.
Көпті көрген ана ретінде айтарым, далбаса сөзге ермей, елімізді індеттің шеңгелінен босату үшін тиісті шараның бәрін алып, әрекет еткен жөн. Бұл бағытта санитарлық-эпидемиологиялық қызмет қажетті барлық шараны қабылдауда. Көпшілікпен өтетін той-томалақтарға тыйым салынып, жеке басымызды, отбасымызды қорғау қажеттігін қаперлеп, қайта-қайта еске салуда. Бастысы, осы шектеулерді бұлжытпай сақтауға тиістіміз. Салғырттыққа салына беруге болмайды, ауру қала мен ауылды, үлкен мен кішіні, бай мен кедейді ажыратып жатқан жоқ, бәріне бірдей тарпа бас салуда. Аты өшкір жұқпа салдарынан жақында ауылымыздағы замандас-құрдастарымыздан айырылып қалып, орны толмас қайғыға душар болдық. Осындай қиын-қыстау кезеңде билік өкілдері де әр азаматтың саулығы үшін жан аямай еңбек етуде. Мәселен, өзіміздің ауылдың фельдшері Әліби Хамзин күн-түн демей, ауылды түгел аралап, аурумен арпалысуда. Ерте демейді, кеш демейді, сөмкесін асынып, шақырған жерге уақытында жетеді. Осы қызметке кіріскеніне 1-2 жыл болса да, мейірбандығының, жұмысына адалдығының арқасында ауыл халқының ілтипатына бөленуде. Өзінен басқа дәрігер жоқ. Медбике де қазір еңбек демалысында. Оның еңбек демалысы күндері де үйде отырғанын көргенім жоқ. Кейде кеш болып қалса да, науқас жанмен бірге аудан орталығына барады, енді бірде дімкәстанған жанға көмек көрсетуге асығады. Әліби баламызға разымыз. Жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды. Біраз ауруға үйден ем-домын беріп, ажалдан арашалап қалды. Есенсайда өзінен басқа дәрігер жоқ екенін ескеріп, қасына тағы бір адамды көмекке берсе, жақсы болар еді. Бұл, әрине, аудандық аурухананың бас дәрігері Алмас Тоғайбайұлына айтар тілегіміз.
Бүгінгі күні коронавирус індетімен алдыңғы шепте күресіп жүрген осы Әліби сынды дәрігерлердің жанкештілігіне тәнтіміз. Ел саулығы үшін таңды-таңға таластырып тер төккен, жанын шүберекке түйген олардың ерлігі мақтауға тұрарлық. Біздің ауылдың тұрғындары сақтық шараларын мұқият сақтауда. Қоғамдық орындарға, дүкендерге барғанда тұмша тағуды әдетке айналдырдық. Бізде той, шілдеханалар өткізілмейді және адам қарасы мол жиналатын жиындарға да көп кісі баруды қойды. Қазақтың басына қандай қиыншылық түспеді дейсіз, бірақ осының бәрін рух, жігер, болашаққа деген сенімнің арқасында еңсеріп келеміз. Тап осылай бұл коронавирусты да жеңеміз деген үміт мол. Қашан да халқымыз аман болсын деген тілек бізде. Ол үшін тәртіпке бағынып, ауызбіршілігімізден ажырамауымыз керек. Осыларды қаперге алсақ, қиын күндер артта қалады деген сенімдеміз.
Мерует Қауымбаева,
Есенсай ауылдық округінің ардагерлер
кеңесінің төрайымы,
Ақжайық ауданы