Үнемі еңбектеніп, білімін шыңдағандар қашанда шырқау шыңда тұрады. Сондай биік белестен көрінген ұжымның бірі — М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі. Аталмыш білім ұясы биыл ҰБТ қорытындысы бойынша еліміздегі ең үздік 100 мектептің қатарына қосылды.

М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейі – тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ашылған санаулы қазақ мектептерінің бірі.
1996-1997 жылдары Мәншүк Мәметованың есімі беріліп жалпы орта білім беретін мектебі болып жұмыс жасаса, 2011 жылы мектеп-лицей статусы деңгейін алып, Орал қаласындағы дарынды, үздік оқушыларды даярлайтын физика-математика бағытындағы үздік мектептер қатарына көтерілді.
Мектеп-лицейге 2017 жылдан бастап Утешева Гүлдана Ганиятқызы басшылық етіп келеді. Соңғы бес жыл төңірегіндегі жүргізілген жұмыстарға сараптама жүргізетін болсақ, 2017-2018 оқу жылынан бастап осы уақыт аралығында білім сапасы 40%-ға көтеріліп, қалалық мектептердің алдыңғы қатарында. 2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша білім сапасы — 83,5%-ды құрады.
ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл жыл сайын өсіп келеді. Биылғы 2021-2022 оқу жылындағы ҰБТ бойынша орташа балл 103-ті құраса, мектеп түлектерінің 90% мемлекеттік грант иегерлері атанып отыр.
М.Мәметова атындағы №27 мектеп-лицейінің оқушылары бүгінгі жас дарындылардың білім додаларында облыстық, республикалық, халықаралық байқауларда мектеп намысын қолдан бермеуде. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінде оқушылары математика, физика, тарих пәндерінен жүлделі орындарды иеленіп, мектеп мерейін асқақтатып келеді.
Орал қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі