Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин мектептерде коронавирусты анықтайтын экспресс-тест қолдануды ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, экспресс-тест адам ағзасында коронавирустың бар-жоғын анықтауға өте тиімді.
«Біз тірі вирус пен мутацияланған штамдарға зерттеу жүргіздік. Қазақстанға әкелініп, тіркеуден өткен барлық негізгі экспресс-тестерді зерттеп, жақсы нәтиже алдық. Бүгінде экспресс-тестілеудің тиімділігі өте жоғары», - деді Жандарбек Бекшин ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.
Спикердің сөзінше, мұндай тесттер қазірдің өзінде Ресейде қолданыла бастаған. Ал келесі аптаның соңына дейін қазақстандық мамандардың экспресс-тестер бойынша зерттеулері Денсаулық сақтау министрлігіне жолданады. «Біз мектептерде науқастармен байланыста болған мыңдаған адамды байқап отырмыз. Олардың барлығын экспресс-тесті қолданып, тексеріп көруге болады. Олардың көмегімен, 15-20 минут ішінде оқушының оқуын жалғастыратынын немесе оқшаулануға жіберу қажеттігін анықтауға болады», - дейді ол.
Сонымен қатар, Жандарбек Бекшин бұл бюджеттік қаражаттын үнемдеуге, сондай-ақ медицина қызметкерлеріне түсетін жүктемені азайтуға мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.