17.10.2023, 10:45
Оқылды: 40

Мақтаулы мемлекеттік қызметші

Көп жағдайда мемлекеттік қызметшілер қызметінің нәтижелілігі олардың лауазымдық міндеттерін сапалы орындауына, бастамашылдығына және кәсіби дағдыларына, білім-білігіне байланысты. Оны біздің ұжым сондай іскерлік қасиеттерге ие, мемлекеттік қызметте жүргеніне 12 жыл болған әріптесіміз Зүлфия Орынғалиеваның күнделікті қызметінен, адами болмысынан байқап, бағамдағандаймыз.

фото

Зүлфия Арыстанқызы 1986 жылы Жәнібек ауданында өмірге келген. 2008 жылы экология және табиғатты пайдалану мамандығы бойынша М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетін үздік дипломмен аяқтады. Білімін шыңдау мақсатында ғылыми-педагогикалық бағытта экология мамандығы бойынша оқуға түсіп, 2011 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін бітірген. Жаратылыстану ғылымдарының магистрі академиялық дәрежесіне ие болады. Магистр дәрежесін алған жылы білімін жан-жақты тереңдету үшін құқықтану мамандығы бойынша оқып бітірді. Еңбек жолын 2009 жылы «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы бойынша Жайық-Каспий экология департаментінің Батыс Қазақстан облыстық филиалында үйренуші маман болып бастады. 2011 жылдың тамызынан бастап бүгінгі күнге дейін облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының экологиялық реттеу бөлімінде, су қорларын қорғау және пайдалануды реттеу бөлімінде бас маманы болып қызмет етіп келеді. Білім-біліктілігінің, ізденгіштігінің арқасында жауапкершілігі мол, су шаруашылығы мен жануарлар дүниесін қорғау саласы бойынша еліміздің нормативтік-құқықтық актілерін жетік меңгерген мемлекеттік қызметкер болып қалыптасты. Ол – мемлекеттік қызметтегі іс-әрекетіне жауапкершілікпен қарайтын мақтаулы мамандарымыздың бірі.

 Зүлфия Орынғалиева 2021-2030 жылдарға арналған облыстағы балық шаруашылығын дамытудың аймақтық бағдарламасын дайындауға атсалысты. Жұмыс тобының құрамында ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің балық шаруашылығы комитетінде бағдарламаны таныстырды. Қазіргі таңда бағдарламадағы мақсаттарға жету бағытында белсенді қызмет атқарып жүр. Қоршаған ортаның биоәртүрлілігін сақтау және көбейту, су ресурстарының өсімін молайту және экологияға ұқыпты қарау мақсатында қоғамдық сананы дамытуда табиғат пайдаланушылар арасында насихат жұмыстарын тұрақты негізде жүргізеді. Сонымен қатар Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде ынтымақтастық негізінде студенттерге дәріс оқиды. Одан басқа білім ордасындағы магистр дәрежесін және диплом қорғау бойынша мемлекеттік комиссия мүшесі.

Мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Зүлфия 2021 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жарлығымен Құрмет грамотасымен марапатталды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің атынан, сонымен қатар мемлекеттік қызмет жұмысын жақсартуға және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қосқан үлесі үшін алғысхаттарымен марапатталған. «Мемлекеттік қызметшілер кәсіби білімі терең, жан-жақты болумен қатар, теориялық білімін тәжірибеде қолдана білуі керек деп ойлаймын. Тәжірибе жинақтау, үйрену, іздену – кәсіби маманның басты қасиеттері», – дейді кейіпкеріміз.

Мемлекеттік қызметші өзгелерге өзінің ісімен, әділдігімен, қарапайымдылығымен, сабырлылығымен, елжандылығымен үлгі болуы керек.

Соны жадына түйген З. Орынғалиева мемлекеттік қызметкер болудың абыройлы іс екенін жақсы біледі.

Бақтыгүл Хайруллина,

 БҚО табиғи ресурстар және табиғат

пайдалануды реттеу басқармасы әкімшілік бөлімінің маманы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале