2.12.2025, 17:00
Оқылды: 42

Қос ардагер құрметті қонақ ретінде шақырылды

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде «Қартын сыйлаған ел қасірет көрмейді» атты тағылымды кездесу өтті.

фото 2

Университеттегі «Политехникалық институттың» тәрбие жұмысы жоспары аясында ұйымдастырылған шараға өмірлерінің көп бөлігін ғылым мен білімге арнаған тәжірибелі ұстаздар – техника ғылымдарының кандидаты, доцент Алтынбек Давлетьяров пен аға оқытушы Александр Силантьев шақырылды. Ғалым-ұстаздармен кездесуге институттағы «Машина жасау», «Автоматты басқару», «Өндіруші салалардың машиналары мен жабдықтары» білім беру бағдарламаларында оқитын студенттер қатысты. Іс-шараның негізгі мақсаты – ардагер ұстаздардың өмір жолын үлгі ете отырып, жастарды үлкенге құрмет көрсетуге, еңбекке адалдыққа тәрбиелеу, өмірлік тәжірибе мен білімнің маңыздылығын ұғындыру.

Кездесу барысында ардагер ұстаздар студенттерге өздерінің еңбек жолдары, мамандықтарына деген сүйіспеншіліктері, кәсіби жетістіктері туралы әңгімелеп берді. Адамға тек білім ғана емес, өмірлік ұстаным мен адамгершілік құндылықтар да қажет екенін айтып, тәрбиеге толы ой-пікірлерімен бөлісті. Сонымен қатар шарада білім алушылар Ернұр Құмар мен Аружан Сахтар тақырыпқа сай мазмұнды презентация жасап, тың деректер мен көрнекі материалдар арқылы іс-шараның мазмұнын аша түсті.

фото1

Шараны ұйымдастырған «Политехникалық институттың» эдвайзер-оқытушылары (Қ.Мұханбетжанова, С.Аханов, А.Кулдыбаев, М.Хаирлиев) ардагер ұстаздармен жүздестіру арқылы шәкірттеріне ұрпақтар сабақтастығы мен білім саласындағы дәстүрлердің жалғасуы маңызды екенін атап өтті.

Мұндай тағылымды кездесулер жастардың бойында рухани-адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда, үлкенге деген сыйластықты арттыруда, кәсіби бағыт-бағдар беруде маңызды рөл атқарады. Бұл кездесу жастарды үлкендерді құрметтеуге, ұлттың рухани байлығын бағалауға және отансүйгіштікке шақырған тағылымы мол іс-шара болғаны анық.

Бибігүл Сарбалина,

техника ғылымының кандидаты

БҚАТУ

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале