11.01.2021, 21:47
Оқылды: 39

Он күнде 401 адам КВИ жұқтырған

         Сайлау қарсаңында облыс бойынша 4848 комиссия мүшесі мен байқаушыдан алынған ПЦР талдаманың 38-і оң нәтиже көрсеткен. Бұл туралы бүгін облыс әкімі Ғали Есқалиевтің төрағалық етуімен коронавирус індетінің алдын алуға байланысты өткен жедел штаб отырысында айтылды.  

 IMG-20210111-WA0036

Жиында облыстағы эпидемиологиялық ахуал мен атқарылатын санитарлық шаралар туралы айтылды.

Өңірде коронавирус инфекциясын жұқтырғандар қатары күн санап артып келеді. Облыстың бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаевтың мәліметіне сүйенер болсақ, өңірде тәулігіне КВИ бойынша 45-50 науқас тіркеліп отыр.

- Эпидемиологиялық ахуал күн санап күрделеніп барады. Жаңа жыл басталғалы 1-10 қаңтар аралығында 401 науқас тіркелді. Өткен тәулікте 46 адамның ПТР талдамасы оң нәтиже көрсетті. Оның 31-і симптомды, 15-і симптомсыз. Бүгінде облыста ПТР талдамасын өткізетін 12 зертхана бар.

1 қаңтардан күні бүгінге дейін тұрғындарға 17653 ПТР талдама жүргізілді. Зертханалар тәулігіне 3400 талдама жүргізеді. Жалпы олардың қуаты тәулігіне 6000 талдама алуға қауқарлы. Коронавирус індетіне шалдығудың күрт көбеюінің себебін тұрғындардың жиын-тойларға, басқосуларға жиі баруынан деп айтар едім. Өйткені, 25 желтоқсаннан бастап адамдар санитарлық талаптарды сақтамай, отбасылық басқосуларды жиі өткізген.

1 қаңтардан бастап санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуын қадағалау мақсатында арнайы мониторингтік топ 112 рейдтік тексеріс жүргізіп, 1458 нысанды қадағалаған. Нәтижесінде 11 хаттама толтырылып,  656325 теңге айыппұл салынған. Айта кетсек, «Айбат» рестораны, «Юбилейный» банкет залы, «Алғабас» караоке-бары, «Бәйтерек» кафе-рестораны көпшілікке арналған іс-шараларды өткізгені туралы материалдар сотқа жолданды, - деді Мұхамғали Арыспаев.

IMG-20210111-WA0032

Ақпан айының аяғына таман ел тұрғындарына COVID-19 індетіне қарсы вакцина салына бастамақ. Вакцина алдымен медицина қызметкерлеріне (7768), содан соң ұстаздарға (23412), жүрек-қан тамыр, тыныс алу жолдары аурулары бойынша диспансерлік есепте тұрған (100926) науқастарға, балабақша қызметкерлеріне, студенттерге (36905) егілетін болады.

- Бүгінде облыстағы медициналық ұйымдар тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуде, кейбірі КВИ-ге қарсы вакцина қабылдауға дайын. Облыстық қан орталығында аумағы 1,2 текше метр болатын тоңазытқыш бар. Сондай-ақ аудандық деңгейдегі ауруханаларда 2,2 текше метрлік тоңазытқыштармен  қамтамасыз етілген. Яғни 80 мың доза вакцинаның алғашқы партиясын қабылдап, сақтауға мүмкіндік бар. Сонымен қоса тағы да тоңазытқыштар мен 30 дана термоконтейнер, қалалық емханаларға 3 393 000 теңгеге медициналық тоңазытқыш сатып алу жоспарланды. 7768  медицина қызметкері екпемен егілмек. Вакцинаны арнайы дайындықтан өткен мейірбикелер егетін болады. Екпе бөлмелері барлық медициналық құрал-жабдықтармен, адам есін жоғалтқан жағдайда ем-шара қабылдауға арналған қабырғалармен қамтамасыз етіледі. Дезинфекциялық стерилдеу талаптары қатаң қадағаланатын болады. Қазір коронавирус індетіне шалдығып, стационарлық ем қабылдап жатырған науқастар саны артты. Олардың 75 пайызының жүрек-қан тамырлары, қант диабеті, онкологиялық аурулар секілді қосымша сырқаттары бар. Сондықтан тұрғындар жедел респираторлық вирустың инфекциясы секілді белгілер пайда болса, уақыт өткізбей, медициналық көмекке жүгінуі қажет. Өйткені сырқаттары бойынша диспансерлік есепте тұрған жандар КВИ-ге шалдықса, індеттің ауыр түріне өтіп кетуі мүмкін. Ал індетке шалдыққаннан кейін  реабилитациялық ем-дом қабылдағаны жөн. Облыс бойынша былтыр КВИ індетіне 9407 адам шалдықса, оның 4780-і симптомды, 4627-сі ауру белгілерінсіз. 1347 науқас медициналық реабилитациялық курстан өтті, - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының уақытша міндетін атқарушы Т.Қалибеков.

IMG-20210111-WA0033

Сондай-ақ жиында Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков COVID-19 індетінің алдын алуда арнайы мониторингтік топтың атқарған жұмыстарына тоқталды. Оның айтуынша, қатаңдатылған карантин талаптарына сай 25 желтоқсан мен 5 қаңтар аралығында шаһарда мейрамханалар мен көңіл көтеретін орындар тексеріліп, түсінік жұмыстары жүргізілген. Қаладағы 8 мейрамхана мен дәмханаға қатысты қалалық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасынан материалдар жинақталып, аталмыш нысандардың қызметін тоқтату туралы іс сот құрылымдарына  жолданған. Қоғамдық көліктің жүргізушілері мен кондукторларына да жолаушылардың тұмша тағуын жіті қадағалау қажеттігі ескертілген. Болашақта санитарлық талаптардың сақталуын арнайы мониторингтік топ қадағалап, жұмысын жандандыра түспек.

IMG-20210111-WA0034

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Ғали Нәжімеденұлы індеттің алдын алу, таралуын болдырмау мақсатындағы жұмыстарды ширату қажеттігін тиісті сала мамандарына ескертіп, бірқатар тапсырмалар берді.

IMG-20210111-WA0035

- Облыста тәулігіне 45-50 тұрғыннан коронавирус індеті анықталып отыр. Бұл дерек КВИ-ге шалдыққандардың арамызда аз емес екенін көрсетіп отыр. Бұған дейін тұрғындардан тәулігіне 2000 ПТР тест тапсырған болса, қазір 3500 талдама жасалады. Сайлаудың алдында комиссия мүшелері мен байқаушылар ПТР тест тапсырған болатын. Солардың 38-інде КВИ оң нәтиже көрсеткен. Олар індеттің симптомсыз түріне шалдықса да, өзгелерге жұқтыру мүмкін еді. Індеттің таралуына әсер ететін тағы бір фактор – республикалық, халықаралық маңызы бар күре жолдар арқылы өтетін жолаушылардың облыс аумағына індетті жұқтырып келуі. Осындай жағдайларды болдырмау мақсатында жолаушылар мен көлік жүргізушілерді  жіті тексеру керек. Індеттің алдын алуда екі жол бар. Оның біріншісі – тұрғындардың санитарлық талапты орындауын қадағалау. Көпшілік орындарға бармауын тексеріп, тұмша тағып жүру қажеттілігін жиі ескерту. Тұрғындар өзінің, отбасы мүшелерінің денсаулығына өзі жауапты екенін ұғынуы керек. Екінші амалы – вакцина. Әрине, алғашқы лекпен келетін вакцина тұрғындардың бәріне жетпейді. Біртіндеп қамтамасыз ететін боламыз. Сондай-ақ КВИ індеті оң нәтиже берген науқастардың үйден шықпауын, көшеде, көпшілік орындарда жүрмеуін қадағалау керек. Егер көпшілік орындарда жүрсе, айыппұл төлетіп, жұмыстан шығаратындай шаралар қабылдауымыз керек, - деді облыс әкімі.

Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале