18.07.2024, 15:46
Оқылды: 303

Мемлекеттік гранттың 20%-ы: БҚО-да мүмкіндік мол

Бүгінде кешегі мектеп бітірушілер университеттердегі қабылдау комиссиясына ағылып келуде. Тестілеуден жоғары балл жинаған талапкерлер мемлекеттік гранттан үмітті. Біз қабылдау комиссияларының жауапты хатшыларын сөзге тартып көрдік.

4CCD3899-76AD-4F04-ACFA-1DE5C724423B

Жоғары білім берудің барлық деңгейі бойынша 2024-2025 оқу жылына білім беру гранттарының тізімі жарияланғанын білеміз. Биыл 112 мың грант бөлінсе, соның 79 мыңға жуығы бакалавриатқа, 13 мыңы магистратураға және 1 900 грант докторантураға түсетіндерге арналған. «24.kz» сайтындағы мәліметке жүгінсек, бөлінген гранттардың басым көпшілігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына тиесілі екен. Жалпы талапкердің құжаттарын қабылдайтын комиссия жұмысы маусым айының ортасында басталып кеткен. Ал шілденің 13-інен бастап қабылдау комиссиясының жұмысы қыза түсті. Өйткені мемлекеттік грантқа өтінім беру облыс бойынша шілде айының 13-і мен 24-і күндері аралығын қамтиды.

Оралдағы Қазақстан инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетіндегі қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Гүлдана Ғұсманова жыл өткен сайын талапкерлердің грантқа қажет құжаттарын қабылдауда кедергілер азайып келе жатқанын айтты. Бұрын барлығын жазбаша толтырып отырса, бүгінде талапкер туралы қажетті ақпарат электронды үкімет арқылы қолжетімді.

– Қазіргі кезде Ұлттық тестілеу орталығының сайтында оқуға түсушілер үшін барлық мәлімет бар. Бізге келушілердің дені өздерінің қандай мамандық таңдайтынын да сол сайттағы ақпарат арқылы нақтылап, қажет құжаттардың бәрін біліп алады. Биыл да талапкерлерге біршама жеңілдік қарастырылған. Мәселен, көктемде су тасқынынан зардап шеккен аймақтағыларға мемлекеттік грантқа өтінім беру уақытына 4 күн қосылды, яғни негізі 13-і мен 20-сы аралығында болса, енді 24-іне дейін үлгеріп тапсыруларына болады. Қазір талапкер ҰБТ-ны төрт рет тапсыратынын білеміз. Соның ішінде негізгісі маусым айында өтеді. Алайда түлек мамыр немесе маусым айының біреуінде тест тапсырып, көрсеткіші төмен болған жағдайда қаңтар немесе наурыздағы нәтижесі есепке алынады. Осы ретте «Ол не үшін қажет?» деген сұрақ туады. Егер талапкердің қаңтар мен наурыз айындағы нәтижелері жоғары болса, сол арқылы грантқа өтінім бере алады. Бұл – көңіл қуантарлық жеңілдік, – деп жауап берді Гүлдана Әлібекқызы.

Бүгінде «Egov.kz – электронды үкімет» порталы арқылы да құжат тапсыруға мүмкіндік жасалған. Дегенмен ол арқылы тапсырып жатқандар жоқтың қасы. Сонымен қатар әр университеттің ресми сайтына кіріп, виртуалды комиссия арқылы тек қана кеңес алуға болады.

М. Өтемісов атындағы БҚУ қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Асқар Аманбаевтың сөзінше, барлық гранттың ішінен тасқыннан зардап шеккен аймақтарға әр мамандық бойынша 20 пайыз қарастырылады. Соның арасында Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстары бар. Демек, бұл – аталған өңірлерде грантқа түсуге мүмкіндік мол деген сөз. Ал кейінгі үш жылда квота тізімі біраз кеңейтілген. Атап айтсақ, соңғы жылдарда көпбалалы немесе толық емес отбасындағыларға, талапкердің туған бауыры мүгедек боп шыққан жағдайда мүмкіндіктер қарастырылған. Көбі 1 пайыздық болса, көпбалалы отбасындағыларға 5 пайыздық жеңілдік бар.

Еске салайық, мемлекеттік гранттар бойынша арнайы комиссия қорытындысы тамыз айының 5-і мен 10-ы аралығында жарияланады.

Осы жылы Ұлттық бірыңғай тестілеуде жоғары нәтиже көрсеткендер аз болмағаны белгілі. Бұл ретте алдымен Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ұлттық тестілеу орталығының мәліметіне сүйенсек, биыл республика бойынша 181 мыңнан астам талапкер ҰБТ тапсырған. Оның 75,1 пайызы қазақ тілінде және 24,8 пайызы орыс тілінде тестілеуден өткен. Сонымен қатар жоғарыда аталған барлық қатысушының 76,4 пайызы, яғни 139 мың талапкер шекті балды жинаған екен. Ал Батыс Қазақстан облысында тестілеуге 6251 түлек қатысқан. Арасында 77 пайызы шекті балды жинаған болса, орташа балл 70-ті құраған. Сондай-ақ ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілерге қолайлы жағдай жасаудың нәтижесінде ҰБТ-ға 26 талапкер қатысыпты.

Облыс көлемінде жалпы 18 ереже бұзу дерегі анықталған. Осы санның ішінде 7-еуі тыйым салынған заттармен өту салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылса, 11-і тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, тест нәтижелері жойылған көрінеді. Өңірде тест тапсырушылардың 40-қа жуығы 130 балдан жоғары жинап қуантты. Мәселен, жоғарыда аталған Казталов ауданының Жалпақтал ауылындағы К. Мендалиев атындағы жалпы орта білім беретін мектептің түлегі Абылай Мақсот 138 балл жинаса, облыстық дарынды балаларға арналған Абай атындағы мамандандырылған мектеп-гиназия-интернатының түлегі ГауҺар Орынғали мен «ABYROI SCHOOL Oral» жеке мектебінің түлегі Құралай Есенғожина 136 балл алды. Облыс көлемінде ең жоғары көрсеткішке қол жеткізген Абылай Мақсот біздің сауалдарымызға жауап беріп, тестілеуге күні-түні дайындалғанын айтты.

FAEC8E62-9AE4-412A-A940-84093D2E154E

– Тестілеуге былтыр шілде айынан бастап дайындалдым. Физика-математика бағыты бойынша мұғалімдердің кеңесінен бөлек жеке ізденіске күш салдым. Сөйтіп жүріп, Президенттік олимпиаданың республикалық кезеңіне де қатысып үлгердім. Бұл менің тестілеуге дайындалуыма кедергі болмай, керісінше жаңа деңгейге ұмтылуыма ықпал етті. Шілденің 5-і күні ҰБТ-ны сәтті тапсырып, жыл бойы еткен еңбегімнің нәтижесін көрдім. Оған дейінгі тестілерден де жақсы балл алып жүрдім. Бұл жолы армандарыма апарар даңғылдың бойы жайнап кеткендей күй кештім. Шексіз қуандым, – деді талапкер Абылай Қанатұлы.

Ол «Бірінші кезекте – нақты жоспар мен нәтижелі әрекет» деген ұстанымның өзін үнемі алға жетелеп отыратынын айтты. Талапкер Астана қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде жобалаушы инженер мамандығы бойынша білім алғысы келеді.

Биылғы тестілеуден кейін бұрын естімеген жаңалықтар елді елең еткізгені рас. Соның арасында ең төмен балмен әлеуметтік желіде танымал болғанды да көрдік. Алматылық Ерасыл Уәлиев аталмыш тестілеуден 1 балл алды, яғни антирекорд жасады және ол жайлы ақпарат ел ішінде желдей есті. Алайда ол әлеуметтік желіде өзінің бұл әрекетке ҰБТ-дан қорықпау керек деген ойын дәлелдеу үшін барғанын, қысқасы, әдейі жасағанын айтып түсіндірген еді.

Республика көлемінде 140 қатысушы ең жоғары балл жинап сүйіншіледі. Бұл ретте алматылық Жаннұр Еңсебек пен ақмолалық Айым Ержанованың есімдерін атап өткен жөн. Олар әмбені әуреге салған әлгі тестілеуден 140 сұрақтың бәріне дұрыс жауап беріп, көпті бір сүйсінтіп қойды.

Онымен қоса, 139 балл жинаған жаңаөзендік Абзал Оңғарбаев пен 138 балл алған кентаулық Айдос Қожановтың да есімдері бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланды. Орайы келгенде өзіміздің облыстан 138 балл жинаған Абылай Мақсоттың да есімі атап өтуге әбден лайық.

Аманжол Исламғали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале