Ол – күйші еді, елеңдеткен құлақты,
Ол – әнші еді, жақындатқан жырақты
Ел едік қой еркелеткен серісін,
Еске алайық Каримуллин Мұратты.
Жарасқан Әбдірашұлы

Мұрат аға 1953 жылы наурыз айында бұрынғы Орда ауданының құмды Әжен ауылында дүниеге келген. Балалық балдәурен, оқушылық шағын Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылында өткізді. Әкесі Каримолла өз заманында Құрманғазы, Динаның күйін шебер ойнап, еліне танымал күйші болған. Әрбір күйді тартқанда күйдің шығу тарихын айтып, таныстырады екен. Ал анасы Хамида ауылды сұлулығымен тәнті етіп қана қоймай, ерекше дауыс ырғағы бар әнші ретінде де танылды. 41 жасында 7 баламен жесір қалған ана ұл-қыздарына адалдық пен адамгершілікті, еңбекқорлық пен табандылықты үйретіп, өмірдің бар тірегі – оқу, білім екенін түсіндіре білді. Ол бар тапқан, таянғанын балаларының жоғары білім алуына жұмсады. Қанша қиындық көрсе де, алты баласын Алматыда оқытып, жоғары білім алып берді. Асыл ана сексен төрт жаста өмірден озғанға дейін ән шырқап, суырыпсалма сөз өнерімен, ақыл-парасатымен жұртты өзіне қаратып, тәнті еткізген.
Мұраттың өнерге деген құштарлығы өзгеше екені байқалды. Төрт жасында домбыра ұстауды талантты күйші Есел Қазиевтан үйренді. Жоғары сыныптарда домбыра тарту, ән айтудан алдына жан салмады. Оқуға алғыр, өнерге жақын талапты бала 1970 жылы Жәнібек ауданының Жақсыбай ауылындағы Свердлов орта мектебін ойдағыдай аяқтады. Арман қуған жас күйшіні анасы «Күйді онсыз да тартасың, әртіс болмай-ақ қой. Басқа мамандыққа оқы, жолың болсын» деп Алматыға шығарып салды. Ананың айтқанын заң деп білген Мұрат құжаттарын Қазақтың Абай атындағы педагогикалық институтының география факультетіне тапсырды. Бірақ қорытынды сыннан өтпей, ауылға қайтып келді. Сол кездегі мектеп директоры Рақима Давлетчина бірден оны қызметке алды. Ол мектептегі барлық қоғамдық жұмысқа қатысты. Қабырға газетін шығарды. Тіпті үлкен тұлғалардың портреттерін айнытпай салды. Домбыраға құштар оқушыларды жинап, оркестр құрды. Көркем өнерпаздар үйірмесін жүргізді. Өзі домбыра, баян, мондалин, гитара тартып, ән салды. Бір жыл тез өте шықты. Жасы келген Мұратты әскер қатарына шақырып, ол Монғолияның астанасы Улан-Батордан бір шықты. Мұнда да Мұрат өнерімен, суретшілігімен бірден көзге түсті. Әскерден еліне аман-сау оралған Мұрат «Анашым, сол әртістік оқу болмаса, басқа оқу миыма қонбайды. Сіз батаңызды беріңіз» дейді. Ұлының талантына тұсау болмауды ойлаған анасы «Бағың жансын! Танымал күйші болатыныңды сеземін» деп ақ батасын берді.

Ол анасының ақ сүтімен бойына дарыған суырыпсалма ақындық өнері арқылы барша жұртты аузына қаратып, мәнерлі сөйлеп, қазақтың қара сөзінің майын тамызатын асаба да болды. Өз бойындағы дарынын жетілдіру мақсатында Алматыдағы П. Чайковский атындағы музыкалық училищенің домбыра сыныбына оқуға түсті. Осында оқығанда өнер сайысына қатысып, жүлделі орындарды иемденді. Мұраттың ұстазы қазақ радиосында бірнеше жыл қызмет атқарған сыбызғышы Нұрахмет Жорабеков болатын. Одан кейін Мұрат Құрманғазы атындағы ұлттық консерваторияға, сол кезде елге танымал бола бастаған Қаршыға Ахмедияровтың домбыра сыныбына оқуға барады. Оқу мен жұмысын қатар алып жүрген күйші Мұрат өзіне сенген адамдардың үмітін ақтап шығады. 1978 жылы І республикалық жас орындаушылардың өнер сайысында бірінші орын алды. 1981 жылы Геленджик қаласында өткен бүкілодақтық мәдениет ұйымдастырушылардың сайысында орындаушылық шеберлігі үшін дипломат атағын алды. 1983 жылы алғаш рет өткізілген «Жігер» жастар шығармашылық фестивалінде лауреат атанды. 1985 жылы Жеңістің 40 жылдығына орай өткізілген композиторлар мен орындаушылар байқауында дипломмен марапатталды. Ол Геленджикте Кеңес Одағы көрермендеріне қазақты және оның дәстүрлі әнін танытты. Ұстазы Қаршыға Ахмедияров көзі тірісінде «Мұрат – күйшілік өнерді, күміс көмей әншілік пен жыршылықты сөз өнерімен сабақтастырған дәстүрлі ұлы өнерпаздардың жалғасы еді...» деп шәкіртін күрсіне жоқтаған.
Ағамыз алғашқы еңбек жолын 1978 жылы ғылыми-әдістемелік зерттеу орталығынан бастады. 1980 жылы Мәдениет министрлігінде аға инспектор болып қызмет атқарғанда, облыстық оркестрлерді жинап, жарыстар ұйымдастырып, көптеген жас талантты жарыққа шығарады. Кейін «Ғылым ордасында» фольклорлық бөлімді басқарғанда зерттеу жұмыстарымен айналысады. Ән-күй, термелер тарихы мен Наурызбай, Базар жыраулардың мұраларын зерттеді. Ғылыммен айналысқан кезде де жас таланттарды іздеуін тоқтатпады. Белгілі өнерпаздар – Берік Жүсіп, Жанар Айжанова, Қанипа Садықоваға өнер жолында алғашқы бағыт-бағдар көрсетті. Ақтөбеде болған жарыстың бірінде осы аталған екі қыздың өнерін ерекше бағалап, Алматы қаласындағы консерваторияға түсуіне себепкер болған. Кезінде Алмас Алматовтың өнерін жоғары бағалап, өз орнына жарысқа Парижге жіберді.
1986 жылы Қазақстан телеарнасына дыбыс режиссері қызметіне келеді. Теледидар мен радиода көптеген музыкалық хабар мен бағдарламалар жасап, алғыр журналист те болды. Сол кезден «Сәлем», «Көгілдір оттар», «Тамаша», «Алатау» редакциясына редактор болып, сценарийлер жазып, қазақ күй өнері мен күмбірлеген қара домбырасының насихатшысы болады. Күй өнерін дәріптеп қана қоймай, оны алыс-жақын шетелге танытты. Ол Мәскеу қаласында да өнерін көрсетті. Теледидар арқылы мәскеуліктермен жүздескенде «Ақсақ құлан» күйін тартып, күйдің шығу тарихын айтып берді.
Белгілі әнші Қапаш Құлышева «Мұрат – ешуақытта мойымайтын жан. Ол – айнымас досымыз. Мұрат – дарынды күйші ғана емес, ол кереметтей жыршы, суырыпсалма ақын» десе, танымал сатирик Көпен Әмірбек «Мұрат – баяғы ғасырдағы бабаларымыздың әншілік үрдісі мен сал-серілік дәстүрін жалғастырып, ақ жауындай нөсерлетіп өткен бүгінгі заманның Ақан серісі еді ғой» дейді. Ағамыздың жары Ұлмекен Ұзақбайқызы «Мұрат екеумізді таныстырған да, табыстырған да өнер мен өлең. Мұрат – әншілік пен жыршылықты күйшілікпен қатар алып жүрген, өзі сері, өзі көрікті, сұлу жігіт еді» деп сағым жылдарды сағына еске алады. Ағамыз бен жеңгеміздің ұлы Азат – мемлекеттік қызметкер. Қарылғаш есімді келіні бар. Азамат, Бекзат, Жантөре, Сабыржан, Еркенұр есімді бес немере сүйген жеңгеміз асыл әже атанып отыр. Мұрат ағаның өмірі ұрпақтарымен жалғасуда.
1991 жылы Қазақстан ұлттық телеарнасынан Мұрат Каримуллин туралы «Көңіл сазы» атты естелік фильм көрсетілді. Төрт жылдан соң ағамыз туралы «Домбырашы – Мұрат Каримуллин» атты фильм-концерт түсірілді. Қазақ радиосы «Күйші – Мұрат» атты радио-очерк жазды. Республикалық газеттерде оның дарындылығы, күйшілігі туралы мақалалар мен очерктер жарық көрді. Алматы төрінде жүрсе де, ол туған ауылын, жерлестерін ұмытпайтын. Жыл сайын жазғы еңбек демалысында елге келіп, ән-күймен жерлестерін бір серпілтіп, ризашылыққа бөлеп кететін. Оның мінезі де өнеріне сай ақжарқын, ашық еді. 2003 жылы Мұрат Каримуллиннің туғанына 50 жыл толу мерейтойына орай Алматыдағы М. Әуезов атындағы академиялық драма театрда «Өнер – арман» деген тақырыпта еске алу кеші өтті. Кеште көрнекті ақын апамыз Ақұштап Бақтыгереева «Мұратқа арнау» өлеңін оқыды. Кешке фольклорлық-этнографиялық «Сазген» ансамблі, Қаршыға Ахмедияров, Алтынбек Қоразбаев, Нұрлан Өнербаев, Рамазан Стамғазиев, Майра Ілиясова, Ақжол Мейірбеков, Айгүл Үлкенбаева, Қапаш Құлышева, Донеділ Қажымов, Тоқтар Серіков, тағы басқа да ағаммен үзеңгілес болған өнер саңлақтары қатысты. Оралдық досы Донеділ Қажымов: «Досыма» әнін Мұрат ағаға арнағанын айтты. Сол кеште қазақ киносының жұлдыздары – Асанәлі Әшімов, Құман Тастамбеков пен Мерует Өтекешова күйші Мұрат туралы толғаныспен сырлы сөздерін арнады.
Райхан Каримуллина,
қарындасы,
Орал қаласы