15.06.2023, 12:00
Оқылды: 25

Күлше шығаратын кәсіпкер

Көпшіліктің сүйсініп жейтін тағамдарының бірі – тәтті күлшелер (печенье) екені  даусыз. Бұл  дәмнің қатарында Оралда «ALANI» брендімен  шығатын жұмсақ күлшелер де бар.   

WhatsApp Image 2023-02-21 at 13.35.01

Мейрамбек Қойшыбаев жетекшілік ететін «Стимул+» жеке кәсіпкерлігінің ашылғанына алты жыл болыпты. Мейрамбек 2015 жылы колледж бітірген соң, қаладағы сауда орындарының бірінде жұмыс істейді. Сол кезде кондитерлік цех ашуға бел буады. Алайда бастаған ісі екі рет сәтсіз аяқталады. «Себебі дайындаған өнімім өтпей қалды. Алғашында саттыққа бес қорап күлше шығардық. Соның екі қорабын бұрын жұмыстас болған апайға, қалғанын орталық базардағы сатушыға өткізгенім есімде», – дейді ол. Бірақ бұл қиындық жас жігіттің сағын сындырған жоқ. «Шешінген судан тайынбас» дегендей, алға қойған мақсатына жетуге ұмтылады. Қаражат жинап, кәсіпті қайтадан бастайды. Бүгінде оның түрлі пішіндегі бисквит күлшелер шығаратын шағын цехы бар. Кәсіпкер 28 адамды жұмыспен  қамтып  отыр.

WhatsApp Image 2023-02-21 at 13.39.16

Мейрамбек Мәлікұлының айтуынша, өнімдерді Орал, Ақтөбе, Атырау, Ақтау және Алматы қалаларында саттыққа  шығаруда. «ALANI» күлшелері негізінен «Алтындар», «Дина», «Анвар»  сауда желілерінің нүктелерінде сатылады. Сондай-ақ Оралдағы дүкендердің 70 пайызының және базарлардың сөрелерінен  орын  тепкен.

WhatsApp Image 2023-02-21 at 13.36.14 (1)

– Цехқа жаңа құрылғыны сатып алу үшін «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» бойынша 60 млн теңге несие алдық. Біз сыйақы мөлшерлемесі 21% несиенің 6%-ын төлейміз. Қалған айырмасын мемлекет  субсидиялайды.

Күлшелерді дайындау үшін күні бүгінге дейін  «Желаев» ұнын пайдаланған едік. Енді «Орал Агро» ЖШС-ның астығын қолданамыз. Ал қымбат та сапалы ваниллин, хош иістендіргіштерді шетелден алдырамыз. Маргарин мен қантты Ресейден әкелеміз. Күлшелердің қораптарын Алматыдан жеткіземіз, – дейді кәсіпкер.  Негізінен  цехтың қуаты бір тәулікте 3 тонна күлше шығаруға жетеді. Мейрамбектің кәсібі бүгінде отбасылық бизнеске айналған. «Кәсіпкер болу оңай емес. Әсіресе біздің салада қиындық көп. Тұтынушыларға біресе өнімнің сапасы ұнамайды, біресе бағасын қымбатсынады. Кейде жұмсағын немесе қаттысын таңдайды. «ALANI» күлшелері жұмсақ болғандықтан, үнемі бір күйде болғанын қадағалаймыз. Пеште 15-20 секунд артық тұрып қалса, қатып кетеді. Ал мұндай өнімді ешкім сатып алмайды. Сондықтан оларды пештен шыққан бойда қайта өңдеуге жібереміз, – дейді Мейрамбек Мәлікұлы. Кәсіпкерге басқа қалалардан да тапсырыс түсіп тұрады екен.

WhatsApp Image 2023-02-21 at 13.36.15

Шындығында, «ALANI» брендінің атауы ерекше естіледі.  Мейрамбек кәсібін алғаш бастаған шақта жиені дүниеге көрінеді. Жаңа әлемнің есігін ашқан шақалаққа ата-анасы Алан деп есім қояды. Ал кейіпкеріміз сол сәтте тұтынушыларға енді жол тартқан күлшелерді «ALANI» деп атауды ұйғарған екен. Бүгінде кәсіпкердің тәттілері талайды тамсантып, бизнесі де қарқынды  дамып  келеді.

Ясипа Рабаева,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале