7.04.2022, 14:45
Оқылды: 183

Мәметова әуежайы ашылды

Бүгін Орал қаласында Мәншүк Мәметова атындағы заманауи халықаралық әуежай терминалы іске қосылды.

16

Іс-шараға облыс әкімі Ғали Есқалиев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиев, «КПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую және мердігер кәсіпорын басшылары қатысты.

13

– Құрметті ағайын, әуежайымыз бүгіннен бастап заманауи бағытта қызмет ететін болады. Бұл шараға арнайы келген ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Камалиевке алғыс білдіремін. Биыл Ақжайық жұрты Кеңес Одағының батыры, Мәншүк Маметованың 100 жылдығын тойлауда. Осыған орай облыс тұрғындары халықаралық әуежайға қазақтың қаһарман қызының атын беруді ұсынған болатын. Көпшіліктің пікіріне құлақ асып, ҚР Үкіметі 18 наурыз күні Оралдағы әуежайға Мәншүк Мәметова есімін беру жөнінде шешім шығарды. Бұл – үлкен қуаныш. Біздің басты мақсатымыз – халыққа сапалы қызмет көрсету. Жобаға қаржы бөліп, қолдау көрсеткен «КПО б.в.» компаниясының бас директоры Джанкарло Рую мырзаға рахмет! Құрылысқа қазақстандық кәсіпорындардың қатысқанын мақтанышпен айтуға болады. Мұратбек Мұхамедиев басқаратын «KSG» ЖШС қызметкерлері мен көгалдандыру жұмыстарын ұйымдастырған жерлесіміз Қайрат Кәрімовтің еңбегі зор. Құрылысқа пайдаланылған әйнек, керамикалық тақта, санфаянс, жиһаз және басқа да материалдар – өз елімізде шығарылған өнім, – деді Ғали Нәжімеденұлы.

16

Өңір басшысы әуежайдың құрылысын жауапкершілікпен және сапалы атқарғаны үшін «KazConstructionGroup» құрылыс компаниясына, Мұхит Темірбаевқа, Сержан Ахметке, Дәурен Гиляжевке, Алмаз Иманғалиевке, Ернияз Удреевке алғысхат табыстады.

18

Жаңа әуежай өңірдегі туризмнің дамуына, халықаралық бағыттарды ашуға, әуе көліктері арқылы жүк айналымын арттыруға мүмкіндік береді. Құрылыс барысында 250-ге жуық қызметкер жұмысқа тартылған.

19

– Жаңа әуежай облыс экономикасының көтеруіне ықпалын тигізеді деген сенімдемін. Нысан өте күрделі құрылыстың нәтижесінде іске қосылды. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде бірқатар үлкен жобалар жүзеге асуда. Мәметова әуежайын «Ашық аспан» ұстанымымен жұмыс жасайтын аэропорттардың қатарына енгізіп, шетелдегі авиакомпаниялармен байланыстыру жөнінде Азаматтық авиация комитетіне тапсыра берілді. Бұл – тыңғылықты еңбектің нәтижесі. Осы аэропорттан халық Қазақстан қалаларына қоса, шетелге де ұшуы тиіс, – деді Берік Сайлауұлы.

1

Өз кезегінде Джанкарло Рую мен Мұратбек Мұхамедиев әуежай жұмысына сәттілік тіледі және құрылыстың ауызбіршіліктің арқасында халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілгенін атап өтті.

17

Ғимарат кілті әуежай басшысына табысталып, іс-шараға қатысушылар заманауи құрылғылармен, Мәншүк Мәметованың құрметіне қойылған стендпен танысты. Су жаңа ғимарат ішінде «Классика» камералық ансамблі ойнаған әуендер іс-шара қатысушыларына ерекше әсер сыйлады.

5

7

Жобаны басқарушы Андрей Кабановтың айтуынша, әуежай аумағы толығымен абаттандырылып, саябақ салынған. Әуежай жылына 600 мың адамға дейін өткізе алады.

6

3

28

Айта кетейік, жаңа құрылғылар іске қосылып, әуежай сынақ режимінде жұмыс істейтін болады. Бұл бір-екі айға созылуы мүмкін.

9

26

14

29

21

Марлен Ғилымхан,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале