Биыл Наурыз мейрамы ел бойынша бекітілген «Наурызнама» тұжырымдамасы бойынша он күн бойы өткізіледі. «Наурызнама» онкүндігі Наурыз мейрамының мән-мағынасы мен мазмұнын байытып, оларды дәріптейтін түрлі мәдени және дәстүрлі іс-шараларды қамтиды. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев кеңінен айтып берді.
Фото: www.gov.kz
Әр күн қазақ мәдениеті мен қоғамының байлығы мен алуан түрлілігін көрсететін белгілі бір тақырып пен құндылыққа арналған. Наурызнама онкүндігі қайырымдылық пен мәдени шаралардан бастап, ұлттық салт-дәстүр мен экологиялық акцияларға дейін қоғамның барлық саласын қамтуға бағытталған.
«Наурызнама» онкүндігі:
14 наурыз – Көрісу күні – Амал мерекесі.
15 наурыз – «Қайырымдылық күні».
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні».
17 наурыз – «Шаңырақ күні».
18 наурыз – Ұлттық киім күні.
19 наурыз – Жаңару күні.
20 наурыз – Ұлттық спорт күні.
21 наурыз– Ынтымақ күні.
22 наурыз – Жыл басы.
23 наурыз – Тазару күні.
«Наурызнама» онкүндігі облысымызда да кеңінен тойланып, өңір халқы үшін ерекше іс-шаралар жоспарлануда. Бұл туралы облыстың өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен брифингте БҚО қоғамдық даму басқармасының басшысы Гүлжанар Шүкеева баяндап берді.
Батыс Қазақстанда Наурызды ауқымды тойлау 14-наурыз - Көрісу күнінен бастау алады. Бұл күні ҚР Тұңғыш Президент алаңына киіз үйлер тігіледі, жергілікті шаруа қожалықтары ұлттық дәмнен жәрмеңке ұйымдастырады. Осы жерде, киіз үй құрылған аумақта қала халқы мен қонақтарға арналған шағын концерттік бағдарламалар қойылады. «Атамекен» өнер ордасының мейрамхана залында өңіріміздегі ұлттық тағамдар дайындайтын кәсіпкерлердің өнімдерін ұсынатын жәрмеңке ұйымдастырылады, ал фойеде салт-дәстүр, мәдениет пен өнер бағытын қамтитын көрме жасақталады.
«Көрісу күні» мерекесіне орай қаланың аула клубтары, комьюнити орталықтары мен кітапханаларында түрлі іс-шаралар өтеді. Бұдан бөлек әуежай, теміржол вокзалы, халыққа қызмет көрсету орталығы, қоғамдық көлік және сауда үйлерінде көшпелі концерттер ұйымдастырылады.
Осы күннің басты шарасы республикалық VII «Жайық сазы» дәстүрлі өнер фестивалі болмақ. Фестивальге ҚР халық әртісі Рамазан Стамғазиев, ҚР еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева, «Құрмет» орденінің иегері Сарсенғали Жүзбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Ербол Айтбаев пен Еркін Шүкіманов, ҚР мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімов және өзге де өнер тарландары келіп қатысады деп күтілуде.
«Наурызнама» онкүндігі аясында қалада өтетін мерекелік шаралар туралы Орал қаласы әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев брифингте кеңінен айтып берді.
15 наурыз - «Қайырымдылық күні» қаламызда орналасқан қарттар үйі, дағдарыс орталықтарының қызмет алушыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жетім балаларға және көп балалы отбасыларға арнайы қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады.
16 наурыз – «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні» қалалық көрме залында ұлттық қолөнер арқылы құндылықтарымызды қалыптастыру, жастардың салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ұршық-пати» іс-шарасы және киіз басудан шеберлік сағаты өтеді.
17 наурыз – «Шаңырақ күні» оқушылар арасында «Баталы елге бақ қонар» атты әлеуметтік желілердегі бата беру сайысы, неке қию салтанатты рәсімінде жас жұбайларға «Наурыз бата» беру, жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз - базарлық» естелік сыйлықтарын табыстау шаралары жоспарланған.
18 наурыз – Ұлттық киім күні мерекесінде Орал қаласындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері және белсенді жастар әлеуметтік желіде ұлттық киім кию челленджін бастайды.
19 наурыз – Жаңару күні деп жарияланған. Бұл күні қала аумағында «Жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» атты көктемгі ағаш отырғызу акциясы оздырылады.
20 наурыз – Ұлттық спорт күніне байланысты «Нұр-Ер» ат спорты орталығында ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда садақ ату және аударыспақтан қала тұрғындары арасында жарыс өтеді.
21 наурыз – Ынтымақ күні қаладағы комьюнити орталықтар, аула клубтарында көпшілік мәдени іс-шаралар өткізіледі.
22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мейрамына орай басты мерекелік концерт Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылады.
Дәл осы күні қаладағы негізгі шағын аудандар, кенттер мен селолық округтерде мейрамға орай концерттер, спорттық жарыстар өтеді. Барша қала тұрғындарын мерекелік шаралармен мейлінше қамту мақсатында мұндай шаралар 17 жерде ұйымдастырылады.
«Наурызнама» онкүндігі 23 наурыз - Тазару күнімен қорытындыланып, жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсатпен қарсы алудың символы ретінде жалпықалалық тазалық шаралары өтеді.
Еліміздің барлық өңірінде өтетін халықтық мерекелер мен мәдени-спорттық іс-шараларға ерекше назар аударылады, сонымен қатар осы мереке аясында этноауылдар құрылып, жәрмеңкелер, концерттер, спорттық жарыстар және т.б. ұйымдастырылады.
Бірақ Наурыз мейрамын тойлау онкүндікпен ғана шектелмейді. Республика бойынша әртүрлі форматтағы 10 мыңнан астам іс-шара, соның ішінде көрмелер, фестивальдар, әдеби-музыкалық кештер мен фильмдер көрсетілімдері жоспарланған.
Осы жылдың басты мерекесі 21 наурызда Астанадағы ЭКСПО аумағында өтетін «Ұлы істің – Ұлы таңы» іс-шарасы болмақ. Бұл мереке ұлттық мұраның сан алуандығы мен халық бірлігін ұштастыра отырып, қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрі мен мәдениетінің көрінісі.
Альфия Шамаева,
zhaikpress.kz