Жақында Оралда алғаш ашылған Деркөл кентіндегі №51 жайлы мектепке жол түсті. Атшаптырым ауланың есігінен мектепке жеткенше де біраз жер екен. Заманауи үлгіде салынған жайлы білім ошағының ішіне кірген сәтте бірден байқағаным – еркіндік. Бұл мектептің күзетшілері қысылып-қымтырылып алдында тұрған дәптерге «сағатына дейін жазып кет» деп айтпайды екен. Мені күтіп алған директордың әдістемелік жұмыстар бойынша орынбасары Арайлым Сейлевамен бірге оқу ісінің орынбасары Жасұлан Ждуановтың кабинетіне келдік.
Біз барсақ, оқу ісінің орынбасары орнында жоқ екен. Ол кісіні бірнеше минут күтуге тура келді. Санаулы минуттардан соң етжеңді, ылдым-жылдым жас жігіт жылы амандасып, кабинетіне беттеді. Сөйтсем, жайлы мектептің тағы бір ерекшелігі – бұл білім ошағында мектеп директорынан бастап, басшылық құрамға креативті ойлай алатын, өз ойы, идеясы бар жалынды жастар жиналған екен. №51 мектептің оқу ісінің орынбасары Жасұлан Ждуановтың жасы – 28-де. Еңбек өтілі – алты жыл. Негізгі мамандығы – бастауыш сынып мұғалімі. Осы мамандықты жүрек қалауымен өзі таңдаған. Балалармен түсінісіп, жұмыс істегенді жақсы көреді. Аз ғана еңбек өтілінде оны таңдайтын ата-аналар мен оқушылар көп болған. Алайда қазіргі күнде мектеп директорының оқу ісінің орынбасары болып қызмет атқаратындықтан, сынып жетекшілікті тапсырып, тек бастауыш сыныптың негізгі пәндерінен сабақ беріп жүр.
– Біз оқу үрдісін биылғы жылдың үшінші тоқсанынан бастадық. Екі айдың ішінде біздің мектебімізге 1300-ге жуық оқушы жиналды. №49 орта мектептен 92 мұғалім ауысып келді. Бұл – біз үшін үлкен мәртебе. Мектепте оқушыларға барлық жағдай жасалған. Қазір біз альфа ұрпақтарын тәрбиелеп жүрміз. Яғни гиперактивті, өз ойын еркін жеткізетін балалармен жұмыс істейміз. Олардың пікірімен санасу маңызды. Сондықтан оқушылар арасында «Мектепті қандай бағытта дамытқың келеді?» деген бағытта сауалнама жүргізудеміз. Жалпы мектебімізде дамимын деген балаға шабыт беретін ұстаздар жеткілікті деп ойлаймын, – дейді №51 жайлы мектеп директорының орынбасары Жасұлан Әбілқасұлы (суретте).
«Мектебіміз керемет!»
Мемлекет басшысы ҚасымЖомарт Тоқаев «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» екендігін айтып, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын жүзеге асыруды тапсырғаны көпшілікке мәлім. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы балалардың тұрғылықты жеріне қарамастан, заманауи талаптарға сай келетін, тегін білім алу мүмкіндігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жайлы мектептердегі ең басты жайлылық – эргономикалық кеңістіктің құрылуы. Сондай-ақ жайлы мектептерде инклюзивті білім беруге ерекше көңіл бөлінуде. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балалар үшін жеке санитарлық бөлмелер мен кең кабинеттер қарастырылған. Жайлы мектептің тағы бір ерекшелігі – әр блокта оқушылар мен педагогтерге арналған демалыс аймақтарын көруге болады. Мұнда жұмсақ жиһаздар, кітаптар, музыкалық аспаптар мен үстел ойындары қойылған. Мектеп ғимаратының сәулеті заманауи үлгідегі перделік қасбеттерді пайдалана отырып жасалған. Мектеп ауласында үш ойын алаңы, футбол, баскетбол, волейбол, жүгіру және спорт алаңдары бар.

№51 жайлы мектеп директорының әдістемелік істері жөніндегі орынбасары Арайлым Тоғайқызымен мектепті араладық. Үш қабатты зәулім мектеп он блоктан тұрады екен. Оның ішінде бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектеп әрқайсысы жеке блоктарда оқиды. Атшаптырым үлкен мектепте 18 кіріп-шығу есігі бар. Есіктерден кейін турникеттер қойылған. Сондай-ақ білім ошағында 180 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Біз бастауыш сыныптар оқитын блокта бастауыш сынып мұғалімі Дәрігүл Темірованың (суретте) сыныбына бас сұқтық. Ұлттық нақышта киінген 3-сынып оқушылары сабаққа қызыға қатысуда. Олармен аз-кем тілдесіп «Мектеп ұнай ма?» деп сұрадық. Оқушылар «Мектеп керемет, барлық жағдай жасалған. Сыныбымызда интерактивті тақта, неше түрлі көрнекі құралдар бар» деп жарыса жауап берді.
Иә, шынымен де, жайлы мектепте оқимын деген оқушыға барлық жағдай жасалған. Оқушыларға оқу құралдарын сақтауға, ауыстырып киетін киімге арналған жеке шкафтар бар. Сондай-ақ үлкен кітапханаға қоса, кітап оқуға, балалардың шығармашылық дамуы мен демалуына тиісті жағдайлар қарастырылған. Биология пәнін оқытуда қолданылатын Corinth 3D бағдарламасының да өз ерекшелігі бар екен.

– Corinth – өсімдіктер мен жануарлардың, адам анатомиясының, микроағзалардың, табиғи құбылыстардың, механизмдердің және жоғары дәлдікте берілген 3D үлгілерінің онлайн кітапханасы. Сондай-ақ Data Harvest – бұл әлемдік өндірушілердің бірі, оның ішінде цифрлық лабораторияларды шығарады.
Data Harvest Group – әлемдегі білім беру деңгейлеріне сай цифрлық лабораториялар жасайтын компания.
Бұл компания физика, химия және биология пәндерінде цифрлық өлшемдер жүргізуге мүмкіндік береді.
Біздің мектепте Data Harvest датчиктерінің адамның тамыр соғуын тексеретін (пульсометр), ЭКГ, оттегі, көмірқышқыл газын тексеретін, PHметр, колориметр секілді түрлері бар. Data Har-vest датчиктерін іске қосу үшін интерактивті панельдер, компьютер, ұялы телефон арқылы Easy sense бағдарламасы жазылады. Сондай-ақ датчиктер bluetooth бағдарламасы арқылы қосылып жасалады. Бұл құрылғылардың оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арттыруға қосар үлесі зор, – дейді Арайлым Тоғайқызы.
«Өз мектебімде роботтехника сыныбы бар»
Әрі кең, әрі жарық мектепте балалар тып-тыныш білім алуда. Әр блокқа оқушылар арнайы картамен кіреді. Бұл оқушыларға қауіпсіздік жағынан да, кедергісіз тыныш білім алуға да керемет ойластырылған екен. Бір аумаққа біріктірілген шеберханаларда оқушылар ұстаздарымен бірге емін-еркін жұмыс істеуде. Роботтехника кабинетінде де оқушылар робот құрастыруда. Жайлы мектептің 7-сынып оқушысы Ян Якупов таулы аймақтарға, жолсыз жерлерде өтіп кететін, жүкті тез жеткізетін робот құрастырғанын бізге мақтана жеткізді.
– Бұрын лагерьлерде тиіп-қашып роботтехниканы үйреніп жүр едім. Енді өз мектебімде роботтехника сыныбы ашылғаны жақсы болды, – дейді жас жеткіншек қуанышын жасырмай.
«Оқушылардың үнін естігіміз келеді»
Біз барғанда мектеп директоры Жұмабай Жақсығали жұмыстарымен сыртта жүрді. Ол – «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» бағдарламасының резервшісі. Мектеп директорының жасы – 32-де. Өзі де жас, айналасына жас мамандарды жинаған мектеп басшылығы ұзақ жыл еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі педагогтермен бірге тәжірибе алмасып тұрады екен.
– Біз әркез мұғалімдерді қолдауға, бар ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған педагогтермен тәжірибе алмасуға дайынбыз. Мектеп басшысы Жұмабай Төлегенұлы ұжымдағы әр педагогтің идеясын үнемі қолдап отырады. Өзім кабинетте отыратын басшы емеспін. Әркез мұғалімдермен бірге оқушылардың ортасында жүремін. Өйткені біз оқушылардың үнін естігіміз келеді. Жылап келе жатқан оқушыны жұбатып, қуанып келе жатқан баланы одан сайын қуантуға тырысуымыз керек. Мен үшін айналамдағы атмосфера маңызды. Тек бұйрық берумен шектелетін, педагогтерді жігерлендіре алмайтын, қарауындағы қызметкерге сенім арта алмайтын басшылармен жұмыс істей алмаймын, – дейді өз ойын еркін айтатын Жасұлан Әбілқасұлы.
Түйін: Жұмыс барысымен қаламыздағы білім ошақтарын жиі аралаймыз. Сол кезде «Мектебімізге күрделі жөндеу жасалса» деп айтқан оқушыларды да көрдік. Жарқырап тұрған, бар жағдайы жасалған мектепте білім алу – әр баланың арманы. Жайлы мектептен шығып бара жатып «Тоз-тозы шыққан мектепте білім алып жүрген қанша бала бар?! Ал заманауи үлгіде бар жағдай жасалған сәулетті мектепте білім алу бақыты бұйырған балалар қандай бақытты!» деп ойладым.
Гүлжамал Жолдығалиқызы,
«Орал өңірі»