Дәл қазір «Атамекен» өнер ордасында 7 мамыр – Отан қорғаушылар күніне орай «Ер – ел қорғаны» атты мерекелік шара өтуде.
Салтанатты шарада өңір басшысы Нариман Төреғалиев өңір жұртшылығын 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мерекесімен құттықтады.
– Қадірлі жерлестер, құрметті қонақтар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын. Тәуелсіз Қазақстанның шекарасын берік ұстап, әр шаңырақтың тыныштығын көздің қарашығындай қорғап жүрген қуатты әскеріміздің әлеуетін насихаттаудың маңызы зор. Қарулы күштеріміз біздің ынтымағымыз бен бейбіт өміріміздің кепілі. Айрандай ұйып отырған халқымыздың бірлігі мен атадан мұра боп қалған байтақ жерімізді қорғауда Отан қорғаушылардың – еңбегі ерен. Сүйемдей жер үшін сүйегін қалдырған батыр бабаларымыз дархан даламызды ұрпаққа аманат етті. Оны қастерлеп, қорғау біздің басты – парызымыз. Біздің мақсатымыз – айқын. Тек бейбітшілік пен тыныштықтың арқасында еліміз ілгері дамиды. Осы құндылықтарымызды қарулы күштеріміз қырағылықпен қорғауы тиіс.
Уақыт көшеді, ұрпақтар өседі. Қайсар қолбасшы Бауыржан Момышұлы айтқандай «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгіріп қызмет ететін» нағыз патриоттардың қатарынан болып, ел ертеңіне аянбай қызмет ету біздің – парызымыз. Осы сәтті пайдалана отырып, әскери қызметкерлерге қажымас қайрат, зор денсаулық, қызметте табыс, әр отбасыға амандық тілеймін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, халқымыз ғұмырлы болсын, - деді өңір басшысы құттықтауында.
Салтанатты рәсім барысында өңір басшысы еліміздің дамуына өз еңбегімен айрықша үлес қосып жүрген қызметкерлерді марапаттады.
Шара өңір өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасуда.
zhaikpress.kz