Бүгін облыстық соттың мәжіліс залында Конституция күніне арналған дөңгелек үстел өтті. Оның жұмысына облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов қатысты.
- Баянды істеріміздің бастауы болған бас құжатымызды ардақтауымыз керек. Ынтымағы жарасқан қазақ елінің, Қазақстан халқының қарымды істері бүгінде әлем жұртшылығы үшін үлгі-өнегеге айналды. Мұның өзі Ата Заңымызда бүкіл адамзаттық құндылықтар мен өркениеттік игіліктердің барлығы қамтылғанын айғақтайды, - деді жиынды ашқан облыстық соттың төрағасы Бек Әметов.
Облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов өз сөзінде Конституцияның Қазақстан мемлекетінің ішкі саяси тұрақтылығын, барлық мемлекеттік органдардың елдің дамуы жолындағы бірлесе қызмет жасауының бірден-бір негізі болып табылатынын жеткізді.
- Президенттік басқару формасы бүгінде өзінің қажеттілігін, маңыздылығын әбден дәлелдеді. Осы институттың арқасында кез келген реформаларды, дамуды әбжіл қимылдап, дүние жүзінде болып жатқан түрлі шақыруларға (вызов) төтеп беріп, бүгінгі дәржеге жетіп отырмыз, - деп сөзін қорытқан облыс әкімінің орынбасары жиналған қауымды мерекемен құттықтады.
Дөңгелек үстел басындағы келелі әңгімеге «Қазақстанның азаматтық альянсы» заңды тұлғалар бірлестігінің вице-президенті, саясаткер Досмұхамбет Көшім, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дың оқытушысы, тарихшы Жаңабек Жақсығалиев, «БҚО «Грамада» белорус ұлттық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Марина Разенова, Орал «Білім-инновация» лицей-интернатының ұстазы Белен Шахин, студент Ақерке Шайқы қатысып, ой бөлісті.
Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА
zhaikpress.kz