27.06.2023, 10:00
Оқылды: 129

Мәңгілік тақырыпқа диалог

«Үзілістің» бүгінгі қонағы – білім және ағарту еңбек майданының қатардағы жауынгері  бола жүріп, өзіндік жолын сала білген ардагер-ұстаз Асылай Әдиетқызы Әбдірахманова.

da7f535c-2fb2-4471-bf33-0326846b848d

Дариға  Ғазезқызы:

– «Атпаз көрген – ат  таныр, Ұстаз көрген – хат  таныр» немесе «Бала өсірген ата-ана бала болып ойнайды, Бала оқытқан ұстаздар бала болып ойлайды» деген бар. Қарап отырсам, Сіз бала болып ойнай да, ойлай да білген сұңғыла ұстаздар санатынан екенсіз. Талай-талай тарлан мұғалімдер бар ғой, әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы, тіпті мектебі дерліктей жолдары бар. Сіз туралы бір бейнебаянды көріп отырып, өзімнің де балалық шағым есіме түсті...

Асылай Әдиетқызы:

– Көп рақмет.  «Балықшы балықшыны алыстан таниды» дегендей, мұғалім де бір-бірін айтқызбай ұғады ғой... Бастауыш сыныптардың мұғалімі болдым. Жалықтырмайды олар... Менің бір ұстаздық дағдым – оқушыларымның  жазба жұмыстарын текшелеп, сақтап қоятынмын. Маржандай тізілген көркем әріптермен саусақтары майысып отырып, кіршіксіз жүректен жазған шағын шығармаларын қалай тастарсың. Биыл ұядан ұшқан түлектердің алғашқы ұстазы ретінде  мектеп бітіру кешіне шақырылдым. Архивімде қат-қат болып сақтаулы тұрған шәкірт дәптерлерін иелеріне қалай табыстасам деп жүруші едім, сәті осылай түсті. Иә, таяуда түлектерімнің бастауыштағы  дәптерлерін 11 жыл сақтап, 1 маусымда мектеп бітіру кешінде тосынсый жасап алып бардым. Әуелі архивімді ақтарып, оқушыларымның дәптерлерін парақтап өзім оқып шыққанмын. Дәптерлері қапталған, тап-таза. Әріп емлесі сақталып, анық өте әдемі жазылған. Жылдар өткен соң қайта  қарағанда әсер мүлдем бөлек болады екен! Қатты риза болдым, алға қойған мақсаттар үшін қаншама тер төгілгеніне көз жеткіздім. 2-3-сынып оқушыларының жоспар құрып, «Менің ұстазым», «Әке – асқар  тау», «Ана - өмірдің шуағы», «Күз кереметі», «Менің Отаным!», «Қыс мезгілі көңілді», «Менің сүйікті ата-әжем» т. б.  тақырыптарға жазған шығармалар (жылына он екі жазба  жұмысы!). Ойларын еш бүкпесіз, балалықтың  бал тілімен шебер  жеткізе алған. Осы  шығармаларын ата-аналарына, әжелеріне және ауторларына оқып бергенде  керемет әсерлі болды! Шығарма ауторлары да,  кейіпкерлері, яғни  әке-шеше, ата-әжелері де  толқып, көздеріне жас алды. Ұстаз бақытын сезіндім. Көңілім  өсіп, риза  болып  қайттым.

 Дариға Ғазезқызы:

– Иә.  Менің де бір ұстазым оқушыларының  жақсы шыққан шығармаларын архивіне алып қалатын. Бірақ ол кісі келесі шәкірттеріне оқып беріп, үлгі қылу үшін жинаушы еді. Ұстаз шеберханасы деген сол. Ал  сіз жинап қалған шығармалардан балалықтың иісі аңқып тұр. «Біз сабаққа жақсы дайындалып келсек, апайымыз қуанады. Дұрыс жауап бере алмасақ,  шашы ағарады...», «Мен апайға жақсы оқуға уәде бердім, соны орындауым керек...»  деген сөздердің өзі неге тұрады! Осы күні 2-3-сыныпта сондай шығарма жаза алатын бала бар ма екен, сірә?.. Ұстаз жолы – ұлағат  жолы. Неден  басталып  еді  бәрі?

Асылай Әдиетқызы:

– Анам Бөпеш Қайырқызы – бастауыш  сынып мұғалімі, тарих пәнінің мұғалімі, Казталов ауданының Көмекші негізгі мектебінің директоры қызметтерін  атқарып, зейнеткерлікке шыққан айтулы ұстаз еді. Білім саласында 40 жыл үздіксіз еңбек етіп, шәкірт тәрбиелеген, ұрпағына да жақсы тәлім-тәрбие берген анамызға еліктеп, үлгі тұтып өстік. Қазіргі Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятқа, Жаңақаладан шыққан алғашқы генерал Оқас  Базарғалиұлы Сапаровқа бастауышта «Әліппе» ұстатқан алғашқы ұстазы, облыстық тележүргізуші, ақын Балмолда Мұнайдарға тарих пәнінен сабақ беріп, сынып жетекшісі  болған...

Менің еңбек жолым сәл басқаша басталды. Әкемнің (ол кісі ауыл шаруашылығында басшылық қызмет атқарған) жолын қуып, экономист мамандығын таңдадым.  Жаман маман болған жоқпын. Бірақ совхоздар тарап, экономист мамандары жұмыссыз қалған тұста басқаша шешім алу керек болды. Сөйтіп, мен мұғалім мамандығына оқып шықтым да,  ұстаздық жолына түстім. Өкінбеймін. Кештеу бастап қалсам да, нәтижелі жұмыс істеп, шәкірттердің, ата-аналардың ықыласына бөлендім. Жаңақала ауданы, Көпжасар ауылында Д. Нұрпейісова атындағы мектепте, қалалық №10 және №50 жалпы орта білім беретін мектептерде жұмыс істеп, зейнетке шықтым.

Дариға Ғазезқызы:

– Зейнеткер, зейнеткер дегенмен, зейнеткердің көзі қырағы, көңілі жүйрік.  Қай саланың да  байырғы маманы қоғам тынысына  бей-жай қарап отыра алмайды.  Сізді не қуантып,  не мазалайды?

Асылай Әдиетқызы:

– Бүгінгі педагогиканың жаңа заманауи бағдарламасы мен беріп отырған бағыт-бағдарында келісіп құптайтын да, келіспей қарным ашатын да  жерлерім  көп...

Жаңа өзіңіз айтып отырған «маржандай тізілген» жазу бұрын болды, қазір жоқ. Неге?

Көркем жазу оқушының мектепке келіп, партаға отырған күнінен басталады. Әдемі жазу – оқушының  сауаттылығын көрсетеді әрі сол жазуды оқитын адамға көзқарасы, құрметі. 1-сыныптан бастап әріп байланысын сақтап, көркемдеп әдемі жазуды, таза жазуды талап ету ұқыптылыққа, үлкен жауапкершілікке үйретеді. Нашар жазатын оқушылармен жеке көп  жұмыстанушы едік. Дәстүрлі оқыту әдістемесімен сабақ беріп жүріп-ақ, қаншама  шәкірттерді мықты қылып қалыптастырдық... Оқушыларымды 1-сыныптан бастап «Балдырған» журналына сынып болып жаздыратын едім. Кітапханамен дос болып, ертегі т. б. балаларға  арналған кітаптарды талап етіп оқытатынмын. Оқығандарын   әр кез  сұрап, мазмұндап айтуларын қадағалап отыру тағы бар. «Балдырғандағы» мақал-мәтелдерді жаттап, бірбіріне жұмбақ жасыруға таласып ойнаушы еді. Ал қазір ше? Балалардың көбіне көркем әдебиет, газет-журналдар оқымайтындығы, өзіндік ой-пікірлерінің тұрақсыздығы, ортада өздерін мәдениетті ұстай білмеулері, адами  қарым-қатынастарының әлсіздігі, өз ана тілімізде таза сөйлемеуі, әдемі, сауатты жазуға мән берілмейтіндігі,  ой-санасын жетілдіретін мазмұндама, шығарма, диктанттардың өз деңгейінде жүргізілмеуі, ережелердің, оқулық кітаптардың сапасыздығы, ақылы оқудың көбейгендігі т. б. толып жатқан келеңсіздік салдарынан   білім сапасының төмендеп отырғаны – шындық.

Дариға Ғазезқызы:

– Бастауыш сынып мұғалімінің жөні бөлек қой, негізі. Бесаспап шебер,  талғампаз,  мейірбан да шығармашыл адам болуы керек ол. «Бастауыш класс мұғалімі мамандығын беруде педколледж мықты ма, университет мықты ма?» деген сұрақ та жүреді көкейде. Бұрында педучилище бітірген мамандар бастауышқа сабақ бере алатын,  одан кейін жоғары білім талап етілетін болды. Бірақ  сапа жақсарды ма?

Асылай Әдиетқызы:

– Бастауыш сынып мұғалімі мамандығын беруде бұрынғы педучилищенің білімі мықты деп есептеймін. Қазіргі бастауыш мұғалімдерін әзірлеу сапасы да жаман емес шығар, бірақ ақылы оқуға көңілім толмайды. Сапалы білімнен гөрі сан қуушылық басым ба деп ойлаймын. Мектептегі орташа, тіпті орташадан төмен оқыған оқушылардың ақылы оқып келіп, үш жылдан кейін әріптес болып жатқан  жайлар көптеп кездеседі. Бұрындары тәжірибесі мол ұстаздар осындай жас ұстаздарға үлгі көрсетіп, қазақша айтқанда, «жетекке алып», үйретіп жүруші еді. Мысалы, мен мектепке алғаш бастауыш мұғалімі болып орналасқанда  әр кез көмегін аямай, тәжірибе жинақтауыма білікті ардагер ұстаз, бастауыш сыныптардың оқу ісінің меңгерушісі Мақуза Қайратқызы Жұмакелдина ықпал еткен болатын. Сол кісінің  жетекшілігімен мен бастауыштағы  зерек, дарынды балалармен жеке жұмыс жүргіздім, жақсы нәтиже болды. Дарынды балалармен жүргізген жұмысым облыстық тамыз мәслихатында секция жұмысында талқыланып, облыс көлеміне таратылды. Өзім де кейін жас мамандарды баулудан қалыс қалғаным жоқ. Қазіргі мектептерде сабақтастық жүйесі әлсіз сияқты көрінеді. Жалпы, бастауыш сынып мұғалімі   оқу әдістемесін толық меңгеріп, өз мамандығына сақадай сай болып шығуы керек. Себебі оның атқаратын жұмысының жауапкершілігі  өте жоғары, жас бүлдіршіндердің білімге алғашқы қадамын дұрыс бағыттап жіберетін – сол адам. Бұрын педучилищеде педагогикалық этикадан бастап психологиялық болмысына дейін болашақ ұстаздың өзін жоғары деңгейде тәрбиелеп, шыңдап шығаратын. Онда оқуға  түсу өте қиын болатын. Ал қазір ата-ана ақылы оқыта қояды, болашақта жұмыстың да табылатынына сенімді... Әрине, бәрі емес, елімізде мықты мықты ұстаздар баршылық, білімді шәкірттері де көп, олардың жетістіктеріне әрқашан қуанып отырамыз.

Дариға Ғазезқызы:

– «Алдыңғы дөңгелек қалай айналса, соңғысы да солай жүреді» деген бар қазақта. Меніңше, сабақтастыққа меңзеп тұрған сөз.  Бүгінгі білім саласының бірін бастап,  бірін тастап дегендей, кіл жаңа бағдарламаларды жасауға  ұмтыла беруі сол сабақтастыққа зиянын тигізіп тұрғандай. «Қол тимейді» деп жүрген мұғалім көп.  Ішінара кездесулерге барып,  жиған-терген тәжірибелерімізді ортаға салғанда олардың да сол сабақтастыққа зәру екендігін байқаймын. Өкініштісі сол,  көп зейнеткерлердің өз мектептерімен байланыстары әлсіз,  жылына, болса – екі, болмаса – бір  мерекесіне шақырып,  қолына гүл ұстата салумен  ғана шектелуде. Ондай шақырудан да мақұрымдар  бар.  Мектеп жанында ардагер ұстаздар кеңестері өз функцияларын жөндеп атқара алмай жүр. Ал ол дегеніңіз қаншама  резерв!

Асылай Әдиетқызы:

– Мен  қалалық №50 мектептен зейнеткерлікке шықтым. Мектеппен тығыз байланыстамын. Мені салтанатты жиындарына шақырып тұрады. Ол мектепте де жақсы оқу озаты  шәкірттерім жеткілікті. Мектептің Құрмет тақтасына шығарды, ілулі тұр... (Алла разы болсын!) Бүгінгі білім саласына зейнеткер көзімен қарасам, үйірмелердің көптігі, өнерлі оқушылардың жетістіктері,  білімді, дарынды оқушылардың көбейіп келе жатқаны қуантады. Ал баланың көп уақыт телефонмен отыруы, ата-аналардың балаларды көп жұмсамауынан  баланың еріншек болып өсіп жатқаны (әсіресе,  қаланың баласы), кітап оқымауы дәптердегі қателердің түзелмеуі, қатемен жұмыстың жүрмеуі, 1-сыныптан бастап көркем жазу факультативтік сабағының жоқтығы, баланың есте сақтау қабілетінің төмендігі (жаттаған тақпақтарын тез ұмытып қалады), тәрбие сағаттарының өз деңгейінде өтпеуі т. б. кем-шіліктер қорқытады... Біз тілекшіміз. Жеке басымыз үшін емес, қоғам үшін, болашақ үшін, қауіп еткен нәрсені айтып, көрсеткіміз келіп тұратыны сол. Жұбайым екеуміз (мамандығы зоотехник) бала тәрбиесіне, сабақ оқуларына талапшыл болдық. Балаларымыз осы Дина Нұрпейісова мектебін өте жақсы аяқтап, жоғары оқу орындарына түсті. Қазір жақсы жұмыстарын істеп, еліне қызмет етуде. Аудандық білім бөлімінің ата-аналар комитеті атынан мені облыстық тамыз кеңесіне арнайы  жібергені де ұрпаққа саналы тәрбие бере білгеніміз үшін деп ойлаймын. Сол биік мінберден сөз сөйлеп, өңіріміздегі  педагогтер қауымының алдында өз ой-пікірімді ортаға салу мәртебесіне ие болғанымды  мақтаныш тұтамын.

Дариға Ғазезқызы:

– Иә, кезекті еңбек демалыстарына шығып жатқан мұғалімдер қауымының назарына осы диалог іліксе игі (газетке жазылғандары болса!). Ұстаздың интеллектуалдық деңгейі жөнінде әңгіме басқа. «Жақсы аға – орман, жақсы іні – қорған» деген,  орманымыз да, қорғанымыз да аман болсын. Бүгінгі қоғамға аса қажет – көңіл тәрбиесінде ауторлық жоба деуге татырлық еңбегіңіз кейінгі ізбасарларыңыздың тарапынан  жалғасын  тапқай...

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

«Парасат» ордені, «Ерен еңбегі үшін» медалінің, «Ы. Алтынсарин» белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале