1.02.2024, 17:20
Оқылды: 46

Лудомания – ғасыр дерті

Елімізде ойынға деген құмарлық (лудомания) дертіне шалдыққан адамдарды емдейтін бір ғана мекеме бар. Ол Астана қаласында. Қазіргі таңда ол жерде 1600-ден астам адам реабилитациядан өтіп жатыр. Ал елімізде ойынқұмарлыққа салынған 300 мыңнан астам адам бар. Олардың саны өспесе, азайып жатқан жоқ. Ғасыр дертіне айналған осы кеселдің алдын алу мақсатында «Достық» үйінде «Ойынқұмарлық - тәуелділік» тақырыбын қаузаған дөңгелек үстел сипатында жиын өтті.

IMG_3064

Облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-ның ұйтқы болуымен ұйымдастырылған жиынға БҚО ҚХА этномәдени бірлестіктерінің өкілдері, «Ассамблея жастары» республикалық қоғамдық бірлестігінің БҚО бойынша өкілдігі, мемлекеттік қызметкерлер, «Айбын» әскери-патриоттық клубының, аналар мен ақсақалдар кеңестерінің мүшелері мен студенттер, БҚО қоғамдық даму басқармасының «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері  қатысты.

– Құмар ойындарға тәуелділік – қазіргі қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі. Оның негізінде психоәлеуметтік мәселелер жатыр. Елімізде қоғам арасында құмар ойындарына деген тәуелділіктің жоғарылауы, оның жастар арасында кең тарауы алаңдатады. Ойынға салынып, барынан айырылған азаматтар да ортамызда жүр. Осы мәселені талқылау мақсатында дөңгелек үстелге жиналдық. Өйткені ойынқұмарлықтың дендеп кетуіне жол бермеуіміз керек, – деді жиын барысында сөз алған «Ассамблея жастары» РҚБ БҚО бойынша өкілдігінің төрағасы Дулат Мақатов.

Оның сөзінше, құмар ойынға құмартып, енді тоқтай алмай жүрген, қарызға белшесінен батқан азаматтар көп. Оларды Астана қаласындағы оңалту орталығында емдеу мәселесі  қаралып  жатыр.

– Ойынқұмарды емдеудің жалғыз жолы –  оңалту орталықтарына алып барып, мықты психолог, аддиктологтармен жолықтыру. Лудоманияға шалдыққан жандарды арнайы оңалту орталығына жолдау мәселесін шешуге күш саламыз. Қазір Астана қаласындағы оңалту орталығының мамандарымен сөйлесіп отырмыз. Ойынқұмарлықтан арылғым келеді деген кез келген жанды сол орталыққа жеткізуге тырысамыз, – деді өз сөзінде  Дулат  Мақатов.

Одан соң аталған тақырыпты терең қаузап жүрген «ТДК-42» телеарнасының тілшісі Дана Керімбаева мен ҚДБ жастармен жұмыс жөніндегі бөлімінің басшысы Мирфат Бисенов сөз алып, ғасыр дертіне шалдығып, емделе алмай жүрген жандардың өмір жолы мен ойынқұмарлық соңы қандай қайғылы жағдайға алып келетіні жайында мағлұмат  берді.

Дөңгелек үстелге қатысқан БҚО бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жедел бөлімінің аға анықтаушысы Мирас Хамзин арнайы «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі арқылы құмар ойынға шақыратын күмәнді сайттар мен жарнамалар бұғатталатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ойын бизнесін ұйымдастырушылар мен оған қатысқандар ҚР ҚК-ның 307-бабы бойынша жауапқа тартылатынын  айтты.

Кездесу соңында жиынға қатысушыларға қазақстандық ойынқұмарлардың тағдырынан сыр шертер «Одержимость» атты деректі фильм  көрсетілді.

Түгелбай  Бисен,

zhaikpress.kz.

Фото: Мәди Салық

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале