Кеше Батыс Қазақстан облысына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жұмыс сапарымен келді. Бүгін министрдің өңірдегі сапары жоғары оқу орындарының жұмысымен танысумен жалғасуда.
Министр бірінші Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінде болып, профессор-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездесті. Университет ғалымдарының ғылыми жетістіктерінің көрмесімен және жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
– ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі батыс өңіріне келіп барлық жеке, мемлекеттік емес жоғары оқу орындарын жинап, үшінші үлкен отырыс өткізудеміз.
Наурыз айында жеті жылдық Ғылым және жоғары білім даму тұжырымдамасы қабылданды. Бүкіл жоғары білімге, ғылымға, тіл саясатына қатысты сұрақтар бір құжатта жинақталған.
Тұжырымдама аясында біздің басымдық беретін негізгі бағытымыз – өңірлік университеттерді дамыту. Өкінішке орай, қазіргі уақытта негізгі мамандар өңірлік оқу орындарында даярланады.
Мамандарды даярлау мәселесі еңбек нарығымен толыққанды ұштастырылмаған. Осы мәселені талқылаудамыз. «Мамандығым – болашағым» бағдарламасының аясында алты облыста өңірлік мамандықтардың карталары даярланған.
Осы жылдың соңына дейін қалған өңірлерде де карталар дайындалады. Бүкіл оқу бағдарламалары сол карталар арқылы өңірлік талаптармен, тапшылықтармен ұштастырылады, - деді Саясат Нұрбек.
Министрдің мәлімдеуінше, келесі аптада Батыс Қазақстан өңірінде аталған карталардың жұмыстары басталмақ. Негізгі жобалық офис ретінде Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті бекітілген.
Одан кейін министр өңірдегі Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіне барып, оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысты.
Аталған оқу орны – батыстағы ірі заманауи және жоғары технологиялық білім беру кәсіпорны. Айта кетейік, университеттің құрамында Hi-Tech зертханасы бар.
Дәл қазір ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті мен Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жұмысымен танысуда.
Гүлмира Сарсенғали,
Суреттерді түсірген автор
zhaikpress.kz