Бүгін облыс әкімі Нариман Төреғалиев қаладағы жол жөндеу жұмыстарымен және тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты. Қазіргі таңда Мұхит көшесіндегі автокөлік жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жұмыстарды «Адал арна» ЖШС атқаруда. Абай даңғылынан Яикская көшесіне дейінгі Мұхит көшесінің 2,12 км жол учаскесін орташа жөндеу жұмыстарына 218,5 млн.теңге қаржы бөлінген. Жоба шілде айында аяқталуы тиіс.
Осы көшелер арасында мердігер жасап жатқан жұмыстармен танысқан өңір басшысы құрылыс компаниясының және қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі саласының өкілдеріне жол жанындағы арықтар, жаяу жүргіншілер жолы мен еріген сулардың өту арналарына баса назар аударуды тапсырды. Сонымен қатар, Мұхит көшесінде орналасқан құдықтардың жағдайын көріп, салаға жауапты мамандар мен компания өкілдеріне аталған құдықтардың коммуналдық мекеме теңгерімінде не жеке иелікте екенін анықтап, құдық қақпақтарын орнату талаптарына сәйкес қайта орнатып, жабдықтауды тапсырды.
Орал қаласы бойынша 54 апатты үй және 310 ескі үй бар. Апатты және тозығы жеткен үйлерді бұзу саласында мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидатын іске асыру басталғаннан бері облыста 25 апатты үй бұзылып, олардың орнына 13 үй салынып, пайдалануға берілген. Қазіргі таңда Реновация бағдарламасымен 9 үйдің құрылысы жүргізілуде.
Облыс әкімі осы 9 үйдің ішіндегі Ә.Кекілбаев көшесі №56,58 үй және Есқалиев көшесі, 178 және Абай даңғылы 44 мекенжайындағы құрылысты қарап шықты. Ә.Кекілбаев көшесіндегі 108 пәтерден тұратын үй құрылысын «СтройГрад» ЖК мекемесі жүргізіп жатыр, оның ішінде 12 пәтер апатты тұрғын үй иелеріне берілмек. Екінші нысандағы 60 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысын «Naz InWest» ЖШС жүргізуде. Оның 20 пәтері апатты тұрғын үй иелеріне тиесілі.
Осыдан кейін Нариман Төреғалиев Деркөл ауылындағы ТЖЖ (2-кезек) ішкі орам жолдарын және еріген суларды әкету құрылысының барысын көрді.
Альфия Шамаева,
Суреттерді түсірген: Гүлмира Сәрсенғали,
zhaikpress.kz