12.03.2024, 18:52
Оқылды: 28

22 наурыз күні қалада 17 жерде концерт өтеді

Бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев осылай деді.

брифинг

- 22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мейрамына орай басты мерекелік концерт Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылады. Бұдан бөлек, дәл осы күні қаладағы негізгі шағын аудандар, кенттер мен селолық округтерде мейрамға орай концерттер, спорттық жарыстар өтеді. Барша қала тұрғындарын мейлінше қамту мақсатында мұндай мерекелік іс-шаралар 17 жерде ұйымдастырылады. Сондай-ақ Наурыз мейрамына орай сауда үйлерінде ансамбльдер мен оркестрлердің көшпелі концерті өтеді, - деп атап өтті қала әкімінің орынбасары.

наурыз

Мұнан соң өңірлік комуникациялар алаңында өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Арсен Ғұбашев Наурызнаманың әр күні өтетін шараларға жеке-жеке тоқталып өтті.

Оның айтуынша, 15 наурыз –Қайырымдылық күніне орай қаламызда орналасқан қарттар үйі, дағдарыс орталықтарының қызмет алушыларына, мүмкіндігі шектеулі жандарға және жетім балаларға арнайы қайырымдылық іс-шаралары ұйымдастырылады.

Ал Наурызнаманың үшінші күні, яғни 16 наурыз - Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне орай қалалық көрме залында ұлттық қолөнер арқылы құндылықтарымызды қалыптастыру, жастардың қызығушылығын арттыру мақсатында «Ұршық-пати» іс-шарасы және киіз басудан шеберлік сағаты өтеді.

17 наурыз Шаңырақ күніне орай әлеуметтік желіде «Баталы елге бақ қонар» атты оқушылар арасында бата беру сайысы, неке қию салтанатты рәсімінде жас жұбайларға «Наурыз бата» беру, жаңа туған нәрестелердің ата-аналарына «Наурыз - базарлық» естелік сыйлықтар табыс ету шаралары жоспарланған.

18 наурыз – Ұлттық киім күні мерекесінде Орал қаласындағы мемлекеттік мекеме қызметкерлері және белсенді жастар әлеуметтік желіде ұлттық киім кию челленджін бастайды.

Ал 19 наурыз - Жаңару күні деп жарияланған болатын. Бұл күні қала аумағында «Жаңа көшеттер – жаңа идеялар – мемлекет дамуындағы жаңа кезең» атты көктемгі ағаш отырғызу акциясы оздырылады.

20 наурызда Ұлттық спорт күніне байланысты «Нұр-Ер» ат спорты орталығында ұлттық спорт түрлері – садақ ату және аударыспақтан қала тұрғындары арасында жарыс өтеді.

21 наурыз Ынтымақ күні қаладағы комьюнити орталықтар, аула клубтарында көпшілік мәдени іс-шаралар өткізу жоспарланған.

22 наурыз – Ұлыстың ұлы күні мейрамына орай басты мерекелік концерт Тұңғыш Президент алаңында ұйымдастырылады.

Наурызнаманы Тазару күні қорытындылап, жаңа жылды тұтас ел болып жаңа мақсатпен қарсы алудың символы ретінде жалпықалалық тазалық шаралары өтеді.

#nauryznamabqo

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале