Мемлекет басшысының «Ана тілі» газетіне берген сұхбатын бір деммен оқып шықтым. Президент болған күннен бастап мақсатын елге ашық, айқындап айтқан екен.
Біткен іске қашан да сыншы көп. Ел арасында «Әділетті Қазақстан», біздер «Жаңа Қазақстандамыз» ғой деген алып-қашпа сөздерді естіп қалатыным бар. Күлкіге айналдырып, барлығына билікті кінәлайды. Түптеп келгенде, әр адам әділдікті де жаңашылдықты да өзінен, кішкентай ғана қадамдардан бастау керек. Қазақта «балық басынан шіріненімен, құйрығынан тазаланады» деген мәтел бар, түсінген адамға көп нәрсе ұғындырып тұр.
Мемлекет басшысы да өз сұхбатына «Әділдік – бәрін теңестіру деген сөз емес. Менің ел байлығын әділ бөлу туралы ұстанымым меншік иелерін мүлкінен түгел айырып, активтерді қайта бөлу дегенді білдірмейді. Біз іштен іруге және жүгенсіздіктің белең алуына әкеп соқтыратын мұндай жолмен жүрмейміз», - деді. Көбіміз осы жолда адасып жатамыз.
Түзелуден әрқайсымыз өзімізден бастайық. Әлі де ештеңе кеш емес!