Мемлекеттік қызметтердің көпшілігі смартфонға ауыстырылады. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Тұжырымдама көші-қон процестерін цифрлық тұрғыдан дамытуды жоспарлайды. Сондықтан, көші-қон процесін дұрыс ұйымдастыру үшін оларды қайта қарастырып, оңтайландырамыз. Көптеген мемлекеттік қызметтерді смартфонға ауыстырамыз», - деді Марат Ахметжанов бүгін Үкімет отырысында.
Оның атап өтуінше, аталған іс-шаралар сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға ықпал ететін болады.
«Жалпы, цифрлық форматқа ауысу, сондай-ақ уәкілетті органның еңбек мигранттарына қатысты саясатты жеңілдету нәтижесінде елімізде заңсыз болушылар көлеңкеден шығады деп сенеміз», - деді министр.