Ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал шаруашылығы бүгінгі таңда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің ең тиімді де пайдалы саласы болып табылады. Біздің облыстың да бұл салада, яғни еліміздің азық-түлікпен қамтамасыз етудегі қауіпсіздігін сақтауда алатын орны өз алдына ерекше.
Сурет: agroinfo.kz
Батыс Қазақстан облысы әу бастан етті бағыттағы мал шаруашылығы дамыған аймаққа жататын еді. Оған өлкеміздегі табиғи мал жайылымдары, әуелден мал бағудың қыр-сырын молынан игерген малшыларымыздың тәжірибесі ерекше мүмкіндік беретіні даусыз. Алайда осындай қолайлы жағдайлар мен мүмкіндіктердің болуына қарамастан, мал басының амандығын сақтау үшін атқарылатын жұмыстарды әманда естен шығаруға болмайды. Сан түрлі аурулардан алдын ала сақтану, түліктердің өлім-жітімін болдырмау, малдың қысыр қалуы сияқты мал басын өсіруге, одан алынатын өнімге зиянын тигізетін жайттардың алдын алуды уақытында өткізу ерекше мәнге, маңызға ие. Ал осындай толып жатқан жұмыстарды, шараларды жыл-он екі ай бойы уақтылы, сапалы тынымсыз жүргізетін мамандар мал дәрігерлері. Оларға қай кезде де зор міндет пен жауапкершілік жүктеледі. Өйткені облысымыздың мал шаруашылығын одан әрі дамыту осы мамандық иелерінің еңбегіне тікелей тәуелді. Былайша айтқанда, ветеринариялық қызметтің жағдайы мен оны өз дәрежесінде жүргізу еліміздің аграрлық секторындағы экономикалық ахуалды тұрақтандырумен тығыз байланысты болып қала береді. Мал шаруашылығы саласының дами беруіне, оның тиімділігі мен пайдасының арта түсуіне, ең алдымен, малда кездесетін түрлі аурулардың алдын алу, қоршаған ортаның биологиялық қалдықтармен ластануын болдырмау, малдан өндірілетін шикізат пен мал өнімдерінің сапасын арттыру және экологиялық жағынан қауіпсіз болуы ең басты міндет саналады. Дегенмен мал арасындағы аурулардың алдын алуда және олармен күрестегі оңды нәтижелерге қарамастан, кейбір инфекциялық ауруларға байланысты эпизоотиялық жағдай әлі де болса, өте күрделі күйінде қалып отыр. Мұндай аурулар мал басына зиянын тигізумен қатар, оның өнімділігін төмендетіп, ем-шараларға кететін шығындарды көбейтіп, түліктерді, олардан өндірілетін өнімдерді экспортқа шығаруды шектеуде айтарлықтай экономикалық зиян шектіреді. Мысалды әріден келтіретін болсақ, дүние жүзінде ресми тіркелген 150 инфекциялық аурудың 80-нен астам түрі Қазақстанда жыл сайын тіркеліп келеді екен. Бұл аурулар мал шаруашылығы мен құс шаруашылығына кері әсер еткені өз алдына, адамдардың өмірі мен денсаулығына да айтарлықтай қауіп төндіреді. Соның ішінде біздің облысымыздың мал шаруашылығы үшін сарып, аусыл, қарасан, құтырудың қаупі зорырақ болып тұр. Осынау аса қауіпті аурулармен қатар инфекциялар мен инвазиялар да экономикаға орасан зор зиянын тигізеді. Ондай аурулардың ішінде жануарлар клостридиоздар, пастереллез, некробактериоз, эхинококкоз, псороптоз, маститтер, эндометриттер, көз ауруларына жиі ұшырайды. Әрине, мұндай аурулар малды шетінен қырып салмағанмен, олардан өндірілетін өнімнің көлемін кәдімгідей кемітеді. Ал бұл аурулардың алдын алу шараларын мықтап жүргізбесе, біздің алға қойған бесжылдық (2021-2025 ж. ж.) жоспарларымызды орындау мүмкін емес. Мал шаруашылығын тұрақты өркендетудің бағдарламасы жеке аулалардағы, шағын және орта шаруашылықтардағы малға малдәрігерлік қызмет көрсетуді жақсарта түсуді ең бірінші кезекке қойып отыр. Алайда қазіргі таңдағы шаруашылық басшылары мен мал дәрігерлері, өкінішке орай, дәрі-дәрмектер, химиятерапевтік дәрілер мен антибиотиктер, вакцина қолдануға ғана үміт артумен шектеледі. Ал бұл өз кезегінде малды бағып-күтудің ең тиімді жолдары мен азықтандырудың тәртібін сақтамау, мал өнімдерін (олардың құрамында антибиотиктер мен химфармпрепараттар кездеседі) өндірудегі жағдайды күрделендіре түсуде. Осыдан келіп, көптеген шаруашылықтар мал емдейтін лазареттерге айналып барады. Мұндай жағдайда бағылып, өсіріліп жатқан малдан, тіпті оларды емдеу жақсы жолға қойылғанның өзінде, жоғары өнім алу мүмкін емес.
Мал шаруашылығын өркендетуде кәсіпорын мен сала мамандарының, жұмысшыларының, басшыларының білімін жетілдіруге, оларды даярлауға, қайта даярлауға, ақпараттармен қамтуға ерекше маңыз беріледі. Мал шаруашылығының биологиялық қауіпсіздігін арттыра түсу үшін ауыл шаруашылығы малы мен құстарының басын сақтаудың жай-күйін, мал азығының сапасын, вакцинация және химиялық терапияны тиімді қолданудың, мал басында қауіпті микробтар мен вирустардың бар-жоғын кешенді зерттеу мен эпизоотиялық ахуалдың мониторингтік ғылыми бағдарламасын дайындап, енгізу қажет. Сондай-ақ жергілікті компьютерлік жүйемен, жедел бақылау бағдарламасын құрып, ақпарат-ты жеткізу мен алу, малдәрігерлік-санитарлық нысандарды қамтамасыз етуге кететін шығындардың ғылыми негізделген нормативтерін даярлау керек. Мамандық иелерінің сапалық құрамына жүргізілген сараптама кейбір жағдайды айтпағанның өзінде ауылдардағы жаңа үрдістерге даярлығының өте төмен екенін көрсетті. Агросекторларды модернизациялау уақытша емес, ол келешек күндерге арналған стратегиялық мақсат екенін ескерсек, білім мен білікті жетілдіру ең басты міндет болып қала береді. Жаңа жағдайда – жаңа кезеңнің мал шаруашылығы өнімдерін өндірудің нағыз кәсіби шеберлеріне – технолог-менеджерлерге, ветеринарларға қажеттілік арта түсетіні айқын. Осынау мәселелерді есере келгенде, облысымызда Батыс Қазақстан малдәрігерлік академиясын ашудың мезгілі келген сияқты. Ол бізге ешқандай артық етпес еді. Мұндай оқу орнын ашуға мүмкіндік толып тұр. Нақты айтқанда, оған Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің оқу-зертханалық және тәжірибелік базасын молынан пайдалануға болады. Онда осы заманғы оқу-тәжірибелік корпус, іргесінде ауыл шаруашылығы жануарлары мен құстарының барлық түрі ұсталатын виварий, сондай-ақ ғылыми тәжірибе өткізуге арналған зертханалық жануарлар бар. Қаланың іргесінде, мал соятын, оның өнімдерін өңдейтін осы заманғы талапқа сай құралдармен жабдықталған цехы бар «Шамшырақ» кешені жұмыс істеп тұр. Онда өнімділігі жоғары ауыл шаруашылығы түліктері ұсталады. Оқу-тәжірибелік сабақтар өткізіп, ғылыми зерттеулер жүргізетін профессорлар мен оқытушылар құрамы толықтай әзір. Қазіргі таңда Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің ғалымдары Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары үшін мал дәрігерлері мамандарын даярлау және қайта даярлау курстарынан өткізуді жүйелі негізде жүргізуде. Университет ғалымдарының қатысуымен Қазақстанда тұңғыш рет паразиттерге қарсы және антибактериалдық препараттарды өндіру жолға қойылды. Осынау отандық өнім импорттық дәрі-дәрмектерді алмастыру мен тиімділігі, бағасы жағынан шетелдік өнімдерден әлдеқайда асып түседі.
Ғайса Абсатиров,
БҚИТУ-дың ветеринария және биотехнология ғылыми-зерттеу орталығының директоры, ветеринария ғылымдарының докторы, профессор