Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінде ауыл мектептерін қолдау мақсатында «Ауылдық жерлердегі тірек мектептердің әлеуетін көтеру» жобасы қолға алынған.
Жоба аясында Орал қаласы NIS мұғалімдері әдістемелік көмек көрсету үшін Бөрлі ауданы Ақсай қаласындағы №5 жалпы білім беретін мектеп ұжымына барды.
Бөрлі ауданының білім ордасы орыс тілі, география пәндерінен ашық сабақ өткізіп, психология бағыты бойынша «Берік отбасы» бағдарламасы аясындағы бала мен ата-ана ынтымақтастығы туралы іс-шараны назарға ұсынды. Сонымен қоса тірек мектеп педагогтері мектеп кітапханасына қатысты және робототехника үйірмесінің шеңберінде туындаған сұрақтарына жауап алды.
Назарбаев Зияткерлік мектебінің командасы Ақсай мектебі оқушыларының ғылыми жобалар жәрмеңкесін тамашалап, оқушылар мен мұғалімдерге зерттеу дағдыларын дамытудың тиімді тәсілдерін бөлісті. Lesson study бойынша зерттеу жұмысына талдау жасап, білім ордасының әлеуетін дамыту жайында пікірлерін білдірді. Қос мектеп мұғалімдері кәсіби ашық диалогке түсіп, тәжірибе алмасты.
– Біз Назарбаев Зияткерлік мектептері желісінің білім беру жүйесіндегі үздік тәжірибемен бөлісе алдық. Ақсай қаласындағы №5 мектеп ұжымы өте ұйымшыл және өзгерістерге дайын екені семинардың бастапқы кезеңінен-ақ байқалды. Ақсайлық әріптестеріміз тығыз қарым-қатынас арқылы оқыту мен бағалауға қатысты мәселелердің шешімін таба алды. Осылайша ауыл мектептерін дамытуға біртіндеп үлес қоса бермекпіз, – дейді Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Сәкен Мыңбаев.
Орал қаласы Назарбаев Зияткерлік
мектебінің баспасөз қызметі